Айдос Сарым: 9 Мамырды кешегідей тойласақ, егемендігімізден айырылу қаупі бар
13.05.2018, 09:15

Айдос Сарым: 9 Мамырды кешегідей тойласақ, егемендігімізден айырылу қаупі бар

Биылғы жылдың басты ерекшелігінің бірі – еліміздегі Жеңіс күні айрықша бір белсенділікпен аталып өтті. Кремльдің үстемшіл, импершіл саясатына мүлдем төтеп бере алмайтын сияқтымыз деген билік барша үдерістерді өзі басқарып, оларға асқан көпшілік сипат беріп, сасқан үйректің кебін кигендей болды. Себебі дәл кешегідей Қазақстанда Кеңес Одағының туларын ұстап көшеге шыққан емес. Елімізде КСРО-ны аңсаушылар, Кремльдің жымысқы саясатын жүргізушілердің көптеп жүргенін айқын байқадық. Сонда «ел бірлігі», «тәуелсіз мемлекетіміз» дегеніміз қайда қалды? Енді бір-екі рет 9 Мамырды кешегідей тойласақ, егемендігімізден айырылу қаупі анық көрініп тұрғандай. Ресей білгенін жасап, ел азаматтарын өз мемлекетіне айдап салатын жағдайға жеттік. Енді не істемек керек?

Ең алдымен біз ұлт болып, қоғам болып кешегі мейрамның мемлекеттік идеологиялық аппараттың ойсырай жеңілуі екенін мойындауымыз қажет. Жылдар бойы ауыз толтырып айтып келген идеологиялық конструкциялардың парша-паршасы шықты. Біз ресейшіл емеспіз, тек аталарымызды еске алып жүрміз дегендер «қара-сары жолақтар» мен «жаужүрек марштардың» Кремльдің сценарийімен өз жақтастарын жинау, оларға пәрмен беру, ел билігі мен қоғамына күш, сес көрсету мақсатында жүргізіліп жатқанын айқын түсінетін кез келді. Бұның бәрі де ойыншық емес. Бұл саясаттың астарында кешегі кеңестік республикаларды қайтадан Ресей қарамағына жинау, аталар жолын сөз ету арқылы идеологиялық бағындыру, табындыру жатыр. Моральдық тұрғыдан ешкім өз атасының ерлік жолын кемсіте алмайтынын жақсы түсінген Ресей соңғы көзірін еш аяусыз, жөн-жосықсыз пайдаланып келеді. Және де бұл саясат әлемдік қарқын алып келе жатыр. Бұны түсінген елдер қолынан келген қарсылықты көрсетіп жатыр. Мысалы, күні кеше билікке келген Армения президенті Пашинян Жеңіс күнін 9 мамырдан 8 мамырға ысырып тастады: армяндар бұл күнді барша әлем жұртымен бірге атап өтуі тиіс деген ой.Грузияда кеше «Георгий жолақтарын» таққан орыс дипломаттарын жүргізбеу, жолақтарын шешкеннен кейін ғана көпшілікпен табыстырды. Балтық елдерінде, Шығыс және Еуропа елдерінде коммунизм қылмыстық идеология деп табылып, оның символдары мен рәміздерін насихаттауға тыйым салынған. Мысалы, Кеңес Одағының туын біреу-міреу көшеге алып шығатын болса, оны полиция дереу құрықтап, оған айыппұл салатыны белгілі.

Біздегі жағдай, Абай атамыз айтқан, «баяғы жартас – сол жартас» қалпында. Жыл сайынғы дүрдараз айтыстар, қоғамның жігі, бітіспес даулар. Жұрттың біразы билікке мынаған тыйым сал деп жатса, билігі бүйрегі басқа жаққа бұрылған «жаужүрек полктардың» маршын өзі бастап жүреді. Әрине, билікті де түсінуге болатын шығар. Бірақ егер сенің еліңді, оның идеологиясын өзің емес, бөтен ел билеп жатса, одан артық қандай қорлық бар? Бұл қоғамға, мемлекетке қауіп екенін айтпағанның өзінде, атқарушы билікке, президент Назарбаевқа төнген қауіп емес пе? Мемлекет деген дүниелер шенеуніктер мен әкімдердің құлағына жетіп, миына сіңбесе, президентке қауіп деп түсіндіріп көрейік. Бұның барлығы да түптің түбінде мемлекеттің ыдырап, жер мен ұлттың тұтастығына төнген қатер екенін бүгін барша көзі ашық қазақ баласы әлдеқашан түсінген сияқты. Түсінбей я болмаса түсінгісі келмей отырған тек атқарушы билік қана. Егер кешегі елдің барша түкпірінде өткен ресейшіл-импершіл шаралардан сабақ алғанымыз шын болатын болса, онда алысқа созбай, осы жыл ішінде мейрамға қатысты жаңа саяси және ақпараттық тұжырымдама жасап, бекітіп, оны келесі жылдан бастап іске асыру керек.

Бұл жаңа саяси-ақпараттық тұжырымдама төмендегідей бөліктерден тұруы қажет.

