Естеріңізге салсақ, Қазақстандағы алғашқы Digital-ХҚКО осыдан бір апта бұрын Астана қаласында ресми түрде ашылған болатын. Цифрлық фронт-офисте мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылып, азаматтар жоғары технологияларға негізделген құрылғылар арқылы қызметтерге өз бетінше қол жеткізеді.
Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған биылғы жолдауын талқылауға арналған баспасөз мәжілісі барысында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мемлекеттік қызметтерді "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетудің бизнес-процестерін "бір өтініш" принципіне көшіру іс-шаралары туралы, мемлекетті цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстары мен енгізілген жобалары, былтырғы жылдың нәтижелері мен алдағы уақытқа жасалған жоспарлары туралы айтылды.
2017 жылы жүзеге асқан бірегей жобалардың бірі - бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну қызметі. Бұл жобаға сәйкес жаңа босанған әйелдер телефон арқылы сәбиін тіркетіп, туу туралы куәлік жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті тиесілі жәрдемақыларды рәсімдей алады. Қазіргі таңда жаңа босанған 11 590 әйелге СМС-ұсыныс жіберіліп, оның 4 мыңға жуығы осы проактивті тәсілмен қызмет алу мүмкіндігін пайдаланды, 715 туу туралы куәлік беріліп, 261 нәресте балабақшаға кезекке қойылды.
Мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін проактивті тәсілге көшіру жұмыстары "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Алдағы уақытта тағы 5 өмірлік жағдай бойынша 15 мемлекеттік қызметті проактивті форматқа көшіру үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Мемлекеттік корпорацияның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі - азаматтар мен бизнеске цифрлық нұсқада қызмет көрсету. Бұл тұрғыда үнемі оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып жатыр. 2017 жылы "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы 38 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 24 миллионнан астамы электрондық нұсқада ұсынылды. Бұл орайда, 2022 жылға қарай электрондық нұсқада ұсынылатын мемлекеттік қызметтер үлесі 80% құрап, халықтың цифрлық сауаттылығын 83%-ға дейін арттыру жоспарланған.