Расында да, бұл күндері «Халал СТО», «Халал такси» сынды «халал» сөзін оңды-салды, жөнді-жөнсіз пайдаланушылар көп. Тағы басқа да салаларда бұл проблема бақылаусыз кетіп жатыр. Менің ойымша, «Халал» деген ұғымды қиындатудың еш қажеті жоқ. Өйткені, исламда қиындату жоқ, керісінше жеңілдету бар.
Алла тағала жердің асты мен үстінде сансыз нығметтерді жаратып, адам баласының игілігіне тарту еткен. Жаратушы тыйым салмаған нығметтер халал болып табылады. «Алла жер бетіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты» (Бақара: 2/29), «Көк пен жердегінің барлығын нығмет ретінде сендердің игіліктеріңе беруші – Сол» ( Жасия: 45/13) деп келетін аяттарда жер мен көктегі барлық нығметтің адамдар үшін жаратылғандығы баяндалған. Басқалай айтқанда, кез-келген нәрсені ішіп-жеу немесе қолдану аят пен хадисте тыйым салынбаса – халал.
Ненің харам, ненің халал екенін ислам құқығының шеңберінен асып кетіп белгілеуге адам баласына құқық берілмеген. Ешбір пенде өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. Осындай қателікке бой алдырғандарға қатысты Алла тағала: «Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Аллаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар.Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында, Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды» деп бұйырған.
Соның ішінде Судың үкімі туралы деректер де ислам құқығында нақты көрсетілген. Су – көктен жауатын, жер үсті және жерден шығатын сулар болып бөлінеді:
1. Атмосфералық жауындар. Бұған жаңбыр, бұршақ және қар сулары жатады. Алла тағала Құранда: «...Және көктен тазартушы су жаудырдық» деп бұйырады (әл-Фурқан: 48).
2. Жер үсті сулары. Бұларға теңіз, мұхит, көл және оларға құятын өзен сулары кіреді. Ғұламалардың бірауызды келісімінде теңіз сулары ащы болсын, тұщы болсын, таза су саналады. Онымен дәрет алуға да ғұсыл құйынуға да рұқсат етілген. Бір кісі Алла Елшісінен (ﷺ) теңіз суының үкімі жайлы сұрағанда: «Теңіз суы – тазартушы, өлімтігі – адал» деп жауап берген.
3. Жер асты сулары. Бұған бұлақ, құдық сулары жатады. Бұлақтардың көпшілігі жерге сіңген қар, жаңбыр суларымен қоректенеді. Жер асты суларының ең қасиеттісі – зәмзәм. Ибн Аббас Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) «Жер бетіндегі сулардың ең жақсысы – зәмзәм. Онда бойға тарайтын тағам және дертке ем болатын шипа бар» деп айтқанын жеткізген.
Су – таза және тазартушы зат, су түрлі дәрежеге бөліп қарастырылады.
Таза және тазартушы су – өз болмысы таза, сондай-ақ нәжістен де, дәретсіздіктен де тазартатды. Бұған, ең алдымен, жоғарыда аталған жаңбыр, қар, бұршақ, теңіз, өзен, бұлақ және құдық сулары жатады. Таза және тазартушы деген категория түпкі табиғи сипаттары (дәмі, түсі, иісі) еш өзгеріссіз сақталған суға ғана қатысты. Таза және тазартушы су төмендегі жағдайларда өз үкімін жоғалтпайды:
a) Тазартушы суға түскен тас, жапырақ, бұтақ, жеміс, көкөніс секілді қатты, таза зат су сипаттырының (дәм, түс, иіс) бірін немесе бәрін өзгертсе, бірақ аққыштығын жоймаса және «су» атауын өзгертпесе, су тазартушы үкімін еш жоғалтпайды. Teк суға түскен қатты, таза зат онда қайнап, су басқа бір сұйықтыққа айналып кетпеуі шарт.
ә) Тазартушы суға қаны ақпайтын шыбын, маса, шаян секілді жәндіктер түсіп кетсе, тіпті, өліп қалса да, су «таза және тазартушы» үкімінен айырылмайды. Мұхаммед пайғамбар (ﷺ): «Біреулеріңнің ыдысына шыбын түсіп кетсе, оны түгелдей батырып барып, алып тастасын. Расында, оның бір қанатында шипа, екінші қанатында дерт болады» деп, бұйырған.
б) Суда балық секілді су жануары өлген жағдайда су «таза және тазартушы» үкімін жоғалтпайды. Бұл үкім Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) теңіз суының үкіміне қатысты: «Теңіз суы – таза, өлімтігі – адал» деген хадисінен алынған.
в) Ибн әл-Мунзир «Ғұламалардың ижмағы бойынша еті адал хайуандар ішкеннен қалған су – таза. Оны ішуге және тазалануға қолдануға болады» деп жеткізген. Негізінде, көлемі аз болсын, көп болсын, су табиғи болмысы тұрғысынан таза саналады. Сондықтан суға нәжіс түскенін не тигенін көз көрмейінше, оның сипаттарының бірі өзгергені нақты сезілмейінше, құр бекер судың тазалығына қатысты сезіктенуге болмайды. Өйткені, Мұхаммед пайғамбар (ﷺ): «Расында, су – таза. Оны ешнәрсе арамдай алмайды» деп айтқан. Таза суға түскен нәжіс оның үш сипатының бірін өзгертсе, ластанған саналады. Ластанған суды тіршілікке пайдалануға, дәретсіздіктен тазару үшін, кір жуу үшін қолдануға болмайды. Бұл – барша ғұламалардың ижмағымен бекіген үкім. Өйткені, бұл – Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ): «Расында, судың иісі не дәмі не түсі өзгермесе, суды ешнәрсе арамдай алмайды» деген хадисіне негізделген шешім.
