Анасын жылатып, үнділікке тұрмысқа шыққан қазақ қызы күңдікте болуы мүмкін
14.12.2017, 09:02

Анасын жылатып, үнділікке тұрмысқа шыққан қазақ қызы күңдікте болуы мүмкін

КТК арнасы Үндістан азаматына тұрмысқа шыққан тараздық келіншек туралы хабар жасады. Болжам бойынша ол жоғалып кеткен, деп хабарлайды silteme.kz.

Ақпарат көзінің хабарлауынша, келіншектің өлі-тірісі белгісіз. Ал оның анасы, Тараз тұрғыны Сәулехан Әбдіханова шетел асып кеткен қызын іздеп таппай жүр. Мәселенің мәнісі мынау: осыдан жеті жыл бұрын Үнді мұхитындағы Маврики аралына Үндістан азаматымен ілесіп кеткен Ақмарал Әбдіхановадан 4 жылдан бері хабар жоқ. 30 жастағы келіншекті іздеу жұмыстарына еліміздің Сыртқы істер министрлігі араласқанымен әзірге нәтижесіз. Ал бауыр еті баласын жоғалтқан ана тиісті орындардан оны іздеу ісін күшейтуді сұрайды. Себебі, ол перзентін құлдықта ұстап отыруы мүмкін деп есептейді.  

Бәрін басынан бастап айтар болсақ, өзінен шамамен 20 жас үлкен Сэнди Тайламимен Ақмарал 21 жасында Алматыда жүріп танысқан. Қазақ қызына көзсіз ғашық болған үнді азаматы өзінің фирмасына сүйіктісін директор етіп тағайындап қойыпты. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеруге уағдаласып, қалыңдығын күйеу жігіт ата-анасына таныстыру үшін Үндістанға алып кеткен. Сөйтіп, Ақмарал он күннің ішінде будда дінін қабылдап үлгеріпті. 

   

Бұл турасында А.Әбдіханованың анасы былай дейді:

- Қызым біртүрлі өзгеріп келді. Үш бөлмелі үйдің бір бөлмесіне кіріп кетіп, жоқ болады.  Сосын қарасам былай отыр бұрышта. Алдына суреттерді қойып қойыпты. Үндінің суреттерін. «Келін» киносы бар ғой сондағы қоңырау, кішкентай ыдыстар сондайды қойған. Түтін шығып жатыр. Сұрасам, құдайға табынып отырмын дейді.

Сәулехан Әбдіханова қызын Исламды қайта қабылдауға көндіре алмаған. Кейін ол ешкімге ескертпестен сүйіктісі Сэнди Тайламимен Маврики аралына біржолата көшіп кетеді. Содан бері жақындарымен тек телефонмен байланыста болған. Ал, анасымен соңғы рет 2012-ші жылы тілдескенде ренжісіп қалыпты. Өйткені ол Үндістан азаматтығын алу үшін туу туралы куәлігін беруді сұраған. 

- Сен қазақтың қызысың ол жақта қалмайсың, бермеймін деп едім. Ашуланып қоя салды. Содан бері маған мүлдем соқпайтын болды. Бірақ үлкен әкпесіне  хабарласып тұрады екен. Суреттерін жіберіп тұрған, екеуі сол жақта үйленген. Той көйлегін киген, деп тағы бір әңгіменің шетін шығарған анасы.

Сонымен, жат жұртта жүрген Ақмарал 4 жылдан бері мүлдем хабарсыз.  Ал осы жылдың наурыз айында Сәулехан мен оның үлкен қызының ұялы телефонына белгісіз нөмірлерден қоңырау шалынған. Бірақ байланыс жөнді болмай, дауыс естілмепті. Ал анасы бұл құлдықтағы қыздың белгі беруі деп есептейді.

- Бізге солай хабар беріп жатыр. Бір ретін табады да хабарласып жатыр. Әртүрлі нөмірлерден хабарласады, деп күдігін де айтып өткен Сәулехан Әбдіханова.

Зейнеткер бұдан кейін бірден Сыртқы істер министірлігіне арыз жазған. Бірақ дипломаттар бірнеше елшілікке хат жолдағанымен, Ақмаралдың жер шарының қай түкпірінде жүргенін анықтай алмаған. Сөйтіп, істі көші-қон қызметіне тапсырған. Енді хабарсыз кеткен қызды халықаралық қылмыстық полиция іздестірмек.

Бауыр еті баласын жоғалтқан ана қызының үнді азаматына қосылуына рұқсат бергеніне қатты өкінеді. Бірақ болары болып, бояуы сіңген соң тағдырдың жазуына көнбеске амалы жоқ. Оның ендігі арманы – кенже қызы Ақмарадың амандығын білу. Ал, іздеу жұмыстарының қиындауына қарағанда Ақмарал Әбдіханова азаматтығын ауыстырған немесе аты-жөнін өзгерткен болуы мүмкін, деп қорытындылаған КТК тілшісі хабар түйінін. 

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер