– Қаладағы мен даладағыны, ойдағы мен қырдағыны, атамекені мен жақын шет елдердегі дүйім қазақты ортақ үнге ұйытқан қасиетті қарашаңырақ құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр екен. Құтты болсын!
– Рахмет!
– Бүгінгі күні еліміздің ақпарат кеңістігінде радионың ықпалдылығы қандай?
– Расында, ұлы даланың үніне, тұтас бір дәуірдің дауысына айнала білген Қазақ радиосы бір ғасырға жуық уақыттан бері халыққа қызмет етіп келе жатыр. Көрнекті жазушы, қазіргі қазақ журналистикасының атасы Шерхан Мұртаза ағамызша айтсақ: «Қазақ радиосы – республика мәдениетінің бел омыртқасы. Жылдамдығы жағынан газеттен де, теледидардан да шапшаң». Ал профессор Намазалы Омашевша әспеттесек: «Радио тәулігіне 40 «Правда» газетіне жүк болатын материалдарды эфирге беріп келеді».
Радио – бұл электронды ақпарат құралдары ішіндегі тыңдаушылар үшін, халық үшін ең қолайлы әрі күй талғамайтын ақпарат алу құралы ғой. Радиоқабылдағыш болса болды, ойда да, қырда да, көлікте де, ұшақта да, жүріп те, жатып та тыңдай беруге болады. Әрі 95 жыл бойы халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, елдікті ұран етіп, мемлекеттің туын көкте желбіреткеніндей, әуе толқынындағы ұлттың үн байрағына айнала білді. Өзіңіз де білерсіз, 28 қыркүйек күні Қазақ радиосының 95 жылдығына орай Астанадағы «Қазмедиа орталығында» салтанатты шара өтті. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жиынға қатысып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Онда радионың торқалы тойы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін айта келе: «Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосы – ел Тәуелсіздігін тұғырлы етуге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Ел бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосуда» делінген екен. Осыған қарап-ақ, Қазақ радиосы елімізде отаншылдық пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің орнығуына ықпал етіп келе жатыр деп айтуға болады.
– Сіздердің негізгі тыңдармандарыңыз кімдер?
– Қазіргі кезде Қазақ радиосы әңгіме жанрындағы радиоға айналып отыр. Өйткені, тұтас эфирдің 75 пайызы сөз, яғни мемлекеттік тапсырыс аясындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, әдебиет, мәдениет, өнерге арналған хабарлар болса, қалған 25 пайызы музыка деуге болады. Бізді 7-дегі баладан 70-80-дегі ата-апаларымызға дейін тыңдайды десек, қателеспейміз. Оны және күн сайын тікелей эфирге соғылатын жүздеген қоңыраулардан да байқауға болады.
– Радио апта сайын 148 хабар эфирге шығарады екен. Берілетін хабардың мазмұны қалай, қандай салаларға басымдық берілген?
– Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосында ақпараттық-сараптамалық, қоғамдық-танымдық, әдеби-музыкалық, жастар мен балалар хабарларына басымдық беріледі. Сонымен қатар, Қазақ радиосы 9 тілде хабар тарататынын да айта кету керек: қазақ, орыс, ағылшын, неміс, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілдерінде.
Ал қазіргі кездегі бірқатар жобаларды атап өтсек: Жаңалықтар/Новости күн сайын әр жарты сағатта эфирге шығады. Тәулігіне – 34 ақпараттық шығарылым: олардың 17-сі – қазақ тілінде, 17-сі – орыс тілінде. «Қайырлы таң, Қазақ елі!» – ақпаратты-ойын-сауықтық, танымдық бағдарламасы. Күн сайын 7.00-9.00 аралығында. Радиоконференциялар: «100 нақты қадам» – «100 конкретных шагов», «Вопросы – Ответы», «Терроризм», «Денсаулық» және «Sport.kz». Әлеуметтік желілердің тыныс-тіршілігін радио тыңдармандарына жеткізу мақсатында ашылған «Online FM» хабарын айтуға болады.
Әр бағдарламаға танымал блогерлер, әлеуметтік желі қолданушылары, БАҚ жетекшілері шақырылып, қоғамдағы өзекті мәселелер туралы сөз қозғалады. Қызықты тұстарынан үзінділер әлеуметтік желілерге (Фейсбукке) орналастырылады. Бұған қоса, әртүрлі салалар бойынша тиісті мекемелермен бірлескен жобаларымыз да бар.
– Рейтингісі бойынша қандай бағдарлама көп тыңдалады?
– Электронды ақпарат құралдарында прайм-тайм деген нәрсе бар. Ол – ең көп тыңдалатын не қаралатын уақыт. Демек, таңертең ел жұмысқа әзірленіп, бара жатқан уақыттарда, түскі үзіліске шыққанда және кешке жұмыстан қайтар мезгілде берілген хабарлар көп тыңдалады.
– Прайм-таймға мазмұны терең хабарларды қоюға тырысасыздар ма?
– Әрине, мазмұны терең және көпшіліктің сұранысына сай хабарларды қоюға тырысамыз.
Мазмұн дегеннен шығады, Қазақ радиосы соңғы жылдары аудиокітап нұсқаларын эфирден бере бастаған. Қазіргі кітап оқылмайтын заман үшін бұл тыңдаушыға таптырмас тәсіл деп есептейміз. Мәселен, Қазақ радиосының директоры Махат Садықтың бастамасымен заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тұңғыш рет аудионұсқасы әзірленіп, Қазақ радиосынан да, «Шалқар» радиосынан да эфирге берілді. Оны диктор Аманжан Еңсебайұлы оқыды. Қазақтың даңқты батыр-жазушысы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», «Наша семья» хикаяттарын да эфирде екі тілде сөйлеттік.
Сол секілді, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Автобио-гафия. Нурсултан Назарбаев» атты 28 сериялық жобасы, «Мыслями с народом поделюсь» шығармасы Ресейдің «Радио России» радиостанциясымен бірлесіп эфирден берілді. Бұл хабарлар Ресейде де таратылып, екі елдегі радиосайттарға да қойылды. Бұдан басқа, Елбасының еңбектері бойынша әзірленген «Қазақстан жолы», «Казахстанский путь», «Ой бөлістім халқыммен», «Өрелі өмір өнегесі», «Еуразия жүрегінде», «В сердце Евразии» кітаптары эфирден оқылды. Ал алда ҚР Тұңғыш Президентінің әр жылдарда жарық көрген кітаптарынан, мақалалары мен сөйлеген сөздерінен іріктеліп алынған толғамдары мен қанатты сөздері «Жылдар мен ойлар», «Времена и думы» радиосериалдарында берілмек.
– Радио – шекара дегенге бағына бермейтін ақпарат құралы. Осы ретте, Қазақ радиосының халықаралық байланыстары қандай?
– Қазақ радиосы шетелдік радиостансалармен әріптестік байланыс орнатқан. Мәселен, жазушы Александр Бектің «Волоколамское шоссе» романының 134 сериядан тұратын аудионұсқасын «Мир» радиостансасы әзірлеп ұсынды. «Мир» радиостансасының ТМД мен Грузия мәдени өмірінің маңызды оқиғалары туралы апта сайын шығаратын «Это – мы!» бағдарламасына да атсалысып, онда Қазақстандағы маңызды мәдени жаңалықтар туралы апта сайын хабарлап отырамыз. Бұл хабар Қазақ радиосымен қатар, ТМД елдеріне және Грузияға таратылады. Мұндағы мақсат – ТМД елдерінің жаңалықтары негізінде бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістік құру болып табылады.
Бүгінде Қазақ радиосы «Радио Россий» және Беларусь радиостансаларымен де әріптестік орнатқан. Мәселен, «Астана-Мәскеу», «Астана-Минск» радиокөпірлерінде екі елге ортақ білім, мәдениет, туризм сынды тақырыптар талқыланады.
– Бүгінге дейін көпшілік ықыласына бөленген, ең ертеден келе жатқан бағдарламаларыңыз қандай?
– «Жаңалықтар» «Қаламгер», «Денсаулық», «Інжу-маржан», «Заңгер кеңесі», тағы басқалар.
ҚОРЖЫНЫМЫЗҒА ТҮСКЕН 100 ӘННІҢ 20-25-і ҒАНА ЖАРАМДЫ БОЛЫП ШЫҒАДЫ
– Музыка Қазақ радиосы бағдарламаларының 25 пайызын құрайды екен. Ән мәтіндеріне келгенде қоғамда жиі сын айтылады ғой. Радиодан берілетін музыкалық туындылар көркемдік кеңестің іріктеуінен өте ме?
– Әрине, іріктеуден өтеді. Қай кезде де Қазақ радиосына қабылданатын музыкалық шығармалар Көркемдік кеңестің қарауынан өтіп барып, эфирге жолдама алатын болған ғой. Бұған дейін эфирден берілетін ән-күйлерді Төлеген Мұхамеджанов, Жоламан Тұрсынбаев, Секен Тұрысбеков, Балнұр Қыдырбек, Нұртілеу Иманғалиұлы, оның алдында Әшірбек Сығай, Берік Жүсіп, Көпен Әмірбек, Серік Сейітман секілді тұлғалар қарап келген болатын.
– Редакцияға жолданған әндердің жарамсыз болып қайтарылатын жағдайы жиі бола ма?
– Болады. Мәселен, тоқсанында қоржынымызға 100 ән түссе, соның ары кеткенде 20-25-і ғана эфирге жарамды болып келеді де, қалғандары електен өтпей қалады. Мұндайда әннің сөзі, музыкасы, орындалуы, көркемдік сапасы – бәрі жеке-жеке тыңдалып, сынға алынады.
– Бұрын жаңағы тұлғалар қарайтын дедіңіз ғой. Қазір кімдер қарайды?
– Қазір Көркемдік кеңестің жаңа құрамы жасақталып жатыр…
– Қазақ радиосын қасиетті қара шаңыраққа айналдырып, құнын арттырып отырған бірден-бір нәрсе ел арасында «дауыстар музейі» аталатын «Алтын қор» екені белгілі. «Алтын қорда» қазір қанша материал бар?
– Расында да, бір ғасырға жуық уақытта Қазақ радиосының эфирінен небір хабарлар берілді. Оларда қоғамдағы маңызды оқиғалар талқыланып, ұлт әдебиетінің алыптарына айналған ақын-жазушылардың шығармашылығы насихатталды. Сондағы тұлғалардың дауыстары қазір Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған.
Қазақ радиосының 1948 жылдан бері жинақталған «Алтын қорында» жалпы хронометражы 20 мың сағатқа жуық үнтаспа бар екен. Ол үнтаспалардың жалпы саны 100 мың данадан асады. Бүгінде бұл үнтаспалар қазіргі заманғы технологиялар талаптарына сәйкес цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Бұл процесс біршама уақытты талап ететіні сөзсіз.
– Оларды жоғалтып алу қаупі жоқ па? Жалпы сақталуы қалай?
– «Алтын қордағы» үнтаспалардың сақталуы ойдағыдай деп айтуға болады. Жоғалып, өшіп кету қаупі бар үнтаспалар реставрациядан өткізіліп тұрады. Мұндай өңдеуден өткен шығармалар эфирде де беріліп жүр.
– Ал бүгінгі күні «Алтын қор» толықтырылып отыр ма?
– Әрине, «Алтын қор» толықтырылып келеді. Кезінде үнтаспаларды сақтауға орын тапшы болғандықтан, көп шығармалардың, хабарлардың, музыкалардың ішінен ең қажетті дегендері ғана сұрыпталып алынған болса, қазір ондай қиындық жоқ. Мәселен, Кіші көркемдік кеңестің шешімімен «Інжу-маржан», «Терме» хабарларының авторы Қошан Мұстафаұлының соңғы 5-6 жылда 400-дей хабары «Алтын қорға» қабылданды. «Күй-шежіре», «Наридірген» хабарларының авторы Сәрсенғали Жүзбаевтың 200 хабары, жазушы Темірхан Момбекұлының «Отырар кітапханасы» хабары, басқа да бірқатар журналистердің хабарлары қорға қабылданды. Аманжан Еңсебайұлының «Қаламгер: қазақ әңгімелері», Ләззат Қапышеваның «Өмірдің өзі новелла» хабары, Бақыт Жағыпарұлының «Қазақ руханияты», Серік Сейітманның «Зиялы қауым», «Парыз», Жанат Жанұзақтың «Ел ағалары», «Кәусар», Нұржамал Хасанқызының «Қаламгер: поэзия антологиясы», т.б. сияқты хабарлары көп жылдарға дейін маңыздылығын жоймақ емес.
ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІНДЕ ЕҢ БІРІНШІ ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ РАДИОСЫ СӨЙЛЕП ТҰРУЫ КЕРЕК
– Радио дегенде ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек ағамыздың: «Астанамыздың орталық алаңында, орталық саябақта ылғи «Русская радио», «Европа плюс Казахстан» қойылып тұрады. Неге «Европа плюс Казахстан» болуы керек? Алаңда неге «Русская радио» самбырлап тұруы қажет? Осы мәселені неге көтермейсіңдер?» деген сөзі ойға оралады…
– Дұрыс айтасыз. Қазақтың жерінде ең бірінші қазақтың төл радиосы сөйлеп тұруы керек. Өйткені онда мемлекеттік мүдде, ұлт саясаты, әлемдегі және өз еліміздегі соңғы жаңалықтар, қала берді қазақ әуендері, әні мен күйі бар. Бірақ, өкінішке қарай, бізде отаншылдық рух жетіспейді. Дегенмен, көңіл қуантатын жәйттер де бар. Мәселен, соңғы бір жыл шамасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшіміз Ерсұлтан Әмірбектің бастамасымен, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы болған Күлия Айдарбекқызының ықпалымен аймақтағы ірі орталықтарда, аудандардағы мәдениет сарайларында, сауда үйлерінде, көшеде, жалпы 25-30 жерде Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосын таң азаннан кешке дейін қосып қойды. Осының өзі-ақ қазақ халқының ұлттық үрдістерге оралуына оң әсер етері сөзсіз.
Осы дәстүр еліміздің барлық аймақтарына, облыс, қала, аудан, ауылдарға үлгі боп, жалғасын тапса дейсің. Дегенмен, «көш жүре түзеледі», оның да реті келер.
– Оңтүстікте жүзеге асқан сол бастаманы енді Алматы мен Астанада жолға қоюға болмай ма? «Қазақ радиосы» басшылығының өзі осы мәселені қолға ала алар ма еді?
– «Қазақ радиосы» басшылығының өзінің көпшілік орындарға радио қостырып қоя алатындай механизмі жоқ. Сондықтан, мұндай бастаманы өзін «Қазақстанның патриотымын» деп санайтын белгілі дәрежеде қолында билігі бар азаматтар іліп алып, жалғастырса, құба құп болар еді.
– «Қазақ радиосы» алдағы уақытта тыңдармандарына қандай жаңа бағдарламалар ұсынуы мүмкін?
– «Тәуелсіздікті жырлаймын», «Зарубежные послы о Казахстане», «Өзекжарды», «Алматы түні. Танымал тұлғамен сұхбат» хабарлары биыл жарыққа шықса да, қазірге дейін өз тыңдаушысын тауып үлгерді. Ал осы жаңа маусымда тағы да бірқатар жаңа жобалар қолға алынып отыр. Олар: «Қазақ радиосы ұсынады» – Ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары, кредит және субсидия алу, кәсіпкерлікті қолдау, т.б. мәселелеріне түсінік беру; «Прокурордың 100 кеңесі» – «100 советов прокурора» – Қазақ радиосының Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасымен бірлескен жобасы, тағы басқалар.
Қазақ радиосы алда тағы бір ірі жобаны қолға алмақ. Ол «Біздің ел осындай!» радиобайқауы деп аталады. Ән-шеру форматында жүретін байқаудың қорытындысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында шоу-концерт түрінде қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталады.
Сөз соңында айта кетейік, Қазақ радиосының ресми сайты (http://kazradio.kaztrk.kz/kz) 2006 жылдың 8 тамызынан жұмыс істейді. Радиомызды online-режимде және мобильді қосымша арқылы әлемнің кез келген нүктесінен тыңдауға болады.
Қазіргі кезде «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамындағы Радиохабар тарату дирекциясында 4 радио бар. Олардың эфирге шыққанына биыл Қазақ радиосына – 95 жыл, «Шалқар» радиосына – 50 жыл, «Астана» радиосына – 17 жыл, «Classic» радиосына 5 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанымызбен бірге алдағы уақытта да қазақ радиосы қарыштап дами беретініне сенім мол.
Әңгімелескен: Нәзира БАЙЫРБЕК
дерек көзі: astana-akshamy.kz