Ақпарат көзінің дерегінше, адамзат баласы табиғат ананы ерекше құрмет тұтқан. Сондықтан да кейбір ескі тайпалар табиғи апаттарды, жел мен суық аяздарды орман киесі жібереді деп сенген. Олар орман киесінің ашуын басу үшін ең үлкен ағашқа тәтті-дәмділер мен әсем гүлдер іліп қойып, оны айнала жүріп әртүрлі ырым-жоралғылар жасаған.
Ал Ежелгі Еуропа жерін мекендеген тайпалар ағашқа табынатын болған. Олар адамның тағдыры мен мінезі оның өзіне тиесілі ағашына байланысты болады деп түсінген. Кельт абыздарының пайымынша, әрбір ағаштың киесі бар. Бірінікі жуас болса, екіншісінікі тым қатал болады деп сенген олар қасиетті рухтардың ризалығын алу үшін алып емен ағашын дәмді дүниелермен толтыратын. Шырша мәңгілік өмірдің символы болғандықтан, көбіне таңдау осы ағашқа түсетін. Желтоқсан айында ашуына мінетін рухтардың қаталдығынан қорыққан ел ай соңында осындай діни жоралғылар жасайтын болған деседі. Өсім көп болсын, көк шүйгін болсын деген ниетпен шыршаға алма ілінетін болған. Өмір жалғасын тауып, ұрпақ өніп-өссін деген сеніммен жұмыртқа ілген. Жаңғақтың ілінуі құдайдың құдіретін мойындауды білдіреді.
Ал кейбір елдер қара күштерден үйін және бала-шағасын қорғау үшін шырша бұтақтарын есіктің төбесіне іліп қоятын болған. Қазақтардың да аршаны үйінің төріне іліп қоюы осы кездерден бастау алуы әбден мүмкін.
Аңғарсаңыз, шырша безендіру дәстүрі бір діни таным негізінде пайда болмаған. Керісінше, пұтқа, табиғи күштерге табынған ежелгі тайпалардан енген дәстүр. Ежелгі неміс халықтары Жаңа жылда жаңа өмірдің нышаны ретінде бір түп шырша егетін болса, кейін бұл дәстүр кері бағытта жалғасын тапқан. Орманда түрлі әшекей тағынатын шыршалар кесіліп әкелініп, әрбір отбасының төрінен орын алған. Шырша бұтақтары ауыр тәтті-дәмдіні көтере алмағандықтан, адамдар оған жеңіл ойыншық түрлерін ойлап таба бастаған. Шыршаны заманауи гүлтізбектермен безендіруге жол ашқан адам неміс Мартин Лютер екен. Ол Жаңа жыл қарсаңында өзінің үйіндегі шыршаны шырақтар іліп безендіріп көрген. М.Лютер идеясының негізінде электр гүлтізбектері пайда болған. Яғни шыршаны безендірудің түпкі мәні жоғалып, сәніне көп мән беріле бастаған. Осылайша ежелгі ырымдар мен жоралғылар халық санасынан біражола өшіп кеткен. Алғашқыда ырым-жоралғыларға байланысты тағылған әшекей енді тек сәндік үшін тағылатын, тіпті, шыршаның өзі Жаңа жылда үйде жарқырап тұруы керек әшекей ретінде ғана қалып қойған.
31.12.2017, 09:10
Шыршаны безендіру ежелгі ұмытылған наным-сенімдердің сарқыншағы
Бұл туралы aikyn.kz-те кеңінен жазылды, деп хабарлайды silteme.kz.
Пікір жазу