Біріншіден, Қазақстан мемлекеті, қазақ қауымы «Ұлы Отан соғысы» деген саяси конструкциядан бас тартуы керек. Дұрысы, «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атауымыз керек. Себебі шын мәнінде бұл соғыс 1939 жылдың қыркүйегінде Польшадан басталып,  1945 жылдың қыркүйегінде Жапонияда аяқталған. Қазақ жауынгерлері Украина, Польша, Молдова, Балтық елдерін жаулауға, Финляндиямен соғысуға қатысқан, Жапонияны талқандап, Қытайды, Моңғолияны азат ету үшін қан төккен.

Соғыстың жақсы-жаманы болмайды. Соғыс атаулы иман мен адамгершілікті жоққа шығаратын ұғым. Әлем бойынша 60-65 миллион, КСРО бойынша 30-35 миллион адамның өмірін қиған зұлмат соғысты тойлап атап өту, арақ ішіп, мас болу адамгершілікке де, қазақтыққа да, мұсылмандыққа да жатпайды. Бұл күнді «Жеңіс күні» деудің өзі де саяси және адамгершілік тұрғыдан қателік. Менің ойымша, бұл күннің аты келесі жылдан бастап «Бірігу және аза күні» болып аталуы тиіс.

Тұжырымдама «Бірігу және аза күнінің» жаңа талаптары мен тәртібін бекітуі тиіс. Бұл күн той тойлайтын емес, қайғырып-мұңаятын, аруақтарды еске алатын, жеті шелпек пісіріп, мешітке барып құран-дұға оқытатын күнге айналуы тиіс. Соғыстан аман қайтқан ақсақалдарды, концлагерь тұтқындарын, соғыс ардагерлерін қолдау-қорғау, марапаттау күні болуы тиіс. Және де бұл азаматтарға көрсетілетін құрмет пен марапат біркүндік емес, жыл бойы көрсетілуі қажет. Елімізде небары 2000-нан астам соғыс ардагері қалыпты. Оларды өле-өлгенше құрметтеп, алақанымызға салып, барша жағдайын жасау біздің ұрпақтық борышымыз, міндетіміз.

Неге «бірігу» күні деп отырмыз? Он мыңдаған қандасымыздың тағдырына қатысты жайт бар: ол  – «Түркістан легионы» деген проблема. Біреуді сынап-мінеу оңай, бірақ нацистердің тұтқынына түсіп, концлагерь қорлығын көруден сақтасын. Түркістан легионына түскен қазақтарды саяси-құқықтық тұрғыдан ақтайтын кез келді. Олардың басым көпшілігі легионға амалсыздықтан барды, реті келгендері одан қашып, кеңес әскеріне қосылды, Еуропадағы барша партизандық және қарсыласу ұйымдарының белсенді мүшесі ретінде нацизмнің жеңілуіне үлесін қосты, сол үшін шетелдік наградалармен марапатталды. Олай болатын болса, қоғамда қажетті пікір тудырып, қандастарымызды бөліп-жармай, жіктемей, ақтау тұрғысында еңбектенуіміз де біздің буынның пешенесіне жазылған борыштың бірі.

Соғысты тек атыс-шабыс немесе үлкен геосаясат тұрғысынан емес, жекелеген адамдар тағдыры арқылы түсініп-білу керек. Әрбір соғысқа барған адам – тек ерліктің дастаны ғана емес, үлкен трагедия, үлкен өмірлік өнеге. Соғыс туралы шынайы жазылған орыс, әлем әдебиетінің үздік туындылары, Астафьев, Никулин, Гроссман сияқты ірі суреткерлердің соғыстың көпшілік біле бермейтін тұстары арқау болған кітаптары қазақ тіліне аударылуы тиіс. Сонымен қатар бүгінде Германияда, басқа шетелде КСРО-мен соғысқандардың көптеген тың кітаптары, естеліктері көптеп жариялануда. Соларды да қазақ тіліне аударып, бөлек серия етіп шығарсақ еш артық болмас еді.

Екіншіден, осы тұжырымдаманың негізінде ұлттық жады институтын құру керек. «Соғыстың соңғы солдаты жерленбейінше, соғыс аяқталмайды» деген қағидат бар. Сұм соғысқа кеткен, қаза болған әрбір қазақ жауынгерін есепке алу, сүйегіне түсіп, арулап жерлеу мемлекеттік саясаттың мызғымас бөлігіне айналуы тиіс. Қазақ деген азғантай ғана ұлт. Біздің артық, елге керегі жоқ азаматымыз жоқ. Әр қазақ – менің жалғызым! Олай болатын болса, қорғаныс, сыртқы істер, мәдениет, әлеуметтік қорғау министрліктері жаңа институттың құрылтайшылары болып, оның қаржылық қорын жасақтауы тиіс.

