Жақында ғана Ұлттық банк ресми ақпарат таратып, 2018 жылдың екінші жартысынан бастап банктер «7 – 20 – 25» бағдарламасы негізінде ипотекалық кредиттер бере бастайтынын жариялады.
– Бірінші жартыжылдықта барлық дайындық шараларын аяқтап, жылдың екінші жартысынан бастап, банктер жаңа бағдарлама аясында несие бере бастайды деп күтілуде. Бұл кредиттердің алғашқы бөлігі рәсімделе салысымен біздің компания, еншілес ұйымдар аталған кредиттерді сатып алып, механизм іске қосылады, – деп мәлімдеді Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.
Бұл ретте «7 – 20 – 25» бағдарламасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен біріктіріледі. 5 жыл ішінде бағдарлама меңгерушісі –Ұлттық банктің еншілес ұйымы 1 трлн теңге көлемінде займдар береді. Смоляковтың айтуынша, банктер ипотека ретінде бір жылға 70-80 млрд теңге бөледі. 20 млн теңге несие алған адамның айлық төлемақысы 140 мың теңге болады. Тиісінше, 7 млн теңгеге ие болған қарыз алушы айына 50 мың теңге төлеуі тиіс. Осы орайда басты қаржылық қадағалаушы орган бағдарламаны жүзеге асыруды төрт негізгі кезеңге бөліп қарастырады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те Ұлттық банк жасаған механизм негізінде сәуір айында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін хабарлаған. Аталған өзгерістер негізінде тұрғын үй құрылысының көлемі артады, сондай-ақ «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» тұрғын үй займдарын беру параметрлері қайта қарастырылады.
Жылдың екінші жартысынан бастап, ипотекалық жаңа несиелердің берілуі өз кезегінде тұрғын үй бағасының қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін. Мұны сарапшы Ғалия Омарова да растайды.
– «7 – 20 – 25» бағдарламасы азаматтардың төлем қабілетін және құрылыстың даму қарқынын арттырады. Былтыр шілде айында басталған «Нұрлы жер» ипотекалық несиелендіруді субсидиялау бағдарламасы сатып алу – сату жағдайында өсімді анық көрсетті. Бұл тұрғын үйге деген сұраныс бар екенін, халықты қолжетімді қаржылық құралдармен қамту керек екенін, сол құралдың бірегейі – ипотека екенін айғақтайды. Жылдық 7 пайыз – орта табысты қазақстандық үшін қолайлы мөлшерлеме. Егер бір адам 25 жылға 20 млн теңге жылына 7 пайызбен, алғашқы төлемі үй құнының 20 пайызы негізінде алатын болса, онда ол айына 113 000 теңге төлейді. 20 миллионға екі немесе үш бөлмелі пәтер алуға болады. Үйде екі адам да жұмыс істеп тұрса, аталған қаражатты төлеу қиын емес. Дегенмен төлеу мерзімі ұзақ болған сайын, артық төлеу де арта беретінін ұмытпау керек. Сол себепті, кредитті барынша қысқа мерзім ішінде жауып тастауға тырысқан дұрыс. Бағаға келер болсақ, жыл басынан бері жылжымайтын мүлік нарығында тоқыраудың азайып жатқанын аңғарамыз. Тұрғын үй бағасына макро және микроэкономикалық факторлар көп әсер етеді. Ең маңызды факторлар – құрылыстың өзіндік құны және сұраныс. Яғни, алдағы уақытта тұрғын үй құнының өсімі күтіледі, – дейді сарапшы.
Сарапшы пікірін Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегімен тұздықтай кетсек. Жыл басынан бері елімізде тұрғын үй бағасы қымбаттаған. Ақпан айындағы мәлімет бойынша жаңа салынып жатқан құрылыстардағы бір шаршы метрдің құны – 260 613 теңге. Ал қазақстандықтар арендалық тұрғын үйдің шаршы метріне 1335 теңгеден төлеуге мәжбүр. Бұл цифр бағаның былтырмен салыстырғанда 0,5 пайызға өскенін білдіреді.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ басшысы Үміт Шаяхметова отандық БАҚ-қа берген сұхбатында «7 – 20 – 25» өте күрделі жоба екенін, оны қолданысқа енгізу мен бақылаудың қиынға соғатынын айтыпты.
– Бұл арзан ипотеканы 25 жылға алу мүмкіндігін береді. Бұл – сөз жоқ халықты қолдау. Алайда қазір бағдарлама туралы егжей-тегжейлі әлі білмейміз, тек Ұлттық банктың еншілес компаниясы пайда болатыны ғана белгілі. Бұл схема қиындау. Біз басқаша жол ұсынған едік – екінші деңгейлі банктерге 3 пайыздық маржамен (айырым) ақша беру және қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме – 7 пайыз. Аталған бағдарлама ақшаны тез игеріп кетуге мүмкіндік беруші еді. Сосын банктер пайызсыз жұмыс істей алмайды. Онда мемлекет үнемі банктерге көмектесіп, капитал салып отырады. Біз сүйеніп отырған орташа маржа – операциялық шығындар, желіні қолдау, қызметкерлерге жалақы беру деген сияқты қызметтерге кетеді. Сол себепті, мемлекет тарапынан 3-4 пайыз банк маржалары болса деп айтып отырмыз, – дейді Үміт Шаяхметова.
Дегенмен Үкімет бағдарламаның сәтті жүзеге асуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқандай. Жуырда ғана жаңа ипотекалық бағдарламамен қатар Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» өз қызметтерін жалғастыра беретіні айтылды.
– Біріншіден – ТҚЖБ-ның барлық жеңілдік шарттары сақталады. Екінші-ден – ТҚЖБ-ның «Нұрлы жерге» де, «7 – 20 – 25» бағдарламасы да қатысуы сақталады. Егер инвестор қаламаса, біз оны бермейміз. Үшіншіден – жыл сайынғы қорландырудан түскен 20 пайыздық мемлекеттік сыйақы сол күйі қала береді, – деді Ұлттық экономика министрі.
Қазіргі таңда жаңа бағдарламаға деген көпшілік қызығушылығы жоғары. Сарапшылар да осы жолы жаңа ипотекалық жобаға қатысушылар саны әдеттегіден көп болады деп болжап отыр. Айдың соңындағы нақтылы талап пен тәртіп бекітіліп, сәуір мен мамырдағы түбірлі өзгерістер «7 – 20 – 25» бағдарламасын «отқа жанбайтын, суға батпайтын» жобаға айналдырады деп сенейік.
Бірінші кезең – ипотекалық несиелерді секьюриттеу (бағалы қағаздарды кредит капиталы ретінде пайдалану) механизмін қалпына келтіру; банктер мен қор нарығы мүмкіндіктерін максималды пайдалану.
Данияр АҚЫШЕВ,
Ұлттық банк төрағасы:
– Ұлттық банк басқармасы жақын уақытта 100 пайыздық еншілес арнайы компания құру мәселесін қарастырады. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық банк қаражаты негізінде қалыптасады. Компания «7 – 20 – 25» формуласы бойынша ұсынып отырған жаңа ипотекалық кредиттерді сатып алу үшін оған капитал керек. Міне, секьюриттеу дегеніміз осы.
Екінші кезең – аталған компаниялардың қаржылық агенттік ретінде қалыптаса бастауы. Компаниялардың облигациясы үшін – мемлекеттік құнды қағаздарға салынғандай салық жүйесі салынады. Бұл тұрғыда Ұлттық банк тиісті заң жобасын Үкіметке жолдайды.
Үшінші кезең – тұрғын үй бастамасы ұсынып отырған жаңа мүмкіндік – әр адамға берілетін жеңілдік шарты. Бірақ бағдарлама «ұзын арқан, кең тұсауға» салынып кетпеуі қажет. Әлбетте болашақ борышкерлер қаржылық тұрғыда төлем қабілеттілігін растауы тиіс. Бағдарламаға ресми табысы бар қазақстандықтар қатысады. Қазір банктер нақты талаптарды түзіп жатыр.
Төртінші кезең – жеңілдетілген ипотекалық кредиттер толық қамтамасыз етілген және қайтарымды болғаны абзал. Ұлттық банк төрағасының сөзінше, соңғы жылдары ипотекалық кредиттердің сүйкімін кетіріп жіберген кейбір талаптар қайта қаралады.
Абай АЙМАҒАМБЕТ
Дереккөз: aikyn.kz