Нәжіс тиген судың қаншалықты былғанғанын не былғанбағанын белгілеу оның ағынды және ағынсыз деп айырып танылуымен, сондай-ақ ағынсыз судың ішінара аз су және көп су болып қарастырылуымен байланысты. Ағынды судың нәжіс тиген орны және тиген сәті ғана ескеріледі. Өйткені, сол сәттен көп ұзамай ол судың ағысы арқылы тазарып кетеді. Сондықтан оған түскен кір оны былғай алмайды. Ол ағынды судың бетінде бір орында тұрақтай алмайды әрі жайылмайды.
Мұхаммед аш-Шайбанидің көзқарасында біреу ағынды суға шарап төксе, ал төменгі жағында басқа біреу пайдалануды қаласа, сөйтіп судың түсі не дәмі не иісі өзгерсе, пайдалануға болмайды. Ал өзгермесе, болады. Бұл үкім су құрамының өзгергенін білген не сезген кісі үшін айтылған. Ал білмеген не сезбеген кісінің жағдайына қатысты имам Әбу Ханифадан: «Ағынды суға біреу білместіктен лас нәрсені төксе, ал төменгі жағында екінші біреу пайдаланып жатса, қалай болады?» деп сұралғанда, ол: «Зияны жоқ. Өйткені, су – ағынды» деп жауап берген. Себебі, кір ағынды суға жайыла алмайды. Ағынды судың басында не істеліп жатқанын білмегендіктен, төменгі жақта пайдаланып жатқан кісінің қалқып алған суы лас араласқан болуы да ықтимал, таза болуы да ықтимал. Ал таза суға жайдан-жай лас, кір үкімін бере алмаймыз. Ағынды суға түскен нәжіс зәр секілді көзге көрінбейтін түрден болса, оны қолдану сәтінде түсі не дәмі не иісі өзгергені сезілмейінше, былғанбаған саналады.
Сахабалардан жеткен хабарлардың бірінде: «Умар ибн әл-Хaттaб бір топ серіктерімен жолға шыққан. Араларында Амр ибн әл-Ас та бар еді. Олар бір хауызға жетіп тоқтайды. Сол кезде Амр ибн әл-Ас қожайыннан: «Ей, хауыздың иесі, жыртықш аңдар сенің хауызыңнан су ішуге келіп тұра ма?» деп сұраған. Сонда Омар бірден: «Ей, хауыздың иесі, бұл туралы бізге хабар берме! Өйткені, жыртқыштар келетін жерге біз де келеміз, біз келетін жерге олар да келеді» деді» делінген. Омардың: «бұл туралы бізге хабар берме» деген сөзі өздері үшін жағдайды құр бекер қиындатып алмау мақсатын көздеген. Өйткені, олардың ішінде нақты жәйтті ешкім көзбен көрмеген не су құрамының өзгергенін сезбеген. Мұндай жағдайда ол судың таза болуы да ықтимал, ластанған болуы да ықтимал.
Ханафилер бұл хабардағы Омардың «бізге хабар берме» деген сөзінің мағынасын: «Егер сен бізге хабар берсең, онда жағдайымыз қиындайды, сондықтан хабар берме. Жыртқыштар келетін жерге біз де келеміз, біз келетін жерге олар да келеді. Нақты білмеген болсақ, олардың су басына келулелері бізге зиян тигізбейді. Көрмеген не сезбеген нәрсе жайлы сұрау бізге міндеттелмеген» деп түсіндірген. Егер де жыртқыш аңдар ішкеннен қалған су таза саналғанда, Омар хауыз иесін жауаптан тыймас еді. Сондай-ақ ол хауыз кішкентай болған. Егер үлкен болғанда, Амру ибн әл-Ас хауыз иесінен мүлде сұрамас еді. Аз су жыртқыш аңдардың ішуінен нәжістенбейтін болса, Амр ибн әл-Астың хауыз иесіне қойған сұрағы, Омардың оны жауаптан тыйуы құр бекер болар еді.
Сөзімнің соңында «Халал су» маркасын ішпегендерге айтарым, еш уайымдамаңыздар, ол су басқа сулардан артық емес. Елімізде судың ішуге жарамдылығын денсаулық саласының мамандары анықтап береді.
Құран Кәрімде «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер! Алла тағала ысырап еткендерді,әлбетте, жақсы көрмейді» деп, бұйырылады (Араф: 31). Сондықтан, суды да рахаттанып ішіңіздер, бірақ суды бостан-бос немесе қажетсіз пайдаланып, ысырап жасамаңыздар.
Балғабек МЫРЗАЕВ,
теология ғылымының докторы
Дерек көзі: e-islam.kz