САТҚЫНДЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ОЙЫН: ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТҮБІНЕ КІМ ЖЕТТІ?
13.10.2016, 16:10

САТҚЫНДЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ОЙЫН: ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТҮБІНЕ КІМ ЖЕТТІ?

Шындығында, өткен ғасырдың 30-40 жылдар аралығындағы баспасөздерді ақтарып қалсаңыз қазақ зиялыларының бірін-бірі аяусыз қаралаған мақалаларынан көзің тұнады. Бұл – шындық. Түптеп келгенде, соның бәрі қолдан жасаған саяси ойын екенін кейбіреулердің мойындағылары келмейді.

Басқасын қайтелік, Ілиястың тұтқынға алынуына Мұхаметжан Қаратаевты осы күнге дейін кінәлап келеміз. Расында, мұрағаттағы құжаттарда Ілиясты қаралаған Қаратаевтың материалы бар, тіпті, Ілияс тұтқындалған күннің ертесінде оның үйіне Қаратаев көшіп кіреді. Фатима апамыздың да кейін Қаратаевты жерден алып, жерге салғанын оқып өстік. Ал, қолға түскен сол құжаттарды арнайы сараптамадан өткізгенде қойылған қолдардың алуан түрлілігін байқап қалдық. Біз сонда ғана Ілиясты қаралаған сол құжаттардың біріне есіктегі күзетші, енді біріне еден жуушы, енді біріне тергеушінің Қаратаев атынан қол қоя салғанын аңғарғандай болдық. Мұндай қитұрқылықты Қаратаевтың өзі де білмеген болуы керек. Тірлігінде айта алмай, тілі байлаулы кетті. Екіншіден, Ілиясты ақтап алу үшін Қаратаевтың қаншалықты күрескенін ескерсек, сол тұстағы қоғамдық идеологияның қазақ зиялыларының арасына осылай от тастап, бірін-біріне айдап салғанын оп-оңай біле аламыз. Сондықтан біз жастарға сол кездегі қазақ зиялыларының бір-біріне жау болмағанын дұрыстап түсіндіріп, сол ақтаңдақтың кеңестік саясаттың кесірінен туындағанын дәлелдеп көрсетуіміз керек. Бұл тақырыпты зерттеу де үлкен еңбекті қажет ететіні анық.

Анығында Алаш қайраткерлерінің арасында пікірталас қайшылығы болғаны ақиқат. Бұл алауыздық па, болмаса әдейә солай көрсетілу ме, ол жағына аша түсу керек. Бірақ, осының өзің арнаулы қызмет пен арам ойлы адамдардың теріс пайдаға жаратуына жетіп артылған екен.

1918 жылдары араб және латын әліпбиінің қайсысын қолдану керектігі туралы пікірталас туындайды. Осы тұста Ілияс араб әліпбиін қолдаса, Мұхтар бірден латыншаға көшу мәселесін көтереді. Осыған қатысты ойларын екеуі де «Абай» журналына жариялап, көптің талқысына ұсынады. Екі айрылған пікірге ара ағайындық танытқан Біләл Сүлеев «Абай» журналының 1918 жылғы 12 нөмірінде журнал редакциясы атынан Ілияс пен Мұхтарды ынтымаққа шақырып, хат жазады. Үш алыптың ортасындағы қарым-қатынас міне, осылай, Фатима апамыздан бұрын қалыптасқан. Кейін 1922 жылы Ілияс «Қосшы» ұйымын ұйымдастырушылардың бірі болып жүрген кезде бір жиналыста Абай ақынның мұрасын зерделеу туралы мәселе көтеріледі. Сол жиналыста Ілияс Жансүгіров «Қосшы» ұйымындағы ықпалын пайдалана отырып, Абай мұрасын жинаудың жауапкершілігін Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовке жүктейді. «Енді Түркістан Білім комиссиясы һәм талай ұйымның істейтін кезектегі жұмысы, негізгі жұмысының біреуі осы «Абайды» толғырақ қылып шығару. Бұл жөнінде Абайдың басылмаған, шашау жүрген сөздерін жиып, оларға сын беріп, түртпелеп, өмірін толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу керек. Бұл туралы газеттерге хабарлар жазып, жалпы халықты хабарландыру керек. Абайды жете білетін Шәһкерім, Мұхтар, Мағжан, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп осы бастан қам қылып, асықпай бірнеше жылды мойынға алу керек» («Абай кітабы», Ілияс Жансүгіров. «Тілші», №37, 1923 жылы, 8 май). Осыдан бастап Абай мұрасын зерттеу ісі Мұхтардың еншісіне тиеді әрі Ілияс өзіндегі барлық ақпаратты Мұхтарға табыстайды. Арада 20 жыл өткен соң қазақты әлемге танытқан әйгілі «Абай» эпопеясы жазылады.

Деп келгенде, 1937 жылдардағы нәубетке тек коммунистік геноцид қана емес, сатқындық пен саяси ойынның тұзағына түсіп қалған зиялы қауымның бір бөлігі де кінәлі! Бұл ақиқаттан қашып құтыла алмаймыз. Рас, барлық күнәларды кешіру ұлық Жаратушыға ғана тән, тек қаралы тарих алдындағы қасіретіміз ақтала ма енді?

Авторы: Қажет АНДАС

дерек көзі: jetysunews.kz 

 

Пікір  

dfgdfgdfgdfgdfg
+ 0 dfgdfgdfgdfgdfg 14.10.2016 17:26
dfgdfgdfgdfgdfgdfgdfgdfgdfgaserwecfzxcvxczvzxcv
Жауап беру

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер