Ер Едіге кім? Ол маңғытай ма? Тағы да басқа қызықты түйіндер
03.04.2018, 21:07

Ер Едіге кім? Ол маңғытай ма? Тағы да басқа қызықты түйіндер

Ер Едіге маңғытай ма? Маңғытайлар Мәскеуді өртеген бе? Орыс княздары Юсуповтар мен Урусовтардың бізге қандай қатысы бар?

Ұлытауға назар салған кісіге оның көлденең біткен бір сілем шоқысы әрдайым ерекше көрінеді. Биіктігімен не пішінімен ғана емес. Сол шоқының басына бір ерекше рух қонақтағандай...Бұл Едіге тауы. Таудың басында тастан қалап үйілген, биіктігі құрық бойындай, бір жақ беті тік, үшбұрышты пирамида іспетті қорым бар. Бұл – Едіге батырдың моласы. Халық бұл жерді қасиетті есептеп, басына ақтық байлайды, батырды әулие тұтып, ол туралы түрлі аңыздар айтады. Алайда Едігені неліктен халықтың тарихи санасында қалдырған ізі соншалықты зор екендігін түсіну үшін біз ең алдымен осы аңыз жырларға арқау болған нақты тарихқа ден қойғанымыз жөн.

Тарихи Едігенің аты көпке мәлім. Алтын Орданың тарихына қатысы бар түріктердің бәрі, атап айтқанда - қазақ, ноғай, қырымды, қарақалпақ, түрікпен, башқұрт, сібір татарлары, көшпенді өзбектер, таулы алтайлықтар – тегіс Едігені өзінің батыр бабасы есептейді. Ордададғы билікті он бес жыл бойы өз қолына берік ұстап тұрған, сөйтіп ыдырап бара жатқан Алтын Орданы қалпына келтірген Едіге, литва-польша әскері мен Тевтон ордені рыцарларының біріккен жасағын талқандаған (1399ж) Едіге, орыстарды жеңген (1408ж) Едіге – Алтын Ордамен саяси байланысы бар мемлекеттерге жазылған шежіре-жылнамалардың бәрінен де құрметпен аталады.

Тарихи Едіге шыңғыс ұрпағы болмаған. Кейін ордадағы билікті берік ұстап тұрып хан сайланбауы, өз қолынан хан қойып, соның атынан билік етуі осыған байланысты. Руы парсы деректері бойынша маңғыт, араб жылнамашысы Ибн-Арабшах бойынша – қоңырат. Қ.Сатпаевта едігенің руы қоңырат дейді. Бартольд. Жирмунскийлер парсы деректерін дұрыс деп табады. Бұндағы дәлелі – Едіге ұрпақтарының кейбір, кейінгі деректерінде маңғыт аталуы. Ал біз, қоңырат ішінде маңғытай деген ата бар екенің ескере отырып, бұл деректердің арасындағы қайщылықтарды Едігені руы маңғытай-қоңырат деп атау арқылы шешуімізге болады. Батырдың туған жылы дәл белгісіз, шамамен XIV ғасырдың қырқыншы жылдары. Едігені түр-тұлғасы сол кезде жазылған тарихи деректердің бірінде таңбаланған. «Ол қара торы, орта бойлы, дембелше, кең иықты, ер кейіпті, түрі айбырлы кісі еді.»

Едігенің әкесі кім болды деген мәселеге келетін болсақ, аңыз-ертегісі бар, жыр дастаны бар, тарихи деректеріміз бар әрқайсысы әртүрлі етіп әңгімелейді. Солардың бірі бойынша, Едігенің әкесі – Балташық. Балташық Темір - Мәлік ханның ең беделді билерінің бірі болған.

Халқымыздың мың жарым жылдық тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі ретінде Ворскла өзеніңде болған, Едіге есімімен тікелей байланысты ірі шайқасты айтуымызға болады. Шайқастың тарихи мәні өте зор болды. Біріншіден, бұл соғыс бүкіл түрік халықтарының келешегін шешті.. Жеңіліске тап болған жағдайда түрік халықтарының жарқын болашағына жол қиылар еді. Екіншіден, бұл соғыс Еуропадағы тепе-теңдікті сақтап қалды.

Ірі мемлекет қайраткері ретінде сыртқы саясатта ғана емес, ерекше көрегенділігінің арқасында ішік саяастта да үлкен жетістіктерге жетеді.

Едіге ісі ұрпақтарымен жалғасады. Батырдың ұрпақтары бірнеше халықтың тарихында елеулі қызмет атқарған. Түрік руларының біразының басын қайта қосқан. Ноғай Ордасының ұйтқысы Едіге ұрпақтары болған. Едіге ұрпақтары бірнеше хандық пен ұлыстарда билік еткен. Едіге балаларының аты беделді әмәршілерге берілетін атаққа айналған. Ноғай Ордасында Едігенің үлкен ұлы Нүреддиннің атымен бас мырза аталатын да, билігі жағынан ханнан кейінгі тұратын мырза – Едігенің екінші ұлы Кейқуат атымен аталатын. Кейін мұндай тәртіпті Қырым хандары мен түрік сұлтандары да өздеріне еңгізді. Едіге ұрпақтарының атын көрші мемлекеттердің де тарихынан кездестіреміз. Орыс тарихында кездесетін, араларынан талай атақты қайраткерлер шыққан князь Юсуповтар Едігенің төртінші буынындағы ұрпағы Жүсіптің әулеті, князь Урусовтар бесінші буындағы ұрпағы Орыс мырзанның әулеті. Жыр – дастандардан естіп жүрген Мұса, Мамай. Орақ, Қарасай, Қази, Телағыс – бәрі Едігенің ұрпақтары.

Тарихи Едіге – көзі тірісінде ақ аңызға айналған адам. Бүгінгі ұрпаққа жеткен жыр-дастандар және түрлі аңыздар мен әңгімелер кемеңген көсемнің өзі өмір сұрген кезде ақ қалыптаса бастаған. Едіге туралы ертегі әңгімелер, қисса жырлар түрік халықтарының арасында кең тарап кеткен. Ғылымға қағаз бетіне түскен отыздан астам нұсқасы белгілі. Қазақ арасындағыларды мысал етіп шыңғыс сұлтаны Уалиханов қазақтың белгілі жыргы ақындарынан жаздыртып алып,жырды, Әубәкір Дибаев бастырған («Этнографичесие материалы» вып V 1896ж. Кейін, 1925 жылы жеке кітап болып шыққан ) «Мырза Едіге » жырын, Г.Н. Потанин бастырған («Живая старина» вып. ІІІ, І V 1897ж.) аңыз әңгімелерді, Мұрын жырау жырлаған. «Қырымның қырық батырындағы» Едіге жырын келтіруге болады. Осы асыл мұраның баға жетпес үлгісі ретінде ұлы Шоқанның есімімен байланысты «Едіге» жырын ерекше атап өту керек. Қазақтың бұл жыры түрік халықтары арасындағы Едіне туралы бар жырлардың ішінен көркемдік жағынан болсын, көлем жағынан болсын, көнелігі жағынан болсын ең құндысы деп танылған. Ғылымда бұл жыр Шоқанның классикалық нұсқасы аталған («классический текст Валиханова») Бұл жырды Шоқан алғаш 1841 жылы естіген екен. Халықтын жыр аңыздарын жаздыртып жүретін Шоқанның әкесі Шыңғыс сұлтанда бұл жырдың үш көшірмесі болған. Бұлар Шоқанның сүзгісінен өтіп, Шоқан есімімен байланысты жыр ретінде ғылымда танылады. Алғаш рет Шоқан қайтыс болған соң 1905 жылы Санкт-Петербургта П.М. Мелиоранскийдің бастыруымен жеке кітап болып шығады.

Сонымен «Едігені» тұңғыш рет тарихи-филологиялық тұрғыдан қарастырып зерттеген, аударып әлемдік ғылым алдына шығарған Шоқан болды. Шоқаннан кейінгі уақытта жырды П.М.Мелиоранский, В.М Жирмунский зерттесе, М.Әуезов, Қ. Сәтпаев, С. Сейфуллин, А. Орлов, А.Самойлович әр кезде де әр түрлі пікірлерін айтқан.

