Бұдан жиырма жыл бұрын Гарвард Бизнес Мектебінің оқытушысы Клей Кристенсон алпауыт компаниялардың санаулы ғана күні қалды деп тон пішкен. Айтулы теориясында «тоқтату, тақыр-таза құрту» мағнасындағы «to disrupt» етістігін қолданған Кристенсон алыс-жақынды түгел дүрліктіреді. Іргесі бүтін, даңғайыр фирмалар белгісіздеу ғалымның үрейлі лепесін сол кезде қаперге алмаса да, алдағы жылдары шындықтан алыс еместігін аңдай бастады
Кристенсон табысы таудай, алып компаниялар клиенттердің көңілін тауып, жап-жақсы басқарылса да, бәрібір бәйгені беріп қоятынын айтады. Оның пікірінше, капиталы шақтаулы шағын фирмалар бизнестің негізгі ережелері мен тамырлы тұрғыларын бірте-бірте өзгертіп, алға озғындап шығады. Олар әуелде сыннан өтпеген, шикі модельдерді қолданып, іргелі компаниялар шығаратын өнімдер мен қызметтердің біршама арзан баламаларын жасайды. Кейін оларды тұрмысы жадау, қалтасы жұқа қауымға сатады. Осылайша үлкен фирмалардың назарынан тыс қалған біраз жұртты бауырына басады. Уақыт өте келе, құрығы ұзарып, жуан компаниялардың клиенттік базасын торуылдауға көшеді. Ақырында, түгелге жуық меншіктеп алады.
Кристенсонның теориясына сәйкес, тоқтатушы, бұзып жарушы инноваторлардың (disruptive innovators) бәрі дерлік атаулы салада кешеге дейін белгісіз боп келген, жаңа адамдар, жаңа фирмалар. Тақау жылдарда ғана атаққа шыққан Apple компаниясы – сондай мықтылардың бірі. Ол ғана емес. Өткен ғасырмен салғастырсақ, АҚШ-тың ең алып компанияларының тізімі айтарлықтай өзгергенін көреміз. Қазірде, Exxon Mobil, Chevron тектес табиғи байлықты өндіруші қарымды компаниялармен бой таластырып Apple, Microsoft, Facebook сынды кеше ғана пайда болған фирмалар тұр. 2014 жыл қорытындысы бойынша Fortune 500 тізімінде ең көп пайда тапқан компания ретінде Exxon ($32.5 миллиард) емес, Apple ($39.5 миллиард) танылған. Демек, Кристенсонның жорамалы тура шықты. Бірақ жаңа компаниялардың орағытып, шеттен бастауы шарт емес екен. Түбегейлі дайындық болса, тура шауып та, төбедегіні алуға болады.
Әлбетте, сөз болып отырған кішігірім фирмалардың жалпы жұрт қабылдаған, ғылымда орныққан ортақ атауы бар. Оларды стартап деп атайды. Merriam-Webster сөздігіне жүгінсек, стартап сөзі «бизнесті немесе әлдебір бір әрекетті бастау, жүзеге асыру» дегенді білдіреді. Ал American Heritage Dictionary «стартап» сөзін «жақында басталған бизнес» деп түсіндіреді. Бір сөзбен қайырсақ, стартап – тақау уақытта басталған, келешегінен үміт күттіретін коммерциялық жоба.
Әдетте, кез келген стартап өзінің бастапқы қасиеттерін арада 3 жыл өткенде жоғалта бастайды. Оған себеп – өзге ірі компания тарапынан сатып алынуы, қомақты кірістер, 80-нен астам жұмысшы, өздеріне тиесілі акцияларды сатқан ко-фаундерлер, т.б. Алайда, базбір компаниялар қанша жыл өтсе де, өздерінің стартаптық болмысын сақтап қалады. Мәселен, Time журналы, Apple компаниясын әлі де өсім қабілетін жоғалтпаған, әр қилы нарықтағы бірегей тауарларды шығаруға дайын озық стартап деп кейіптейді.
