– Зейін Амангелдіұлы, Сіз көпшілікке тәжірибелі журналист, келбеті келіскен, дикциясы жағымды диктор ретінде жақсы таныссыз. «Хабар» телеарнасындағы кешкі жаңалықтар тізгінін қайта қолға алғаныңызға да қуанып отырмыз. Жалпы қазір қандай кәсіп жасап, қай салада қызмет атқарып жүрсіз?
– Иә, расында мен телеарнада біраз жыл еңбек еттім. Тәжірибемді шыңдадым. Телеарна менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Дегенмен, 2015 жылы бағымды PR саласында сынап көрмекке бекініп, қызмет ауыстырдым. Қазір ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғылыми зерттеу институттарының басын біріктіріп отырған «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі қызметін атқарып жатырмын.
Сондай-ақ, өткен жылдан бері «Хабар» арнасы басшылығының шақыруымен қорытынды жаңалықтарды жүргізіп келемін. Күнделікті 19.30-да көрерменмен жүздесіп, елдегі, әлемдегі жаңалықтармен хабардар етіп отырмын.
– Бүгінгі күні ақпараттың таралуы жаңа форматқа көшуде. Мәселен, әлеуметтік желі қолданысқа енгелі газет оқитын, телеарна көретіндер қатары азайып барады. Қалай ойлайсыз, газет оқырманын, телеарна көрерменін қалай сақтап қала алады?
– Ақпарат таратуда интернеттің алдыңғы орынға шыққаны анық. Себебі, заман ағымы, қоғамның талабы солай болып отыр. Бұл бізде ғана болып жатқан дүние емес, дәл осы жағдай бүкіл әлемде орын алуда. Сондықтан шошынатын дәнеңе жоқ.
Телеарна интернетті жеңу үшін көп жұмыс жасауы керек. Аудиторияны сақтап қалу үшін көп еңбектеніп, жаңа жүйені қалыптасыруы қажет. Бұл газет-журналдарға да қатысты. Басылымдар мен телеарна ұжымы ғаламторда жеке парақшаларын ашып, контент қалыптастырмаса болмайды. Қазір ақпараттың заманы. Кім бірінші ақпаратты таратады, кім бірінші қабылдайды, арақатынас сол бағытта қалыптасады. Бүгінгі болған жаңалықты ертең беру деген кезең келмеске кетті. Сондықтан қазіргі БАҚ-қа жылдамдық, шынайылық қажет.
– Еңбек жолыңызға үңілсек, баспасөзде де біршама уақыт еңбек етіпсіз. Газет редакциясында қызмет еткен жылдарыңызды сағынбайсыз ба?
– Газет саласында біраз уақыт еңбек еттім. «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінде директордың орынбасары болдым. Газеттің ішкі жұмысына етене араластым. Редакцияға, жалпы ұжымға деген құрметім жоғары. Қазір де ол жерде өте талантты журналистер еңбек етіп жатыр. Басшысынан бастап корректорына дейін өз ісінің мамандары. Әрине, көп ретте еске алып отырамын. Ол уақыттың да өзіндік қызықтары бар.
Жалпы, мен басылымдағы еңбек жолымда көптеген жағдайларға кезіктім. Мәселен, газетте қаншама жақсы дүниелер жарияланып жатыр. Бірақ, жазылушылардың белсенділігі төмен. Сондықтан газетке мемлекеттік деңгейде көптеген қолдаулар керек.
– Мәселен…
– Жасыратыны жоқ, мемлекеттік басылымдарды мемлекеттік органдар қаржыландырады. Барлық жағдай осы жерден келіп туындайды. Яғни, қаржы беруші мекеме тек жақсы мақалалардың жазылғанын қалайды. Қандай да болсын, сынның жазылмағанын дұрыс көреді. Газет үшін бұл үлкен зиян. Біріншіден басылымның қоғам алдындағы рөлі төмендей бастайды. Сондықтан «Сын жазба» деген талап қойылмауы қажет. Бұл, тіпті, журналистерге жасалған үлкен қиянат деп білемін.
