Павлодарда зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр
15.02.2018, 09:52

Павлодарда зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

Павлодарда зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр stan.kz

Өлгендер тізіміндегі кейуана. Павлодар облысында 69 жастағы азаматша тірілердің санатында болмағандықтан зейнетақысын ала алмай жүр. Бадиғаш Әбілдинованың айтуынша, оған бұл жайтты ауылдық поштаның қызметкерлері жеткізген. Мұның себебін анықтау үшін аудандық әкімдік пен халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымен, ештеңе өзгермепті. Әр жаққа сандалған зейнеткер бұдан соң облыс орталығына жеткен, деп хабарлады  КТК арнасына сілтеме жасай отырып stan.kz

Бадиғаш Әбілдинова осыдан он жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан. Бір апта бұрын ауылдық поштаға сол ақшасын алуға барған ол өзінің өлілердің қатарына қосылғанын естіп-білгенде талып қала жаздапты. Тірілердің санатында болмағандықтан, әжейге айлық зейнетақысы берілмеген. Мән-жайды анықтау үшін аудандық әкімдік пен халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымен, ешкімнен жарытып жауап ала алмапты.

“Мен өзімнің тірі екенімді дәлелдейін деп бүкіл Қазақстанға түсіп отырмын. Қартайғанымда осындай бейнет көремін деп кім ойлапты?” – дейді зейнеткер Бадиғаш Әбілдинова.

Инсульт алып, жуырда ғана ауруханадан шыққан зейнеткер бұл жайттан соң тағы сырқаттанып қалдым дейді. Шұғыл ауылға жеткен балаларының анасын бұл күйге түсірген атқамінерлерге өкпесі қара қазандай. Әуре-сарсаңға түскен кейуана ақыры облыс орталығына келді. Тілшілермен өңірлік халыққа қызмет көрсету орталығына барған қарияны тірілердің қатарынан тапқан  мамандар, қолма-қол мекенжай анықтамасын да шығарып берді. Бірақ, бұл жайтқа еш қатысымыз жоқ дейді. Қателіктің қайдан кеткенін зейнетақы қорының жетекшілері де түсіне алар емес.

“9 ақпан күні бұл азаматшаға ақша есептеліп, поштамен салынған. Біздегі ақпаратқа сәйкес, азаматша тірілердің тізімінде және тұрғылықты мекен-жайын ауыстырмапты. Бізден еш қателік кетпеген”, – дейді Павлодар облысы «Әлеуметтік төлемдерді есептеу ведомствоаралық орталығы» департаменті директорының орынбасары Татьяна Лукашова.

Бұдан соң пошта өкілдерімен де хабарластық. Алғашында өздеріне шаң жуытпаған олар кейін ғана жүйенің бұзылуына байланысты зейнеткердің өлілер тізіміне еніп кеткенін жеткізді. Әжейге зейнетақы бүгін төленеді деп сендірген олар бәріне сол жүйе кінәлі деп ақталуда.

69 жастағы кейуананың өзі көп балалы ана. 43 жыл өмірін ұстаздыққа арнаған екен. Бір аптаға жуық сенделген ол бүгін тағы қан қысымы көтеріліп, ауруханаға жеткізілді. Ал бар пәлені жүйеден көрген пошта басшылары болса, орын алған бұл келеңсіздік үшін телефон арқылы кешірім сұрап, жайбарақат отыр.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер