Ата-ана мен бала арасында банк жүйесіндегідей түсінік болмауы керек
20.07.2018, 11:49

Ата-ана мен бала арасында банк жүйесіндегідей түсінік болмауы керек

Психологияда "чувства долга" деген термин бар, яғни қарыздар. Ол - баланың ата-ана алдында кішкентайынан мәпелеп өсіргені үшін қарыздар сезінуі.

Осындай түсінікпен жылда қалаға ағылып келіп жатқан студент жастар, ата-анасына ауыр салмақ салмауды, лажы болса үйге ақшалай көмек беруді ойлап официант, күзет, сатушы боп жұмысқа тұрып алады. Сөйтеді де төрт жыл бойы оқу оқудың орнына жұмыс істеп, диплом алғанда не білімі жоқ, не тапқан ақшасы жоқ сауатсыз маманға айналады. Әлбетте ондай сауатсыздарды білімді талап етететін қызметтің маңына да жолатпайды. Дипломның пайдасы шамалы болғасын, сандықтың түбіне тастайды да жоғарыда айтқан сатушы, күзет, официант секілді диплом талап етпейтін жұмыстарға орналасып алады. Кейбір жүрек жұтқандар аз уақытта аз жұмыс істеп, көп ақша табудың жолын іздейді. Олар: алып-сатар, делдал, құжаттарды рәсімдеу деген секілді іспен айналысып, күніне жүз мыңдап ақша табады да, жинап-жинап қымбат машина, пәтер, телефон, қаңғыбас қыздар, дегендерге жаратады. Ауылдағы әке-шешесіне үй соғып, астына қымбат көлік, қолына смартфон ұстатып қояды. "Әй балам, бұл ақша қайдан келіп жатыр" деген сұраққа, "сұрамаңыз, бар кезінде жасап қалу керек" деп тарс еткізеді. Бірақ сауатсыздық ақшаның бар жоғына қарамайды. Ол кедейін де байдын да тығырыққа түбі тіремей қоймайды. Алтын бар жерде албасты да бар демекші, ақша бар жерде атыс-шабыс, бәле-жала, кісінің ақысын жеу деген азғындық қатар жүріп, бір секунд та тоқтамайды.

Адамнан айла артылған ба?! Егер құжат жасау, делдалдыққа басың жетпесе, онда көшеде тұрған қымбат көліктің айнасын ұрлап, сатып, ақшаға айналдырып баюға болады. Өзің ойла, бір айнаның бағасы 50 000 теңгеден 500 000 теңгеге дейін тұрады. Күніне екі-үш көлік тонасаң жетіп жатыр. Бұндай «кәсіппен» жақындарыңнан ыңғайсызданып, қысылмасаң да болады. "Заман сондай, қоғам сондай, бала-шағаны бағу керек" деп өзіңнен басқаның бәрін кінәлап, оп-оңай ақтала саласың. Тек бір ғана жаман жағы бар. Айнаны ұрлап жатып егесі ұстап алса онымен төбелесіп болсын қашып құтылуың керек. Төбелесіп жатып өлтіріп те алуың мүмкін. Ондай кезде біттің дей бер. Полиция демде ұстап алып, 15-20 жылға түрмеге қамап қояды. Бірақ коррупцияға белшесінен батқан мемлекетте тұратын болсаң онда бұл жерде де амалын табуға болады. Жылыңды азайту үшін бүкіл туған-туысың аяғына тік тұрып, қолындағы алтынынан бастап, қорасындағы малына дейін сатып, бар ақшасын жинап әкеп береді. Оның ішінде әке-шешең бірінші орында тұр. О баста ұрлықы жолмен табылған ақшаға сатып алынған көлік, үй, мал-мүліктің барлығын түк қоймай сатып шығады. Сөйтіп аз да болса да жылың азайтылып, түрменің түбіне кете барасың.

Міне, "чувства долга" дегеннің кері жағы осындай. Ал психологтар бұл тұрғыда былай дейді.
"Ата-ана мен бала арасында бұндай қарыз деген банк жүйесіндегідей түсінік болмауы керек. Ата-ана баласына қандай жақсылық жасаса да оны махаббатпен, мейірімнің себебінен жасайды, яғни ол тегін болады. Оның есесін сұрамайды да. Ата-ананың ойы біреу ғана, ол - баласының қайда жүрсе де амандығы. Оның есесін қайтармасаң да әке-шешең тасқан махаббатымен саған көмектесуді жалғастыра береді».

Бұны түсінетін жас студенттер қайда бар? Өзім оқитын университетімдегі топта 12 студенпіз, оның ішінде 10 студентіміз жоғарыда айтқандай официант, ксерокопия, сатушы болып жұмысқа тұрып алған. Сабаққа бір күн келсе екі күн жоқ. Азанда ұйқылы-ояу есінеп отырады. Оларға білім игеріңдер деп айтсаң, бетіңе күле қарайды. Бүйтіп олар қалай білім алмақ, қайтіп маман атанбақ, қашан жұмысқа тұрып, адал еңбек етіп адал жалақы алмақ?

27 жыл бойы дами алмай, зорға келе жатқан Қазақстан жастары әзірше осындай. Денис Тенді өлтіріп алған адам ешқандай да аспаннан түскен қанішер, жауыз емес. Ол - қарапайым сіз бен біздің баурымыз секілді қалаға ақша табу мақсатында ауылдан келген бозбала. Яғни оны үкіметі бар, ата-анасы бар барлығы тәрбиелеп өсірген. Сол себепті де баланы қалаға жіберер алдын ой-өрісі мен көзқарасын туралап жіберсеңіздер нұр үсітне нұр болар еді. Бұндай қасіреттің алдын өзіміз алмасақ, діншілдер имансыз деп, ал үкімет қылмыскер дейді де құжаттарды толтырып отыра береді. Арада құры босқа жастар құрып барады.

Денис Теннің туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

 

Амангелді Мейрамбекұлының фэйсбук парақшасынан алынды

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер