Кеткен қазақ қайта ма?!
25.05.2018, 10:30

Кеткен қазақ қайта ма?!

Жыл басынан бері 7000-ға жуық отандасымыз өзге елдің тұрғынына айналды. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, шетке көшкендердің көпшілігі Ресей азаматтығын алуды жөн көріп отырған сыңайлы. 500-ге жуық азамат Германияға қоныс аударған. 60 адам мұхит асып кеткенге ұқсайды.

Мәліметтерге қарағанда, эмигрант атанғысы келетіндердің дені Шығыс Қа­зақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар өңірлерінің тумасы көрінеді. Өткен жылы 40 мыңға жуық азамат Ресей азаматтығын алыпты. Өзге мемлекетті таң­дағандар саны – 4000 адам. Яғни, бұл – жылына 30-40 мың адам өзге елдің аза­маттығын қабылдап жатыр деген сөз. Неге?
«Шетке кетуге асығатындардың көп­шілігі жастар десек, қателесеміз. Әрине, «Болашақ» бағдарламасымен болсын, арнайы гранттар арқылы болсын, шетел­дерде білім алуға асығатын жастарымыз көп. Бірақ бізді алаңдататын дүние, сту­денттердің уақытша білім алуы емес, қазақтардың бақытын басқа елден тапқысы келетіні» дейді сарапшылар.
Бұрын өзге ұлт өкілдері, атап айт­қанда, орыс, украин, неміс ұлтының өкілдері ғана туған жер, ата-баба қонысын аңсап, тұрғылықты мекенін ауыстыратын болса, қазір қазақтар да шетке кетуге құмартып тұрады.
«2014 жылдан бастап шетелге кет­кендер саны Қазақстанға көшіп келгендер санына қарағанда артып келеді. Мәселен, биылғы жарты жылдықта 8 мың адам көшіп келсе, ал шекара асқандар саны одан екі есе дерлік артық» деген екен Ranking. Kz компаниясының сарапшысы Динара Мұқашева. Бұл – 2017 жылғы көрсеткіш. Одан бері де бірнеше мың­даған адам шетке қоныс аударып үлгерді.
«Арқа жақсы болса, арқар ауып несі бар?» деп өз-өзімізді жұбатып қойға­нымызбен, қазақтардың жаппай «өзге елде сұлтан» болғысы келетінінен қауіп­тенген абзал. Олар жайлы жер, жақсы қоныс іздеп кетіп жатыр ма, әлде басқа бір себеп бар ма? Қазақтың қайраткер қызы Ақұштап Бақтыгереева «Алма ағашынан өрік өсіп шықпайды. Қазақтар Қазақстанға ғана керек. Өзге елдің қарт­тар үйі де қазақты паналатпайды» деген еді.
Бүгінде Канада, АҚШ, Германия, Ресей мен Беларусь – кеткен қазаққа пана болып отыр. Кеткен қазақ қайта ма?

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, 
қоғам қайраткері:

Ел экономикасы ауылдан басталады
– Көшіп-қону – табиғи процесс. Эко­номикалық жағдаймен, қызмет бабымен көшіп кетіп жатқандар бар. Ал әлеуметтік жағдаймен көшіп кетушілер мәселесін зерттеу қажет. Алдымен елдегі ішкі көші-қон мәселесіне назар аударған жөн. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен солтүстікке халықты көшіру, қоныс­тан­дыру мәселесі жиі айтылғанымен, жүзеге асу қарқыны баяу. Табиғаты жайлы, жылы елдімекенде тұрып үйренген ха­лықтың алты ай бойы қыс жамылып жа­татын солтүстік өңірге көшіп келуі, үй­ренісуі қиын мәселе. Сондықтан мем­лекет тарапынан арнайы бағдарлама жасалып, ауылды көркейтуге күш жұм­салуы қажет.
Әлемде урбанизация процесі жүріп жатыр. Ауылдың әлеуметтік жағдайы жақ­сарып, жұмыс орындары болса, ха­лықтың қалаға кетуі де азаяр еді. Қазір бі­ріншіден, ауыл халқына тұрғын үй жетпейді. Жаңа тұрғын үй салу қажеттігі айтылып жатыр. Алайда ауылды жерлерде жаңа үйлерді салуға көңіл бөлмей жа­тырмыз. 1950-1960 тың игеру жылда­рын­да, тіпті кешегі Кеңес үкіметі тұсындағы 70-жылдары салынған үйлер тозып бітті. Ауылды жерлерде жаңадан үй салып жатқан шаруашылықтар өте аз. Ауыл шаруашылығын өркендетіп отырған агрофирмалар, шаруашылықтар жаңа заман талаптарына сай үйлер салса, елдімекендерден халық көшпейтін еді. Ауылда шағын кәсіпкерлікті дамытуды да назарға алған жөн. Неге ауылшаруа­шылық өнімдерін өндейтін шағын кә­сіпорындарды ірі қалаларда шоғырлан­дыруымыз керек? Керісінше, шаруа­­шы­­лық ауылдан басталып, өнімді өңдеу де ауылда болу керек. Сонда ғана көшіп кету мәселесі тұрақтанады.

Серік БЕЙСЕМБАЕВ, 
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Жас мамандарға арналған бағдарлама қажет
– Соңғы 1-2 жылда елімізге көшіп келу­шілердің саны көшіп кеткендерден едәуір көп екенін аңғару қиын емес. Бұған бірнеше себептер жиынтығын ай­туға болады. Көшіп кетудің басты себебін анықтау үшін сауалнама жүргізілді. Респонденттердің басым бөлігі тұрмыс жағдайын жақсарту, жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасу сияқты эконо­микалық себептерді алға тартты. Одан кейінгі себептерде балалары үшін өз болашағын басқа елмен байланыс­тыратындарын айтады.
Өзге елге көшіп кету процесінің да­муы жаһандану дәуіріндегі ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Көшіп-қону процесінің жеңілдеуіне байланысты халықтың мобильдігі артты. Яғни, бұрынғы заманмен салыстырғанда бір елден бір елге көшу де жеңілдеді.
Көшіп кеткендер – негізінен орта жас­тағы, білімі орта, ортадан жоғары сол­түстік аймақтарда тұратын азаматтар. Салыстырмалы түрде қарасақ, көшіп келіп жатқандардың білім деңгейі, бі­ліктілігі төменірек. Мұны статистикалық деректерден аңғардық. Миграция Қазақ­стан экономикасына кері әсерін тигізіп жатқанын айта кету керек. Көп жағдайда білікті мамандардың орны бос қалады. Сәйкесінше, адами капитал сапасы төмендеуде. Бұл – Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін жағымсыз дүние. Осы факторлар білім сапасының төмен­деуіне, әлеуметтік қызмет көрсету, оның ішінде денсаулық сақтау саласының төмендеуіне әкеледі. Миграция әсерінен Қазақстанның экономикалық зардаптары туралы зерттеулер өкінішке қарай жоқ. Осы орайда қандай іс-әрекет жасалынуы жөнінде пікірлер бар. Негізінен, мемле­кеттің арнайы әлеуметтік-саяси ұстаны­мына көңіл бөлінуде. Оңтүстіктегі ха­лықты солтүстікке көшіру, оралмандарды солтүстік аймақтарға орналастыру, көшіп келгендерге жеңілдіктер жасалуда. Мем­лекеттік тұрғыда атқарылған жұмыстар бар. Дегенмен мемлекет тарапынан бері­летін көмектің аздығы, айлықтың тө­мен­дігі туралы да сын айтылып жатыр.
Меніңше, халықтың сыртқа көшуін тоқтатуға мемлекеттің қауқары аз. Миграция – бүкіл әлемде үздіксіз жүріп жат­қан процесс. Сондықтан мемлекет талантты, білімді жастарды қолдауға мән беруі қажет. Жас кадрлар сыртқа кетпеуі үшін мемлекет не істей алады деген сұрақ­қа жауап іздеу керек. Жас маман­дарға бағытталған бағдарламалар, нақты іс-әрекеттер қажет-ақ.

Нұрлан СЕЙДІН, 
саясаттанушы:

Жақын уақытта мономемлекетке айналамыз
– Соңғы жылдарды зерделеп қарасақ, елімізден кетушілерге қарағанда, келу­шілердің саны басым. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы КСРО құра­мындағы мемлекеттердегі қандастарымыз келіп жатыр. Келушілердің құрамын зерделесек, қазақтардан басқа ұлттардың да көптеп келіп жатқанын байқауға болады. Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асқанын білеміз. Соның 65-70 пайызы қазақтар десек, қалған 30 пайызы – басқа ұлт өкілдері. Жылдан-жылға қазақтардың саны артып келеді. Біраз жылдан кейін мономемлекетке айналамыз. Бұл – заңды құбылыс. Соңғы жылдары туу көрсеткіші жақсы қарқын­мен келе жатыр. Әсіресе, қазақ ұлтының ішінде туу динамикасы өте жақсы. 10-15 жыл ішінде қазақтардың үлесі 75-80 пайыз­ға жақындайтыны анық. 20-30 жылда 90 пайызға жетеміз. Қазақтар санының өсуі, мемлекеттік тіл өрісінің кеңеюі өзге ұлт өкілдерінің өз отандарына көшуіне әсер ететінін жоққа шығармай­мыз. Мектеп бітірушілер саны 80-100 мың болса, бірінші сыныпқа барып жат­қан балалар саны – 350-400 мыңға жақын. Бұл – туу қарқынды болған, бэбибум кезінде дүниеге келген балалар. Солардың 70 пайызы қазақ мектептерінде білім алады. Жылдан-жылға орыс мектептері жабылып, қазақ мектептері көптеп ашы­лып жатыр. Соны көріп отырған орыс халқы Ресейге ғана емес, Еуропа елдеріне де көшіп жатыр.
Қазір ТМД елдеріне зер салсақ, орыс­тар Қазақстанда көп тұрады. Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Украина ел­деріне қарағанда, Қазақстанда орыстар­дың саны пайызбен салыстырсақ көбірек.
Көшіп кетіп жатқандардың басым бө­­­лі­гі – орыс ұлты. Олардың балалары Ре­сейдің жоғары оқу орнына түсіп, оны аяқтап жұмысқа орналасқан соң бірге көшіп кетуде. Сол себептен де жыл басынан 7 мыңға жуық адамның елден көшіп кетуі 18 миллионмен салыс­тыр­ғанда аса үлкен сан емес. Өйткені әлемде көшіп-қону процесі күшті жүріп жатыр.
Тәуелсіздік алғалы бері оралмандарға арнайы квоталар бөлінді. Әсіресе, 2000 жылдың басынан 2010 жылға дейін көшу қарқынды жүрді. Жалпы, 1 миллионға жуық қандасымыз көшіп келгені белгілі. Қазіргі кезде заңдарға өзгерістер енгізіліп, экономикалық тұрғыда қиындықтар туындады. Бірақ мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады деген сенім бар.

Әлкей МАРҒҰЛАНҰЛЫ, 
Халықаралық қатынастар жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

Зияткерлік элитаны қалыптастыру – басты мақсат
– Халықаралық қатынастарда мигра­ция адам саудасы мен қару сау­дасынан кейінгі үшінші орын алатын үлкен мәселе. Себебі, ХХ ғасырдың орта­сынан бастап дамыған және дамушы елдер болып бөліну басталғаннан кейін дамыған елдер экономикасына жаңа техно­логияның, ғылымның элитасы бола­тындай талантты адамдарды тарту сая­саты жүзеге асырыла бастады. Осы тұр­ғыдан алып қарайтын болсақ, көп­теген қазақстандықтардың дамыған елдерге кетуі, оның ішінде АҚШ, Гер­мания, Сингапур сияқты мемлекеттерді таңдауына сондағы біліктілікке мән беруі, әлеуметтік пакеттің кепілдігі әсер етіп отыр. Мәселенің екінші жағына тоқтал­сақ, жастар арасында өзінің салт-сана­сына, көзқарасына, өмір сүру дағдысына ыңғайлы елдерді таңдауы белең алып келе жатыр. Өзінің болашағын АҚШ-тағы қоғамдықтармен, не Германиядағы қауымдастықпен байланыстыратын әрбір азамат сол елдің өмір салтына, ішкі және сыртқы саяси-экономикалық жағ­дайына қызыға бастайды. Яғни, сол мем­лекеттерге көшуге алғышарттар жасайды. Үшіншіден, біліктілігі жоғары, әсіресе шетелде білім алған азаматтардың шетелге көшуінің басты себебі мотива­циялық негізіне келіп тіреледі. Өйткені ең алдыңғы қатарлы университеттерді бітірген жастар өзінің білімін, жинаған потенциалын дамыған елдердің экономи­касына ғана пайдалана алатынын тү­сінеді. Дамыған елдердің экономикасы ғана қажетті инфрақұрылымды қамта­масыз етеді.
Сыртқа кетіп жатқандарды келіп жатқан қандастарымыз демографиялық жағынан толтыратыны сөзсіз. Бірақ олардың елдің экономикасына, өндірісіне қаншалықты әсер ететіні зерттелмеген. Дегенмен Монғолиядан, Қытайдан кел­ген қазақтардың елдің экономи­касына, мәдениеті мен руханиятына тигізген үлесі өте зор.
Білімді, білікті жастарды елде ұстап қалу тек Қазақстанның ғана емес, да­мыған елдердің де өзекті мәсе­лесіне айналған. Малайзияда, Үндістанда және Еуропаның бірқатар елдерінде, оның ішінде Англияда білікті жас ма­мандарды елде қалдыруға арналған бағдарламалар қабылданған. Дамыған Ұлыбритания елінің өзінде көптеген инженерлік ғылымдар, ақпараттық ІТ мен биотех­нология ғылымдарының білікті ма­ман­дары АҚШ-қа кетуде. Қазақстанда адами ресурстарды дамыту жөнінде концептуал­дық көзқарас керек. Мәселен, «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласынан өзге жастардың тікелей экономикалық-әлеу­меттік шарт­тарын қамтамасыз ететін прагматикалық бағдарламалар керек. Біздегі көптеген бағдарламалар әлеу­меттік жағдайды қарастырғанымен, зият­керлік элитаны қалыптастыруға бағыт­талмаған.

 

P.S. Мықты мамандар елімізге де керек. Шетке кететін қазақтардың дені – тілді еркін меңгергендер. Әрине, бұл тіл білудің зияны бар деген ой емес. Басты дүние – мемлекеттік бағдарлама түзуде. Талантты, талапты, білімді жастың елге, мемлекетке қызмет еткені қажет. Ол үшін «елге қызмет етпей қоймаймын» деген әр жасқа қолдау білдіргеніміз дұрыс. Сонда ғана отандастарымыз мұхит асып, Еуропаға бағыт алмас еді. Сарапшыларымыз айтқандай, миграция мәселесі – әлем халқының да бас ауруына айналған. Бұл аурудан құтылудың жолы – адам ресурстарын дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қажет. Сөйткенде ғана мықты маманды елде ұстап қала аламыз.

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер