Облыс орталығында мемлекеттік педагогикалық университет бар,педагогикалық колледж де бар. Екі оқу орнының жыл сайын оқу бітіріп шығатын мамандары қайда жүр? Колледждің бар-жоғы белгісіз. БАҚ-та, жалпы әкімдіктегі жиын, отырыстарда мектепке дейінгі және бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудағы колледж жұмысы жайлы айтылмайды.
Ал, өңірде бастауыш сынып мұғалімдерінің де тапшылығы байқалуда. Елімізде қабылданған «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанын осы мысалдардан көрінеді. Жалпы өңір бойынша бастауыш сыныптарға - 63, математика пәніне- 57, орыс тілі мен әдебиеті пәніне - 50 және ағылшын тілінен 50 мұғалім қажет екен. Екібастұз қаласы мен қала аумағындағы ауылдар 129 ұстазды күтуде. Тіпті, орта білім мазмұнын жаңарту аясында «Назарбаев зияткерлік мектебі» автономды білім беру ұйымына қарасты педагогикалық шеберлік орталығында өңірдің 2 мыңдай мұғалімі курстан өтіпті. Жазғы уақытта бастауыш сынып, қазақ тілі және ағылшын тілі, физика, математика, биология, химия, информатика, география, Қазақстан тарихы және дүние жүзі тарихы пәндерінің мұғалімдері біліктілігін арттырған. Нәтиже қажет. Өңірдің білім саласына жауапты орынбасары Мейрам Бегентаевқа облыс әкімі Болат Бақауов «мектептерге мұғалімдер іздеу» атты бастаманы жедел қолға алуды тапсырды.