Ол кезде студент едім. Ауылға қысқы демалысқа келгенмін. Жаңа жылды атап өтпек болып, ауылдағы барлық жастар бір үйде бас қостық. Үйге қайтар кезде ол мені көлігімен жеткізіп тастауды ұсынды. Үй алыста болатын. Күн де суық. Келістім. Көліктің арт жағына отырдым. Жаныма оның сыныптас қызы мен досы отырды. Олармен қатты араласпайтынмын. Бір уақытта “үйге барып, бензинге ақша ала салайыншы”,-деді. Ойымда түк жоқ. Үйіне жеткенде екі сыныптасы да бірге көліктен түсіп кетті. Ішімнен “Үйлерінде той болып жатыр ма?”- деп ойладым. Ауласында музыка қосылып, абыр-сабыр адам көп жүрді. Көлікте отырғанмын. Бір уақытта жеңгелері “О, келін келді!” – деп көліктің есігін ашты. Қолдарында орамал… Түспеймін дегеніме қарамастан, күштеп тартып түсіріп алды. Жеңгелері жас еді. Сырттай танитынмын. Қарсыласып, орамалды басыма таққызбастан, алыстым. Айқайладым. Бір жеңгесін омбы қарға итеріп жібердім. Сол кезде басқа әжелер де қосылды. Мені жан-жақтан жұлқып жүріп, үйге кіргізіп алды. Бірақ алысуымды тоқтатпадым. Сол кезде көзімнен бір тамшы жас та шыққан жоқ. (Қалмайтыныма, қайткен күнде де кететініме сенімді болған шығармын). Бетбақтанып ұрсыстым. Бір әже шыдамады-ау деймін, бетімнен тартып жіберді… Көндіре алмады бәрібір. Олар да шаршады, мен де шаршадым. “Кетемін десең, кет! Бірақ мені аттап өтсең, өмір бойына жалғыз қаласың! Қарғыс атады”,-деп, бір әже босағаға барып жатып алды. Бар ойым кету болатын. Бір Аллаға сыйындым да, әжені аттап кеттім…
Үйге барғанда анамды көре салысымен, ағыл-тегіл болып жыладым. Көз жасым тоқтар емес. Анам шошып кетті. Не болғанын айттым. “Дұрыс істедің”,- деді. Ол – өте ақылды адам. “Адамның бағы бір кемпірге байланып тұрған жоқ. Сен оларға зиян жасамадың, Алла өзі жар болсын!”,-деді. Біраз уақыт әкеме қарай алмай жүрдім. Бірақ олар менің бетіме ешқашан басқан емес. Ауылдастарым? Олардың сөздері мені қызықтырмайды. Есесіне, қазір сүйген адамыммен біргемін. Ол менің бір кездері алып қашылған қыз екеніме қараған жоқ. Сенді. Сыйлайды. Сүйеді. Қызымыз бар. Кетіп қалғаным дұрыс болыпты. Айтпақшы, ол менен кейін тағы бір қызды алып қашыпты…
"Күйеуім мені алып қашты…" атты мақаладан
Дереккөз: baribar.kz