Бүгінгі күні 300-ге жуық азамат ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне аттандырылған.
Жергілікті әскери басқару органдарының, денсаулық сақтау және құрылымдық күштердің өкілдерінен құралған шақыру және медициналық комиссиясы әскерге қабылданушыларды түбегейлі тексеруден өткізуде. Комиссия мүшелері әр үміткерді дара қарастырып, алған білімін, мамандығын, отбасы жағдайын, қызығушылықтарын, спорттағы жетістіктерін назарға ала отырып, денсаулық жағдайына қарай мерзімді әскер қатарына қабылдау туралы шешім шығарады.
Жетісу жерінің азаматтары ҚР Қарулы Күштерде, ҰҚҚ Шекара қызметінде, Президенттің Мемлекеттік күзет қызметі, сондай-ақ ҚР ІІМ Ұлттық Ұланның қатарында әскери борыштарын өтеп келеді. Әскери бөлім мен мекеме басшылары әрқашан Алматы облысынан қабылданған азаматтардың ерік-жігері мен Отанға деген патриоттық сезімдерінің жоғары екенін ерекше атап отырады, - деді Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник Талғат Дәулетханов.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны үстіміздегі жылғы 10 наурызда басталып 30 маусымда аяқталады. Әдеттегідей әскерді жасақтау аумақтық принципке негізделеді, яғни әскер қатарына қабылданушы өзге облысқа аттандырылады. Азаматарды қабылдауда және іріктеуде олардың осыған дейін алған білімдері ескеріледі.
Мәлімет үшін: Әскерге шақыру «Әскери қызметте болудың белгілі мерзімін өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығару және ҚР азаматтарын 2018 жылғы наурыз – маусым мен қыркүйек – желтоқсан айларында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» ҚР Президентінің 2018 жылғы 28 ақпандағы №644 Жарлығына сәйкес жүргізіледі.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, мерзімін кейінге қалдыруға және әскерден босатылуға құқы жоқ азаматтар қабылданады.