Үш ұйықтасам да бұл оқиға менің басымнан өтеді деп ойламаппын. Осыдан екі жарым жыл бұрын мен де жат жұрттық болып кете бардым…
Ағамның тойына барғанда мені көрген бір жігіт ұнатып қалғанын айтып хабарлама жазып, хабарласып жүрді. Ағамның досы болғандықтан онымен сөйлесуге ұялып, менсінбейтінмін. Қоңырауларын көтермей, хаттарына жауап бермейтінмін.
Арада жарты жылдай уақыт өткенде ол жігітпен тағы бір тойда кездестік. Содан кейін жақсы араласып кеттік. Күнде кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Әрине, қыз бала болған соң, ата-анам күнде қыдырғаным үшін жазалап, бір апта бойы үйден шығуыма тыйым салды. Бірақ бір күннен кейін Марат (жігіттің есімі өзгертілді) менен бір сағатқа шығуымды өтінді. Айтуынша, тосын сыйы бар екен. Ол кезде анам Семей қаласына жол жүріп кеткен болатын. Әкеме қыздармен кыдырып кайтатыным туралы өтірік айтып, сұранып шықтым. Шықсам Марат машинада бір жігітпен отыр. Басында қорықтым. “Қайда барамыз?”- деп едім, “Бір досымыздың баласының туған күні. Соны барып құттықтап қайтайық”,- деді. “Бармайық” деуге ұялып, келістім. Бір уақытта жолдан тағы бір досы машинаға отырды…
Әлі жүріп келеміз. Қаладан шығып бара жатқанымызды байқағанда, досының үйі Первомайкадағы бір ауылда екенін айтты. Бірақ одан да асып кеттік. Содан сезіктене бастадым. Жанармай құюға тоқтаған кезде көліктен түсіп, қайда апара жатқанын сұрадым. Менің қорқа бастағанымды сезді-ау деймін, қолымнан ұстады да: “Мен сені алып қашып бара жатырмын. Сені сүйемін. Бақытты етемін!”-деді. Ойда-жоқта осындай жағдайға тап болғаныма жыладым. Әкеме өтірік айтып кеткенімді, үйден шықпауға сөз бергенімді ойлап жыладым. Содан не керек көлікке қалай отырғызып алғандары есімде жоқ, (сол кезде қатты толқып кеткен болармын) түнгі он екі шамасында Семейге келдік.
Мараттың ата-анасы мені жақсы қарсы алды. Сол кісілердің өтінішімен ата-анама өз еркіммен келгенімді айттым. Анам біраз уақыт өкпелеп жүрді. Тұңғышымыз өмірге келгенде ғана толықтай кешірді. Қазір бір қыз, бір ұлым бар. Аллаға шүкір, бақыттымын! Егер сол кезде мені алып қашпағанда осындай бақытты сезінбес пе едім деп ойлаймын.
"Күйеуім мені алып қашты…" атты мақаладан
Дереккөз: baribar.kz