2013 жылы М.Оуэн жасыл алаңмен қоштасқан соң өзінің жан дүниесіне жақын іспен айналысуды құп көрді. Сөйтіп, ол ат баптап, жүйрік жарыстыру жолына түсті.
Сөйтіп, аладоп теуіп тапқан миллиондарына тұяғы бүтін тұлпар тауып алып, оны бәйгеге қосып қызығын көрмекке бекінеді. Әуелі, Манчестер мен Ливерпул қалаларын қиып өтетін күре жолдың дәл орта тұсынан 170 акр жер сатып алды. Осы араға абажадай ат қора салады.
Бүгінгі таңда Оуэннің ат қорасы соңғы технологиямен жабдықталған 90 бөлмелі үлкен кешен. Мұнда әлемге әйгілі жүйрік тұқымдардың бәрі бар. Әрине, жүздеген жүйрікті бір Оуэн жалғыз баптай алмайды, мыңдаған атақты ат бапкерлері мен жылқы мамандары жұмыс жасайды.
-Оуэн мырза өзіңіз кәсіби футболшысыз, демек, мына бір сұраққа жауап беріп көрсеңізші?. Сіз үшін әлем чемпионатының жасыл алаңында доп тепкен мен атшабарда жер апшысын қуырған тұлпардың дүбірін қызықтағанның қайсысы жақсы?- деген журналшының сұрағына Майкл мырза былай деп жауап беріпті:
-Бұл екеуі екі әлем. Футболшы болудың басты шарты – психологиялық һәм физикалық дайындықты жоғары деңгейден түсірмей, сақадай-сай тұру. Ал, жүйрік жарыстыру басқа дүние. Жылқылар жарысады, сен тек қарап тұрасың, яғни, қиналмайсың. Бірақ, қара жердің қыртысын қуырып, құйындай жүйткіген жүйріктердің аламан шабысы адамға керемет қуат сыйлайды. Одан кейін өзің қосқан жүйрігің маңдайы жарқырап, мәреден бірінші болып өтсе ше… бұндай ләззатты сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Адамдар ойлайды Майкл пайдасыз дүниеге ақша шашып жүр деп. Олай емес, менің аса қымбатқа сатып алған жылқыларым, маған аса қымбат қуаныш, көңіл-күй, шаттық сыйлайды.
Атақты аяқдопшының бәйгеге қосқан жүйріктері өткен маусымда 92 дүркін топ жарыпты. Осы Оуэн сияқты бұрынғы жылдары Манчестер Юнайтед командасында менежерлік қызмет атқарған Алекс Фергюсонда жылқы құмар жандардың бірі.
Бұлардан басқа Манчестер Юнайтедтің қазіргі шабуылшысы, аптасына 500 000 доллар табысы бар Уэйн Руни (Wayne Rooney) де жылқымен айналысады. Оның жүйріктері досы Оуэннің ат қорасында бағымда тұр.
Майкл Оуэннің «Күрең Ілбіс» атты жүйрігі 2013 жылы Мельбурн қаласында өткен дүниежүзілік тұлпарлар бәсекесінде 8 орынға ілініп, қазақша айтқанда шылбыр ұстатты. Осы жүйрігін Оуэн жанындай жақсы көреді. Себебі, бұл жануар 2011 жылы Англияның атақты «Аскот» ат бәйгесінде, күллі ғаламға аты шығындаған тұлпарлар арасынан озып шығып, иесінің мәртебесін әлем атқұмарлары арасында бір биіктеткен еді. Осы күреңнің шабысын көргенде көз жасыма ие бола алмаймын дейді, — Майкл мырза.
Әрине, танадай көзден жас парлап, анадай қырдан асқанда-ақ… дегендей, жылқы жануардың омырауы алқылдап, жұмыр тұяғы сартылдап, тау соғардай екпінмен, еміне шапқанда көзден жас шықпай қалай шыдасын.
Заманында кәсіби аяқдопшылар арасында «Супер стар» атымен әйгілі Оуэн өзінің жылқыларын баптайтын 40 шақты атбегілер мен мал дәрігерлерін жинап алып, әркез футбол жарыс ұйымдастырады, әрі өзі де ойнайды.
-Адам болған соң артыңнан өсек айтып, күндеушілер де болады, сол сияқты сені үлгі тұтатын жанкүйерлер де бар. Менің жанкүйерлерім мені атбегі ретінде емес, кәсіби футболшы ретінде қадір тұтады. Сондықтан, өз басым осындағы жанкүйерлерімнің ыстық ықыласы үшін үнемі атшабар алаңында футбол ойнауды әдет етудемін. Мен де адам баласымын бала-шағамды асырап, отбасымды қаржыдан тарықтырмай өмір сүруді қалаймын. Әрбір адам өз ісін реттей алмаса, оның ақыры жоқшылыққа апаруы мүмкін. Сол себепті, футболдан кеткен соң, жүйрік жылқы бағып-баптау кәсібімен айналысудамын, — депті, Майкл Оуэн баспасөз өкілдеріне.
Бекен Қайратұлы