Едігенің балалық шағы қарапайым халық арасында, қой бағумен өтеді. Тек өзінің даралы мен даналығының арқасында ған ол көптен бөлініп шығып, би дәрежесіне дейін көтеріледі. Мұндай сарын ежелден ақ болған.

Осы көрініс болашақ ел билеуші батырдың асыл тұқымынан немесе тіпті әулиенің өзінен жаратылса да , қарапайым халық арасында жүріп тәрбие алғандығын және тек өз білектілігі мен біліктілігінің арқасында абыройы асатының көрсетеді. Бұл ойды талай зерттеушілер айтып, дүниежүзі фольклорынан талай мысал келтірген болатын. Осы мысалдарда батыр халық арасында жалған есіммен жүреді де, ел қорғаны, ел билеушісі дәрежесіне көтерілгенде өз атына ие болады. Едігенің қой бағып жүргендегі аты – Құбағұл. Едіге атына табу салынғаннан кейін жазылған кей зерттеуде жырды атау үшін Едігенің осы бүркеншік аты қолданылған болатын. Жырда Едігенің болашақ би ретінде даналығы мен даралығы түрлі дау-дамайларға әділ төре беруі арқылы танылады.

«Едіге» жырының халық арасына кең тарауының бір сыры - оның айрықша көркемдігінде. Жырды қазақ поэзиясының таңдаулы үлгісі, қазақ тілінің байлығының, бейнелі,сырлы, мағыналы қасиетінің көрінісі деп бағалауға тиіспіз. Жырдың өлең өлшемі жыраулық поэзияның өлең өлшеміне сәйкес. Тек құрылысы ғана емес, кей жерлері тіпті дәлме-дәл келеді. «Едіге» эпосының қалыптасу кезеңінде өмір кешкен кейбір жыраулар мұрасымен салыстырып көрейік.

Жырда :

Өзен де өзен, өзен су,

Өзектеп ордам қонған жұрт,

Өзектеп соққан соқ темір

Есігіме шыңжыр болған жұрт...

Атам күйеу болған жұрт,

Еңкейіп тәжім еткен жұрт,

Анам келін болған жұрт,

Иіліп сәлем еткен жұрт.

Қазтуғанда:

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ағала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бү Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт.

Жырда:

Жабағылы нар тайлақ,

Жардай атаң болған жұрт.

Адасып қалған бір тоқты,

Жайылып мың қой болған жұрт.

Қазтуғанда:

Жабағылы жас тайлақ,

Жардай атаң болған жер.

Жатып қалған бір тоқты,

Жайылып мың қой болған жер.

Жырда:

Жігіттер, шоралар!

Орманбет би өлгенде,

Он сан ноғай өлгенде...

Бура мұздан тайғанда

Буыршын бас көтеріп тұрғанда,

Ханнан қайрат кеткенде,

Биге медет енгенде.

Шалкиіз:

Балпаң-балпаң басқан күн

Бай ұлынан асқан күн...

Орманбет би өлген күн,

Он сан ноғай бүлген күн,

Жез қарғылы құба арлан

Жетіп түлкі ала алмай,

Жалған аңын ала аламай,

Қорашыл төбет болған күн.

«Едіге» жырының ауыз әдебиетінде алатын орны ерекше. Сөз жоқ «Едіге

халық епостың ең таңдаулыларының бірі. Жырдағы белгілі оқиғалар елесі ьарқылы халықтың өзі өткен дәуірге көзқарасын аңғарамыз. Басқа сөзбен айтқанда, «Едіге»жыры тарихтың көрінісі емес, халықтың тарихқа берген бағасы, сол ұлы тарихты жасаған ұлдарына берген бағасы.

Сөйтіп ел қамын жеген, өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыған кемеңгер бабамыздың халқыга арнаған өмірі мен ізгі істері елдің тарихи санасында үлкен із қалдырап, аңыз-әңгіме, жыр-дастан, мақал-мәтел боп бүгінгі тұрпаққа жетті.

Дереккөз: ulytaulib.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер