Одан азаматтың ұлтын, тұрғылықты жерін, отбасылық жағдайын көре алмайсыз, көретініңіз: аты-жөні, туған жылы, туған жері, төлқұжаттың сериясы, оны берген мекеме атауы, пайдалану мерзімі, азаматтың жеке идентификациялық нөмірі және штрих-код. Басқа мәліметтер төлқұжаттық чипте сақталады, оны құзырлы орган қызметкерлері ғана арнайы аппарат арқылы көре алады. Жаңа төлқұжаттың артықшылығы – ол азаматтардың интернет арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануына мүмкіндік береді.
Төлқұжатта ұлт атауының жазылмайтыны қырғыз қоғамында екі жақты пікір тудыруда. Біреулер мұны дұрыс десе, енді бірі бұл ұлттың жойылуына апарып соғады деп дабыл қағуда.
Қырғызстан Мемлекеттік тіркеу қызметінің хабарлауынша, төлқұжатта «Қырғыз Республикасының азаматы» (қырғызша мәтінде – «Кыргыз Республикасынын жараны» деген жазу) үш тілде: қырғыз, орыс және ағылшын тілдерінде жазылмақшы. Қырғыз зиялылары осыған байланысты «Кыргыз Республикасынын жараны» дегеннің орнына «Кыргыз жараны» болсын деп ұсыныс айтуда. Сонда мемлекеттің «Кыргыз Республикасы» деген атауы жоғарғы жолақта, ал «Кыргыз жараны» деген сөз ұлтқа сәйкес ұғымды білдіріп төменгі жолақта тұрады.
Енді жаңа төлқұжатқа «Кыргыз жараны» деп жазылатын болса, қырғыз билігі «бір оқпен екі қоянды атып алатындай» болып отыр. Ұлттық тұжырымдама да өзінен-өзі іске асырылады, барлық ұлттың өкілдері қырғыз (азаматы) болады.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