Ұлттық жады институтының міндеттері:

— Қазақстан, Ресей, басқа да әлем архивтерімен жұмыс істеп, соғысқа аттанған, тылда тер төккен барша азаматтардың ашық базасын жасақтап, 2020 жылға дейін, яғни 75 жылдыққа дейін бітіруі шарт;

— Қазақстан, Ресей, басқа да әлем елдерімен біріге отырып Қазақстаннан соғысқа аттанып, шейіт болған азаматтардың тізімін жасау, олардың әрқайсысының жатқан жерін анықтау. Бұл жұмыс соңғы жауынгердің аты мен жерленген жері анықталғанға дейін тоқтамай жүруі шарт;

— отандық, әлемдік тарихшылар, археологтар, белсенді азаматтармен біріге отырып іздеу отрядтары жұмысына мұрындық болу, экспедициялар ұйымдастыру, сүйегі табылған қазақ жауынгерлерінің басын қарайтып, Қазақстан үкіметі атынан арнайы үлгідегі ескерткіштер қойып, құран оқытып, туған жердің топырағын жеткізу;

— шетелде қалып қойған, елге орала алмаған, сталиндік немесе нацистік лагерьлерде қаза болған қазақ жауынгерлері туралы іздену, мақала жазу, кітап шығару, фильмдер дайындау т.б.

    Еліміздегі қатарда бар соғыс ардагерлерінің, концлагерь тұтқындарының естеліктерін көптеп жазып алу керек. Өскелең ұрпаққа сабақ болатын, рухани азық болатын дүниелерді ардагерлеріміз көптеп айтып бере алады. Ресейде, әлемде «история повседневности» деген антропологиялық зерттеулер мықты бағытқа айналып келеді. Біз қай шайқаста қалай жеңдік деген емес, соғыс жылдары, аштық жылдары қазақтың күнделікті өмірі қандай болды, жүріс-тұрысы, тыныс-толғанысы қалай болды деген бағытта көп ізденуіміз керек. Ардагерлердің ұрпақтарын – ата-әже естеліктерін видеоға жазуға, айтқандарын қағазға түсіруге ынталандыруымыз керек. Ертең бұл буын кеткен соң сан соғып қаламыз. Сол себепті де институттың бірден-бір міндеті осы бағытта болуы керек сияқты.

Сонымен қатар бұл институт, жалпы, ХХ ғасырда қазақ басына түскен ең ауыр апат – зұлмат аштық құрбандарының тағдырын зерттеу, жолда атылып кеткен, аштан қатып, аурудан көз жұмған, көмусіз қалған қандастарымызды түгендеумен де айналысуы керек.

Қазақстан азаматтары өз аталарының қайда көз жұмғанын, қайда жерленгенін білуге қақылы. Бұл жұмыс есі дұрыс, салиқалы, парасатты, әр адамы мен азаматының бүгіні мен болашағын ойлаған мемлекеттің тікелей міндеті болып табылады. Бұл – әрбір жекелеген адам мен азаматтың құндылық, қасиет екенін паш ететін саясат. Тарихи өнеге, тарихи ұлағат осы арқылы бүгінгі саясатымызға оң ықпалын тигізеді. Жағдайы бар, жолды көтере алатын қазақ баласы үрім-бұтағын ертіп, реті келгенде Екінші дүниежүзілік соғыс болған жерлерге барып, соғыстан қайтпаған аталарына құран бағыштап, зиярат еткені де үлкен өмірлік және саяси сабақ болар еді. Дабыралап лента тағып, алаңды шаңдатқаннан артық тірлік бұл.

Үшіншіден, ардагерлерге көмек формалды түрде болмауы керек. Жылына бір рет еске алып, үйіне барып, талқан-тары бергеніміз болмайды. Ардагерлердің саны күн сайын азайып келеді. Олай болса, солармен қызмет ететін еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен арнайы департамент ашып, әрбір облыста солармен қоян-қолтық жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер қосындарын құрғанымыз абзал. Әрбір облыс бойынша тұрып жатқан ардагерлер саны белгілі. Мысалы, үлкен Алматының өзінде нобайы 300-ге жетпейтін соғысқа қатысқан қария қалыпты. Сол сияқты әр облыстағы әлеуметтік қызметкерлер санын да анықтап алуға болады. Мысалы, 20 ардагерге бір әлеуметтік қызметкер деген сияқты. Олардың басты міндеті – ардагерлердің жағдайын білу, адами және басқа да қолғабыс, қажет кезінде ауруханаға жатқызып, санаторийге жіберу. Тіпті адами тұрғыдан хабарласып, жағдайын сұрастыру да үлкен еңбекке тең. Елімізде елгезек, үлкенге құрмет көрсете алатын жұмыссыз жастар жеткілікті. Бұл – бір жағы, жұмыс орны, екінші жағы, нақты әлеуметтік мәселелердің шешілуі.

Ерте ме, кеш пе, қазақ қоғамы коммунизм мен сталинизмді қылмыстық идеология деп табуы міндет. Бұл – өткенмен есеп айырысу, кек алу емес, соны болдырмаудың, қайталатпаудың шарты. Тәуелсіз елімізде коммунистік партиялар сотпен жабылып, коммунистік символдар мен рәміздерді, коммунистік идеологияны дәріптеу мен насихаттау  саяси қылмыс деп есептелуі керек. Бәлкім, бұл болашақтың ісі  шығар. Бірақ қоғам болып соның шарттарын жасай бергеніміз абзал.

©Айдос Сарым

Дереккөз: qamshy.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер