Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары Қазақстанның болашақ астанасы Целиноград болып тұрған шақта мемлекеттік мекемелер жанында санаулы спорт секциясы жұмыс істеді. Бүгінге дейін мұнда спорттық инфрақұрылым көбейді, оған ел астанасының Ақмола жеріне көшуі айрықша серпін берді. Елордада әлемдік жарыстарда ел намысын қорғайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері ашыла бастады.
Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиевтің айтуынша, спорт саласында ведомствоға бағынысты 16 мекеме жұмыс істейді, олар бір ғимаратта орналасқан. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына, спортшылар мен жаттықтырушыларға қолайлы жағдай жасайды.
«Басқармаға қарасты екі мекеменің жұмыс жүйесі өзгерді. «Толағай» жоғары спорт мектебі «Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту дирекциясы» атанды. «Жігер» спорт клубы «Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекциясы» болып қайта құрылды», - деді Самат Ерғалиев.
Ол биыл елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей қолдауымен «Астана Арена» спорт кешенінде жауынгерлік өнер орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласының бокс орталығы ашылғанын еске салды. Ал қаланың оң жағалауындағы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Жирентаев көшесінде жекпе-жек орталығы ашылды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік сарайында көркем гимнастика орталығы мен «Сарыарқа» велотрегінде дзюдо орталығы ашылды. Олардың бәрі заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Самат Ерғалиев бүгінгі таңда елордада 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. 73 бөлімшеде 8 032 спортшы тегін спортпен шұғылданады. Оның ішінде 57 – олимпиадалық пәндер, 16 – олимпиадалық емес, ұлттық және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлеріне жатады.
«Спорт мектептеріне қабылдау әр жылдың қыркүйек-қазан айларында жүзеге асырылады. Ата-аналар спорт мектебін және балалары айналысатын спорт түрін таңдайды, онда өтініш жазған соң баланың денсаулығы спортпен айналысуға қиындық келтірмейтіні туралы дәрігердің анықтамасын ұсынады. Осыдан кейін барып іріктеу жүргізіледі. Белгіленген нормативтерді орындаған балалар іріктеу негізінде қабылданады. Спорт мектептеріне қабылдау туралы биылғы талаптарды басқарманың әлеуметтік желідегі парақшаларында тағы да хабарлаймыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.
Қорытындылай келе, Самат Ерғалиев елордада бұқаралық спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Жақында қала басшылығының тапсырмасымен спорттық колизей ашылды. Сол сияқты триатлон-парктің, ЕҰУ жанындағы көпірдің астында арнайы спорт алаңдары ашылды. Қаламыздың барлық парктері воркаут алаңдарымен және жаттығу кешендерімен жабдықталған. Сонымен қатар, жылдан жылға веложолдары бар жүгіру жолдарының саны артып келеді. Қала бойынша 70 шақырым веложол салынды. 123 шақырым веложол салу жоспарда бар», - деді спикер.
Айта кетейік, пандемияға қарамастан спортпен шұғылданатындар саны артып келеді. Дене шынықтыру және спорт басқармасы алғашқы мамандандырылған спорттық медициналық орталықтың құрылысын жариялады. Спорт саласын цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, бірнеше жыл бұрын «E-sport» бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды, ал бір жылдан кейін artsport.edu.kz порталы іске қосылды, бұл қызмет жеткізушілерін, баласы секциялар мен үйірмелерде шұғылданатын ата-аналардың басын қосады.