Ал газет қайсыбір мәселені көтеріп, сынап жатса, қайта бұл мемлекеттік органға көмек болар еді. Сол жағдайды оңтайландырып шешіп берсе, халықпен байланыс та беки түсері анық. Қазір мемлекеттік органдар осы жағдайға мән бермей отыр.
Қоғамдағы мәселені көтергенде тұрған ештеңе жоқ. Тіпті, цензураның қылышынан қан тамып тұрған кеңес үкіметі кезінде де сын жазылатын. Басылымдарда «фельетон» деген жанр болды. Одан дүние қирап кеткен жоқ.
– Қазір ішкі істер саласында кең ауқымды реформалар жүріп жатыр. Ел азаматы ретінде оған көңіліңіз тола ма?
– Бірде іссапармен Швейцарияның Давос қаласына бардық. Таулы қала екен. Жолда екі полиция қызметкері біз мінген көлікті тоқтатты. Олардың жүргізушімен әзіл араластырып сөйлеп, күліп амандасуы көңілімізге жылылық берді. Аз-кем сөйлесуден кейін, жол жүріп кеттік. Таңданыспен аудармашылардан не жағдай болғанын сұрадық. Полиция тауда қар жауып жатқанын айтып, абайлап жүруі керектігін ескертіпті және жақын жолды нұсқапты.
Шет елде осылай, полиция халық үшін қызмет атқарады. Мұны жай айтып отырғаным жоқ. Кез келген реформаның соңы нәтижелі болуы керек. Ол тек жүйені ғана емес, адамдардың да психологиясына әсер етсе құба-құп.
Біздің де халық форма киген полицейді көргенде тіксініп тұрмауы қажет. Қайта өзін қауіпсіз сезініп, қолдау күтуі керек.
Ал жеке өзіме журналист ретінде Ішкі істер министрінің қазіргі ашықтықты ұстануы ұнайды. Министр Ерлан Тұрғымбаев журналистерге «Ашықпын, кез келген мәселе бойынша хабарласа беруге болады» деп айтты. Шындығында да, қазір министрліктегі ақпараттардың барлығы қолжетімді.
– Сіздің ойыңызша қазір қоғамдағы қылмысқа төзбеушілік қай деңгейде?
– Қоғам болғаннан кейін қылмыс болмай тұрмайды. Нұр-Сұлтан қаласында қай жерде қандай қылмыстар көп жасалатынын біліп отыратын электронды онлайн карта болатын. Сол арқылы кез келген адам қаланың қай өңірлері криминалды, қай жері таза екенін біліп жүруге болады. Бұл мемлекеттік органдар үшін де жақсы көрсеткіш. Карта әлі де жұмыс істеп жатқан болар деп ойлаймын. Әрі мұндай карта еліміздің барлық аймағына өте керек дүние.
– Жалпы Сізді жол полициясы жиі тоқтатқан кезі болды ма?
– Иә, әрине. Жол полициясы тоқтатып тұрады. Танитындары да бар. Ал өзім жол ережесін бұзбауға тырысамын. Әрі оны жеке принципім етіп ұстанамын. Дегенмен, арасында байқамай қаласың. Сондай бір тоқтатқан кезі болды. Жағдайды түсіндіріп айтып, «Айыппұл болса төлейік», – дедім. Алдында жол ережесін бұзбағанымды ескерді, бір жағынан танитындығын айтқан полиция қызметкері тек ескертумен шектелді.
– Тәжірибелі маман ретінде айтыңызшы, ішкі істер саласының имиджі үшін ақпарат таратуда қандай жағдайды назарға алу керек, нені ескеру қажет деп ойлайсыз?
