«Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қазақтың қарғысы бар. Өзгенің пікіріне құлақ аспайтын, өзінікін ғана әрдайым дұрыс санап қателікке жиі бой алдыратындарға қарата айтылса керек.
Осыдан үш жыл бұрын бір танысым жұмысынан шығып қалып, ренішін білдірді. Айтуынша, ұжымда әділеттілік жоқтың қасы, өзінен басқаның бәрі өз жұмысын атқара алмайды, өзі болса қойылған міндеттерді еселеп орындайды. Оған дейінгі қызметтерінен де осыған ұқсас уәжбен кеткен. Алдыңғыда айтылған наздарына мән бермеген едім, сол жолы мұқият тыңдадым, өйткені оның соңғы кәсіби ұжымын жақсы білетінмін. Шын мәнісінде мәселе компанияда емес танысымның өзінде болатын. Жұмысты қырып-жойып жатқандай кейіп танытады, бірақ тапсырманың орындалуы ойдағыдай емес, қолынан келмейтін істі «қатырамын» деп мойнына алып, соңында дұрыс орындамайды. Ағаттық өзінен кеткенін ашық айтқанымда, сын-пікірімді қабылдамады.
Содан бері бірнеше жыл өтті. Осы күнге дейін араласып тұрамыз. Байқағаным, бұрынғы соқыр сенімділігінен әлі арылмаған. Менің қолымнан бәрі келеді, бірақ ешкім оны бағаламайды, дәл қазір үлкен мекеменің тізгінін ұстатса да алып кете аламын дейді. Егер кемшілігін мойындап, оны қалай түзеймін деген сұраққа жауап іздесе, әлгі танысым бүгінде қандай жетістікке жетер еді деп ойлаймын. Кемшілікті мойындау соншалықты қиын ба? Мұным дұрыс емес, мынауым қателік болды деуден қай адам зардап шегіп еді? Есесіне қателікті дер кезінде мойындау, оны жылдам түзетуге жол ашпай ма?
Адамның бойындағы кемшілікті дерт деп қабылдайтын болсақ, диагноздың дұрыс қойылуы емделудің алғышарты емес пе? Иә, кемшілікті мойындап, бірақ еш амал жасамайтындар аз емес. Он адамның тоғызы кінәраттың неден екенін біле тұра, оны жөндеуге ерік-жігер танытпауы мүмкін. Яғни мойындасам бәрі өз орнына келе қалады деу де жаңсақ тұжырым. Алайда белгілі бір ақауды түзету үшін кемі ол ақаудың бар екенін жоққа шығармау қажет. Тұмаумен, не гастритпен ауыратын адам менің денім сау деп жүре берсе ауру асқынып, салдары еселенетіні белгілі. Дәл сол секілді кемшілігін кемшілік деп қабылдамайтындар да жағдайды одан әрі ушықтыра түседі.
Даннинг-Крюгер эффектісі осы жағдайды жақсы түсіндіреді. Ол бойынша біліктілігі төмен адамдар сәтсіз шешімдер қабылдап, қате қорытынды жасайды және біліктілігінің төмен болуына байланысты өз қателіктерін аңғаруға қабілетсіз келеді. Керісінше, біліктілігі жоғары адамдар өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін төмен бағалап, өзгелерді мықтырақ санайды. Шынымен де, өзіне сыни көзбен қарау, мүмкіндіктеріне объективті баға беру көбіне парасатты адамдарға тән.
Егер қоғамды бүтін бір ағза деп қабылдар болсақ, қателікті мойындамау қоғам үшін де қауіпті. Біз қандай да бір мәселенің бар екенін саналы түрде қабылдамасақ, жағдай одан әрі нашарлай береді. Жасанды түсік біздің қоғамға жат деп жүргенде, аборт саны бойынша әлем елдерінің көшін бастауға шақ қалдық. Өзіне өзі қол жұмсау талқылайтын мәселе емес деп жүргенде, жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша дүние жүзінде бірінші орын алып отырмыз. Жастардың құндылықтары ерекше мәселе екенін мойындамай жүргенде, неке қию саны күрт азайып, ажырасу көрсеткіші жоғарылап келеді. Әйелдің көзін көгертіп, баланың басынан ұруды қалыпты жағдай деп қабылдайтын қоғамда зорлық-зомбылық өршиді. Осы секілді мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Түйін біреу. Мәселені мойындамау өздігінен оң шешімге әкелмейді.
Неліктен біз қателікті мойындаудан сонша қорқамыз? Бәлкім мұның сыры өркениетіміздің өзгешелігінде болар? Шығыс қоғамдарында қателіктің құны өте жоғары екені мәлім. Бізде шалыс қадам жасаған адамға екінші мүмкіндіктің берілуі қиын. Біз қателікке тәжірибеге апарар жол ретінде емес, үкім ретінде қараймыз. Жаңылмайтын жақ болмайды дейміз, бірақ жеме-жемге келгенде жаңылысқан адамды кешіре қоймаймыз. Мүмкін бізге қоғам болып өзгеру керек шығар? Әлгі танысым осы қоғамдық стереотиптің құрбаны болар? Солай екен деп ақтап алайын десең тағы болмайды. Сөз еркіндігіне кепілдік берілген ашық қоғамдарда да кемшілігін жасыратындар жоқ емес, дәл сол секілді қателікке қатал келетін біздің қоғамда да әлсіз тұсын мойындай алатын батыл адамдар көптеп кездеседі. Мүмкін қоғам да, адам да бірге өзгеру керек шығар. «Біз кімбіз?», «Біздің бұл өмірдегі орнымыз қандай?», «Істеріміздің біреуге зияны тиіп жатқан жоқ па?» деген секілді сұрақтарды өзімізге жиі қойсақ парасатты адам болуға, ашық қоғам құруға бір табан жақындай түсерміз.
Дархан ӨМІРБЕК, «Егемен Қазақстан»