Әрбір қыз әдемі ханзадаға тұрмысқа шығумен қатар, қатал қайын енеге тап болатынын көбіне ұмытып кетеді. Олар түсінген уақытта бәрі кеш болады. Сонымен енеңізбен жақсы қарым - қатынас жасай білудің жолдарын іздестіреміз.
1. Енеңіз қандай адам сол күйінде қабылдаңыз. Өйткені ол қалыптасып болған үлкен адам, сіз оны өзгертемін деп тырыспаңыз. Енеңізбен сыйласа білмесеңіз күйеуіңізбен қарым - қатынасты бұзып алуыңыз мүмкін, өйткені күйеуіңіз үшін анасының орны ерекше.
2. Күйеуіңіз көзінше анасы туралы теріс пікір білдірмеңіз. Өзіңізді сол орынға қойып көріңіз: сізді мәпелеп өсіруге барын салған анаңыз туралы жаман сөйлеген адамды жақтыра қоюыңыз екіталай.
3. Жасы сізден әлдеқайда үлкен, өмірден түйгені көп енеңіздің өмірлік тәжірибесінен үлгі алуға тырысыңыз. Әлі түсініп білмеген кейбір нәрселерді үйреніп алсаңыз, мүмкін оның тәжірибесі бір іске асып қалар.
4. Енеңізбен құрбыңыздай сырласа біліңіз.
5. Егер өзіңіз қаламасаңыз, ұнау үшін көңілін табамын деп тырыспаңыз. Жағымпазданып отырғаныңызды сезген енеңіз мұны ұнатпай қалуы мүмкін ондай қылық ешкімге ұнай қоймайды. Ең дұрысы енеңізбен шынайы қарым - қатынас жасай біліңіз, сонда барлық сұрақтың шешімі табылады.
6. Одан жиі кеңес алыңыз. Әрбір аға буын өкілдері, өзінің пікіріне құлақ асқанды дұрыс көреді. Мүмкін, сіздің енеңіз өмірлік тәжірибесінен орынды кеңес берер одан құр қалмаңыз.
7. Енеңді өз анаңдай көр демеймін өйткені ол мүмкін емес, ананың орнын ешкім баса алмайды, алайда сүйген жарыңның анасы болғандықтан сыйлау керек. Мұны түсініңіз және қабылдаңыз.
8. Енеңіз үшін ерекше күндерді есіңізде сақтаңыз, сондай күн туған уақытта құттықтауды ұмытпаңыз. Бәрін өз орнымен жасаған жөн, аса жағымпаздық қажет емес.
9. Жақын тартудан қорықпаңыз – әйелдерге ортақ мәселелер бойынша әңгіме - дүкен құру байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
10. Күйеуіңіз бен екеуіңіздің отбасылық өміріңіз туралы енеңізбен жиі әңгіме қозғаңыз, болашақ немерелерінің тәрбиесіне олардың қосатын үлесі туралы да айтыңыз. Енеңізбен жылы қарым - қатынаста болсаңыз мұндай әңгімені өзіңіз де қозғайсыз деп ойлаймын.
11. Сонда да енеңізбен жылы қарым - қатынас орната алмаған болсаңыз, сыйласа біліңіз. Енеңізбен ұрысып, үйдің берекесін кетірерлік ұят әрекетке ешқашан бармаңыз.
Бұл енемен жақындаса білуге берілген бірнеше кеңес. Әрқашан ақылға салыңыз, қызбалық танытпаңыз, сонда енеңізбен ортақ тіл табыса білудің еш қиындығы болмайды. Сенімді болыңыз, бұл кеңестер өмірден алынған.
Дереккөз: bilimdiler.kz