– Ең бірінші кезекте ақпарат таратқан кезде, қоғамға қаншалықты пайдалы екендігіне назар аудару керек. Мәселен, жаңа жоғарыда айтып өткен қылмыстық көрсеткішті беретін онлайн картаны алайық. Оны көпшілік біле бермейді. Сондықтан карта туралы ақпарат жазып, сілтемесін әлеуметтік желіге шығару керек, сайттарға релиз тарату қажет. Телеарнадан, газеттерден ақпарат беруге болады. Одан бөлек, онлайн саll-орталықтар бар. Міне, осындай халыққа пайдасы бар оң дүниелерді көбірек жариялайтын болсақ, қоғам үшін пайдасы да көп болар еді.
– Қазақ полициясы қандай болуы керек?
– Полиция қызметкері дегеніміз – ол шен тағып, форма киюге лайықты жан болуы қажет. Дене бітімінен бастап, жүріс-тұрысы, мінезі, сөзі көпшілікке үлгі бола білуі тиіс.
– Ал елдегі полиция қызметкерлеріне деген кейбір келеңсіздіктерді де естіп тұратын боларсыз?
– Иә, көпшілік болған соң, түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Кезінде жол полициясы көлденең табыс табатын сала ретінде көрініс беріп келгені жасырын емес. Қазір бұл ұғым ыдырап, теріс пікір жойылып жатыр.
Патрульдік полициясы қызметкерлері қазір халыққа жақындай бастады. Көшедегі бекеттер алынып тасталған соң, камералар қойылды. Қазір олар бұрынғыдай көшеде тұрмайды. Бұл іске әлеуметтік желілердің де оң ықпалы тиіп келеді. Кез келген келеңсіздікке ұшыраған адам, телефонына видеоға түсіріп, желіге тарата алады. Осының нәтижесінде сөйлеу мәдениеті де қалыптасып келеді.
Біз біле бермейміз, бірақ желі арқылы полицияға қатысты біршама үлкен мәселелерді естіп, оқып жатамыз. Әсіресе, шалғайдағы ауылдық жерлерде жекелеген полиция қызметкерлерінің келеңсіздіктерге барып жататыны көңілімізге қаяу түсіреді. Бұл қызметке алғанда кадрларды іріктеудің дұрыс ұйымдастырылмағандығын көрсетеді.
– Журналистика саласы жайындағы әңгімемізге қайта оралсақ. Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз? Бала кезіңіздегі арманыңыз болды ма, әлде тағдыр осылай шешті ме?
– Шынын айтқанда, тағдыр деп айтқан дұрыс шығар. Себебі, газетке мақала жазу жай хоббиім болатын. Мектепте оқып жүргенімізде «Балдырған» журналында «Жас фото тілшілер үйірмесі» атты айдар бар еді. Сыныптас достарым Бағдат, Ержан үшеуміз ауыл жайында көптеген фотосуреттерді жарияладық. Кейін ҚазМУ-дың «журналистика» факультетіне түскен кезде мен мерзімді баспасөз кафедрасында оқыдым. Кәсіби маман атанған соң да газетте жұмыс істедім. Телеарнаға кейіннен ауыстым.
– Көптеген жылдар бойы тікелей эфирде халыққа жаңалықтарды жеткізіп келесіз. Эфир барысында қызықты сәттер көп болатын шығар?
– Ондай сәттер көп қой. 2000 жылдары болуы керек, эфирде жаңалықтарды 5 диктор жүргізетін болдық. Әрқайсымыз әр сала бойынша жаңалықтарды хабарлаймыз. Амангелді Сейітхан спорт бойынша ең соңынан сөйлейтін. Сөзді Амангелді алғасын қалған төртеуміз тұрып кетеміз. Бірде қасымдағы әріптесім Амангелдінің алдындағы камераны қиып өтіп кетті. Тікелей эфир болғандықтан халыққа да дәл солай көрсетілді.
Сергей Пономорев есімді әріптесіміздің құлаққабы шығып кетіп, оны түзету үшін оператордың тікелей эфирде әлек салғаны бар. Ал Жігер Сәрсенов ініміз эфирге шыққанда дәу қара шыбын алдынан кетпей қойған.
Тікелей эфир болғандықтан осындай қызықты жағдайлар болып тұрады.
– Журналист боламын деген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Кәсіби журналист боламын деген жас ең біріншіден көп ізденуі керек. Екіншіден, еңбекқорлық талап етіледі. Тапсырманы орындауға деген ықылас өрлеуге бастайды. Үшіншіден, үнемі өз-өзін жетілдіріп отырса, үлкен жетістікке жетері анық.
– «Өзін-өзі жетілдіру» деп айтып қалдыңыз, жалпы өзіңіз мотивацияны қайда аласыз?
– Ең бастысы, адами қасиеттерді шыңдау керектігін үнемі назарда ұстадым. Ал менің басты мотиваторым – «Ұят» деген ұлттық құндылықты қағидат. Мәселен, «ұят болады» деп ұғатын болсам, сол жағдайды тезірек оң шешуге тырысамын. Жұмысыңды нашар атқару – ұят. Қайсыбір дүниені білмеу – мен үшін ұят. Қайсыбір тұста кемшін түсу – ұят. Осылайша «ұят болады» сөзі мені жетістікке жетеліп, өмірімді өзгертті.
– Кәсіби маман ретінде қазіргі жас журналистерге көңіліңіз тола ма?
– Жалпы еліміздің ақпараттық кеңістігінде журналистер, әсіресе, қазақтілді журналистер нашар деген пікірді мен айта алмаймын. Журналистиканың өзіндік классикалық бет-бейнесі бар. Ол – мемлекетке, қоғамға қызмет ету, қоғамның мәселесін көтеру, сол саланың жанашыры болу. Осы тұрғыда әріптестерім абыройлы еңбек етіп келеді.
– Отбасыңыз, туған жеріңіз туралы айтып берсеңіз?
– Мен Түркістан облысы, Көксарай ауылдық округінде дүниеге келгенмін. Бірінші сыныпты Арыс қаласындағы мектепте оқыдым. Кейіннен Маяқұм ауылдық округіндегі Ш. Уалиханов атындағы орта мектепті күміс медальға бітірдім. ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлегімін.
Отбасымызда алты баламыз. Үш ұл, үш қыз бар. Ауылдастарымыз «интеллигент отбасы» деп атайтын. Себебі, әкеміз басқару орындарында еңбек етті, кеңшар директорының орынбасары, экономист болып жұмыс істеді. Анамыз бастауыш сыныптың мұғалімі еді. Ол кісінің түні бойы журнал толтырып отыратыны әлі есімде.
Үйімізден газет-журнал үзілмейтін. Балаларға қатысты кезіндегі «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Мәдениет және тұрмыс» және өзге де басылымдарға жазылатынбыз. «Білім және еңбек», «Зерде», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын әке-шешемізбен таласып оқитынбыз.
Ал қазір менің өзімнің шаңырағымда Алланың берген екі ұл, екі қызым бар. Жұбайым дәрігер. Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының тумасы. Тұңғышымыз Фариза тұрмыста. Сұлтан есімді екі жасар немереміз бар. Екінші ұлым Олжас IT саласының маманы. Әзіретәлі мектепте оқып жатыр. Кенжеміз Айзере төрт жаста.
– Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңізге табыс тілеймін. Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
– Сізге де, ұжымдарыңызға да үлкен рахметімді айтамын. Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Жетістіктеріміз еселене түссін. Тәуелсіз қазақ елі дами берсін. Халқымыздың, елдің әл-ауқаты артып, әр шаңырақтың табысы молайсын. Ішкі істер саласы қазіргі алған бағытынан қайтпай, реформа соңына дейін жүріп, полиция қызметкері шын мәніндегі халықтың жанашыры, көмекшісі, қолдаушысы, демеушісі деген нәтижеге жете берсін.
Сұхбаттасқан Индира АХМЕТОВА,
Суретті түсірген Медет ӘШІРБЕКОВ