Былтыр NASDAQ биржасының тізіміне ілінген мәшһүр стартаптардың дені АҚШ, Қытай және Израильге тиесілі болып шықты. АҚШ экономикасынан 301 есе кіші Израиль жылына 1000-ға жуық жаңа компанияны нарыққа шығарып, стартап саны бойынша адам басына шаққанда ешкімге дес бермей келеді. Оларға деген халықаралық инвесторлардың сенімі аса жоғары, тіпті, америкалық старт-аптардың баламасы ретінде қарастырылып та жатады.
Израильдегі стартаптардың басым көпшілігі технология саласында шоғырланған. Атаулы стартаптарға қытайлық бизнесмендердің көзі түскелі көп болды. Алайда ауқымды, ірі келісімдерге тек 2014 жылдан бастап қол қойыла бастапты. Мәселен, Alibaba өз кезегінде PingAn Ventures және Visualead-ке ақша құйса, Baidu-да қалыспай бірнеше жергілікті венчурлі капиталды компанияларға таңдауы түскен. Қытайлық Yuanda Enterprise Group ирригация және тыңайтқыштармен шұғылданатын израильдік AutoAgronome-ді 20 миллион АҚШ долларына сатып алған екен. Өткен жылдың басында тағы да бір қытайлық Bright Food израильдік сүт өнімдері компаниясының 56 пайыз акциясын иемденген.
Стартаптарға деген қызығушылық басқа бір тараптағы кері кету, божыраумен тікелей байланысты. Соңғы уақытта әйгілі брендтердің дабырасы көмескі тартып, нарықтағы өрісі тарылып келеді. Қазіргі онлайн ревьюлар мен әлеуметтік желілердегі риясыз комменттер көп жылдар бойы жарнама арқылы кез келген тауардың ұтырлы имиджін қалыптап келген алпауыт компанияларға сор боп жабысты. Интернеттің көмегімен ұжымдасып, сыр бөлісетін тұтынушы қауым кейінгі жылдары анағұрлым сақ, мейлінше талғампаз боп алды. Бұрыннан келе жатқан, үйреншікті дүниеге емес, сапасы тәуір, жаңа тауарға пейіл беретін мінез танытуда. Көзге қанықты, атышулы брендке келгенде әмиянын ақтара салатын адамдардың азайып бара жатқанын Итамар Симонсон мен Эмануел Розен де бірге түзген еңбектерінде бажайлап түсіндіреді (Absolute Value: What Really Influences Customers in the Age of (Nearly) Perfect Information).
Соңғы зерттеулер де үйлес қорытындыға келуде. Хавас маркетинг фирмасының сұрауына қатысқан Солтүстік Америкадағы тұтынушылар брендтердің 80 пайызына оншама сенбейтінін айтқан. Еуропалықтардың көзқарасы әлі де оң, олардың арасында атаулы көрсеткіш 40 пайызды құраған. Тұтынушылар, әсіресе, тарихы байтақ, әйдік брендтерге күдікпен қарайтын боп жүр. Минтел зерттеу фирмасы АҚШ-тағы тұтынушылардың жарымына жуығы көлемі шағын, қарымы қысқа фирмалардың қызметі мен тауарына бүйрегі бұрыс екенін анықтаған.
Мұның бәрі құрғақ сөз емес, әрекетке көшкен нақты байлам екені аңдалады. Каталина намындағы маркетинг фирмасының зерттеуі көрсеткендей, өткен жылдың алғашқы жартысында ең таңдаулы 100 тұтынушы тауарының аз-кем емес, тура 90-ы нарықтағы үлесін жоғалтыпты. Қытай және басқа да дамушы маркеттерде ұқсас трендтің сұлбасы байқалады. Жергілікті халық әлі атаққа шықпаса да, ел шегінде жасалатын, тәуір дүниенің сырттан келетін дақпыртты тауарға сапа жөнінен дес бермейтінін таныған. Анығы, Қытайда шетелден келетін тұтынушы тауарлар 26 категорияның 18-і бойынша нарықтағы үлестерінен айырылуда.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр» деген. Бұрнада үлкенді-кішілі дағдарыс басталса, тамырлы компаниялар мызғымайтын, алып бәйтерек сияқты бір орында тапжылмай тұра беретін. Алайда соңғы үдерістер жаңа идеялармен қаруланған стартаптардың да бағы көтеріліп, мұратқа жетуі мүмкін екендігін көрсетеді.
Дерек көзі: jakhan.kz