Біреулер ел экономикасының дамуы үшін бұл қарқынды бастама десе, әлден-ақ зәрелері ұшып, ат-тондарын ала қашып жатқандар да жетерлік. Көпшілік жүрген жерде ала-құла пікірлердің айтылуы да заңдылық.
Иә, соңғы жылдары экономикалық даму қарқынымен азулы Американың өзін шаң қаптырған Қытайдың әлемдік деңгейдегі маңызды әрі ірі инвесторлардың бірі екенін мойындамасқа шара жоқ. Оған әлемнің дамыған елдері арнайы бағдарламалар әзірлеп, Қытайлық инвесторларды құшақ жая қарсы алып жүргені дәлел. Демек, біздің биліктің де бір ойлағаны бар. Мұндай жағдайда әлемдік трендтен қалмай елге инвестиция тарту заман талабы екені көзге ұрып тұр. Себебі бүгінгі таңда дағдарыстың желі шайқамаған мемлекет аз. Бірақ ақшасын жылтыңдатқандардың бәріне сайын даланың төсін сүліктей сорғызып, тұмса табиғатты тұншықтырып қою қаншалықты дұрыс?! Олай болса басы ашық бір жайт бар. Ол — салынатын өндірістердің ел мен жерге қауіп-қатерін ескеру және ауырмай тұрып, асқындырмай тұрып дерттің алдын алу. Көпшіліктің дүрлігуіне, алаңдауына да осы себеп болғаны даусыз. Тағы бір қорқыныш — Қытай компанияларының барған жерінің топырағын сорға, тасын борға, суын уға айналдырып жіберетіні.
Көңілге жұбаныш сыйлаған, бізге жеткен мәліметтерге сенсек, Үкімет Қытайдағы қолданыстағы өндірісті көшіріп әкелуге емес, керісінше, Қазақстанда заманауи озық қондырғыларды пайдалана отырып, жаңа өндіріс ошақтарын құруға мүдделі секілді. Тағы бір жағымды жаңалық — Қазақстан — Қытай индустриалды-инновациялық ынтымақтастығы аясындағы 51 бірлескен жобаның 42-сінде қазақстандық тарап мажоритарлы акционер болып табылатыны. Сондай-ақ, Қазақстан — Қытай индустриалды-инновациялық ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 26 млрд. доллар болатын 51 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Айтпақшы, бұл жобалардың барлығы өңдеу секторы мен инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға бағытталатыны да белгілі болды. Айталық, металлургия, мұнай мен газ өңдеу, химиялық өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, жаңа технология мен халық тұтынатын тауарлар өндірісі салалары қамтылады. Бұл жолғы бағдарламаның бір ерекшелігі — өндірілген тауардың қомақты бөлігі Қытайдың және басқа да елдердің нарығына шығатыны.
Мұның бәрі Елбасы діттегендей жүзеге асып жатса, ел ертеңінің болашағы жарқын. Егер «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, майлы жерден көсіп алып үйренгендер килігіп, жемқорлық пен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер орын алып жатса кімге кінә артамыз?! Жеріміз бен табиғатымыз зардап шегіп, даламызға қара Қытай қаптаса бәрі кеш болып қалмай ма? «Ақшаға бәрін сатып алуға болады» дейтін көзқарастағы кейбір әккі Қытай шенеуніктерінің біз тараптан жауапты бәзбір сарапшылар мен арнайы мамандарды өз айдағандарымен жүргізбесіне кім кепіл?! «Аузы күйген үрлеп ішеді». Халық та мұндай құқайдың талайын көрген. Сол себепті де алаңдайды. Осыны ескеріп, сөзіміз бір жақты болып қалмауы үшін, бұра тартып, бұрмаламау үшін, ақ пен қараны ашып көрсету үшін халыққа сөзі өтеді-ау дейтін мәжіліс депутаттары мен экономист-саясаткерлерді сөзге тартып, пікірлерін ұсынып отырмыз.
