Санамыз азат бола алмағаны үшін іште аздаған өкініш бар. Ұлт ретінде өз елімізде үстемдік жасай алмай отырғанымыз, биліктегілердің елмен санаспайтыны, xалық қаражатының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні, зиялылардың ру мен атақтың құлына айналып кеткендігі, жастардың да алдыңғы лектің адасқақ жолына түсіп алғандығы, шындықты айтқан адам өспейді-өнбейді деген санамен жүргендігіміз, Желтоқсан мен Жаңаөзен қырғынына лайықты баға бере алмай отырғанымыз, діни фанаттардың айының оңынан туып тұрғандығы, бәрі-бәрі тынысыңды тарылтады. Елбасыға айтылған мақтаулар, жеке басқа табынушылық, табан жалау бизнесінің қарқынды дамуы, орыс мәдениетін әлі ұлы санауымыз, қазақ жерін оннан аса орыс полигоны улап жатқандығы, жерді сату үшін биліктің жанталасқа түсуі, азат ойлы, мінезді жігіттердің абақтыда отыруы, өзгеге деген тамсану, өзіміздікін мұқалту, мықтыларды талап жеу, көлденең көк аттыға елдің тізгінін ұстатып қойып, бесіктегі балаға үш тіл үйретпек болып қуып жүруіміз, т.б қанымызды қарайтып болды.
Сонда да бұл тәуелсіздік мен үшін қымбат. Осындай ойды ашық жазуымыздың өзінде біздің азаттықтың есігіне кіргелі тұрғанымызды білдіреді. Осыны бәріміз сезіне білсек, көкейге кептелген бар шерді ақтарып тастауға дайын тұрсақ, құқықтық тұрғыда өзімізге тиесіліні талап ете білсек, ішкі үрейді жеңіп, батыл болсақ, Қазақстан қазақтікі болар еді.
Алла бізге сондай күнді көруге жазсын!
Қанат Әбілқайырдың фэйсбук парақшасынан