Серік Сейдуманов,
Мәжіліс депутаты:
БІЗДІҢ ХАЛЫҚ ҮРЕЙГЕ БОЙ АЛДЫРҒЫШ
Біріншіден, бұл — ұлы Жібек жолының жаңғыруы. Бағдарлама 2013 жылы қолға алынып, Қытай компанияларымен келісімшарт аясында жүзеге асып отыр. Шындап келгенде, бұл — үлкен экономикалық жоспардың жүзеге асуы. Игі қадам жолында салқынқандылық таныту қажет-ақ. Қорқатын ештеңе жоқ. Экологиялық тұрғыдағы талаптар сөзсіз орындалады. Оған еш күмән болмасын. Өздеріңіз де білесіздер, кез келген нәрседен табиғатқа қолайсыздық келуі мүмкін. Алайда, тағы айтамын, Қазақстандағы экологиялық кодекске сай барлық ережелер сақталатын болады. Қытай тарапы заңды белден баса алмайды. Мен мынаған таң қаламын, Қытай жақтан жұмыс күшін тартар кезде біздің халықта ежелден келе жатқан бір үрей бар. Біз тәуелсіз мемлекетпіз ғой. Осыны түсінетін кез келді ғой. Өзіңіз ойлаңызшы, басқа елден маман келмесе, технология қайдан келеді. Демек технология келсе, ақша келеді. Мысалы, бізде шетелдіктер көп жұмыс жасап жатыр. Көбі кәсіби мамандар. Олар жайлы ештеңе айтылмайды. Ал енді Қытай туралы сөз қозғалса, бәрі өре түрегеледі. Олардың да мамандары өндіріспен бірге келеді. Жұмысшылары біздегі көші-қон заңының талабына сай қатаң іріктеледі. Сол үшін біз мұндай мәселеде халықты жалған қорқынышпен, өтірік ақпараттармен үркітпеуге тиіспіз.
Берік Дүйсенбинов,
Мәжіліс депутаты:
«АЙДАҺАР» МЕН «АЮДЫ» «ТАЗЫ» БОЛЫП ШАЛСАҚ ҚАНА МАҚСАТҚА ЖЕТЕМІЗ
Қытайлар келе жатыр деп байбалам сала беруге болмас. Ел біздікі, жер біздікі. Бұл өмірде, арпалысқан әлемде тірі қалуымыз үшін өзге елдерден бір қадам алда болуымыз керек. Сондықтан аяқтан тұруымыз үшін өндіріс орындары ауадай қажет. Сосын, мүмкіндікті пайдаланып, қытайлық 51 кәсіпорынды бір күнде көшіріп әкелейін деп отырған ешкім жоқ. Олар — жаңадан құрылатын өндіріс орындары. Оның 30-ы мажоритарный Қазақстан болады екен. Бұл бүкіл құрылымды, кадр мәселесін біздің ел реттейді дегенді білдіреді. Олай болса бұдан шошудың еш реті жоқ секілді. Маңайымыздағы көршілерден теріс айналып, ешкімді кіргізбейміз деп тас табандап отыратын болсақ, қалай ел боламыз? Осы келетін өндірістердің арқасында 10 мыңдаған адамдарға жұмыс табылып жатса жаман ба? Барлық нәрсе өзімізге байланысты ғой. Тіліңді, дініңді, айбарыңды сақтап, шетелдіктердің алдында асқақтап жүрсең, кім саған қой дейді? Олар біз қаласақ та, қаламасақ та құдайы көршіміз. Бұл жерде, бабаларымыз айтқандай, «тазы» болып шалсақ қана жетістікке жетеміз. Қалай десек те Елбасымыз еліне, жұртына, халқына жаманшылық ойламайтын шығар? Ол кісі де алыстан орағытып барып шешім шығарғаны анық. Ал экология мәселесінде Қазақстан тарапынан Экологиялық сараптама өтіп, одан елге келетін зиян анықталуға тиіс. Шынын айтайық, бұл мәселеге қазақ баласының бәрі алаңдайды. Біз де алаңдап отырмыз. Енді тек бұл мәселені басқаруда шикілік болмаса деп тілейік.
Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдарының докторы,
профессор:
ҚЫТАЙЛАР БАРҒАН ЖЕР ОҢҒАН ЕМЕС…
Шетелмен шекара ашылып, дипломатия жолға қойылғанда ешқашан қарым-қатынастан қашпауымыз керек. Бұл — аксиома. Бірақ сол қарым-қатынастан біз қандай пайда табамыз және одан бізге қандай зиян келеді деген нәрсені әрдайым еске алып отырсақ, нұр үстіне нұр. Безбенге салып, таразыға тарту халықпен санасу дегенді білдіреді. Тіпті кезінде Абай «біз орыстың өнерін, ғылымын үйренейік, бірақ жаманынан қашық болайық» деп бекер айтпаған. Бұл өткен заманда айтылғанымен, әлі құнын жойған жоқ. Біз көршілеріміздің көмектерін ала отырып, пайдамызға жаратып, оның келтіретін зиянын да естен шығармағанымыз дұрыс. Егер экологиялық жағдайға абсолютті жауап бере алатындай болса, әңгіме бөлек. Өндірісті өндіріп-өндіріп алып, «Маңғыт, аузыңа саңғыт» деп тайып отырса, не істейміз? Менің білуімше, қытайлар барған жердің топырағы құрғап, суы сасып, жемісі қурап, малы қырылып жатады. Мұны неге ескермеске? Менің ойымша, шетелдік кез келген өндірісті жерге, елге, экономикаға пайдалы болған уақытта ғана шақыруды қолдаймын. Келсін, қалғанын кейін көреміз деген жалпақшешейлікті қоятын кез келді. Мысалы, шетелдіктер біздің өндіріс орындарына келіп жұмыс жасап жатыр ғой. Оларға қарсылық болмағанымен, сол өндіріс орындарында жұмыс жасап жатқан қазақтардың жағдайы қалай? Анау батыстағы қайта-қайта көтеріліп жатқан жұмысшылардың жан айқайына құлақ астық па? Менменсіген шетелдіктер өз жұмысшыларын алақанға салып, жергілікті жұртты кеудесінен итереді. Бұл әділдік пе? Қолында барда етігін қонышынан басып жатқандарға бір тоқтам қашан болады?
Рас, бүгінде ел экономикасы өте қиын жағдай да тұр. Біз экономиканың күшін, ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отырған жағдайымыз бар. Бүгіндері 45 пайыз қазақ ауылда тұрады. Сол қазақтардың жағдайы қалай? Олардың мүмкіндіктері бар ма? Меніңше, мүмкіндіктері бар, алайда көңіл бөлінбей отыр. Осыны да ескерген дұрыс.
Сондықтан мемлекет өзгелердің өз жұртын шетке қағуына жол бермеуі керек. Егер келем деген өнеркәсіп болса, соған сай біз өз мамандарымызды дайындап қарсы алсақ, құба-құп. Өз мамандарымыз жақсы қызметте істеуге тиіс. Ол үшін Ата Заңымызға шенділер де, шетелдіктер де бағынуы — басты міндет. Егер тепе-теңдікпен, бір-біріне ықылас қоя отырып, ықпал жасаса, онда шетелдіктердің келуінен қашуға еш негіз жоқ. Ал зияны шаш етектен болатыны анықталса, іргені аулақ салған жөн.
Жангелді Шымшықов,
экономика ғылымдарының
кандидаты, профессор:
Дабыра салуға ерте, терең зерттеу керек
— Кез келген дамыған ел (дүниежүзілік тәжірибеге сүйенетін болсақ) ешқашан өзінде тиімді болатын және экологиялық таза кәсіпорындарын сыртқа шығармайды. Егер сыртқа шығаратын болса үшінші дүние деген бар. Соның қатарына бізде жатамыз. Біз секілді жаңа дамып келе жатқан елдерге олар шикізат қорынан жақын болатын және экологиялық зиянды өндірістерін шығаратыны ежелден белгілі. Бірден дабыра салмай, алдымен қандай зауыттардың келе жатқанын, қандай өндіріс салаларына байланысты әңгіме болып жатқанын білу керек. Шынын айтайық, біз қазір ол жайлы нақты ештеңе білмейміз. Білмеген соң, бірдеңе деудің өзі қиын. Бірақ дүниежүзілік тәжірибеге сүйенетін болсақ, әрине, келе жатқан өндірістер таза экологиялық емесі тайға таңба басқандай белгілі. Бұл — бір. Екіншіден, біздің елімізге жаңа технологиялар, жаңа инновациялар келетін болса, қуанышты жаңалық қой. Алайда ондай кәсіпорындар өздеріне де керек. Оған өздерінің де қолы жетпей жатыр. Қытайдың соңғы 20 жылда дамуының кілті көшірме жасаудан алдына қара салмайтындарынан көрінеді. Олар авторлық құқықты бұзып, шетелден келген марканы өз ыңғайларына бұрып алуға шебер халық. Оны әлем біледі. Сондықтан қазақтың «қайбір сүтті сиырын береді» дейтін мысқылын осы арада қолдануға әбден болады.
Үшіншіден, келген кәсіпорындар мен технологиялар, әрине, қытай тілінде болады. Ендеше, қытай тілін білетіндер үстемдік ететінін айтып жату артық болар. Олай болса жұмыс орнымен қарқ қыламыз дегені сезік тудырады. Өйткені олар әкелген технологиялар өз тілінде болса, оны тізгіндейтіндер де қытайлар болмақ. Біздің мамандар олардың тілін үйренгенше де мәселе бір жақты болып қаларына шүбәм жоқ. Осының бәрін сараптай келе, жалпы Қытаймен қарым-қатынас жасағанда өте-мөте абай болған дұрыс. Бұл жайлы Малқы би бабамыз «Ақырзаман боларда қара Қытай қаптайды» деп, айтудай-ақ айтып кеткен.
Меніңше, қазір үрей тудырып, дабыл қағудың жөні жоқ. 51 өндіріс орнын бір күнде көтеріп әкелу оңай емес. 26 млрд. қаржы 5 жылдың ішінде құйылады екен. Демек, бұл — ұзаққа созылатын процесс. Бір зауыт қолданысқа беріліп, үшеуі салынып жатыр деген қауесет бар.