– Өзіңізді IT-маманмын деп есептейсіз бе, әлде журналистикаға жақынсыз ба?
– Мен өзімді IT саласының маманымын деп санаймын. Бала күнімнен бастап компьютерге қызыққаннан кейін өз нанымды осы салада жеймін деп шештім. IT-маман дегенде, мен программист емеспін. Программист – код жазатын адам, ал менен программист шықпады. Университетте 2-курс оқып жүрген кезімде үшбұрыштың ауданын шығаратын бағдарламаның кодын Паскаль программалау тілінде жаза алмаған соң программист бола алмайтыныма көзім жетті. Жоба менеджменті жағына бейімделіп, белгілі бір жұмысты жүргізе алатын адам ретінде көрдім өзімді. Мен журналист емеспін. Жұмысым журналистермен тікелей байланысты болған соң журналист деп ойлайтындар да табылады. Менен журналист де шықпады, программист те шықпады, мен IT саласының маманымын. Белгілі бір мөлшерде жоба менеджерімін.
– Қазақстанда IT-мамандар жеткілікті ме?
– Бізде соңғы кезде нақты өз саласына маманданған, өз саласын білетін мамандар аз, тіпті тапшы. Жақында бір ағамыз өзінің компаниясына IT-маман тауып беруімді сұрады. Тіпті, айлығын 500 мыңға дейін жеткізетінін айтты. Бірақ іздестіре келе, қазір бос жүрген сапалы IT-маман жоқ екеніне көзім жетті. Білікті IT-мамандар белгілі бір тұрақты жерде, тұрақты жұмыс ақымен жұмыс істейді және жылы орнын суытқысы келмейді. Елімізде бастау алған IT стратаптың көбі Минскіге кетіп жатыр. Себебі онда жағдай жақсы жасалған. Осы сала бойынша орныққан орта бар. Бизнесіңді дамыту барысында пікірлесіп, кеңес сұрай алатын мамандар өте көп. Бізде ондай орта әлсіз. Бүгіне Қазақстандағы Kcell, Aviata, Chocolife компаниялары программистерді дайындауға арналған біріккен курстар бастады. Елімізде IT-мамандарды дайындауға қадам жасалып жатыр, дегенмен әлі де әлсіз.
– Еліміздегі IT-мамандардың орташа табысы қандай?
– Мамандардың орташа айлық табысы 300 мыңнан басталады. Тіпті, миллионға дейін барады. Біздің өзіміз кейде IT-мамандардың жоқтығынан үнділердің көмегіне жүгініп жатамыз. Мысалы, мен Baribar.kz сайтының кейбір бағдарламаларын дамыту кезінде өз қолымнан келмейтін нәрселерді google-аудармашыны пайдалана отырып, сағатына ақша төлеп, үнділерге жасатамын. Олар өте арзан бағаға бүкіл сұранысымды қанағаттандыратын бағдарламаларды жазып бере алады. Кейде Ресейдің де «Фрилансер» секілді сайттарынан жәрдем сұраймыз. Бір жақсы жері – IT саласында шекара жоқ. Әлемнің кез келген жақсы бағдарламашысымен жүзбе-жүз кездеспей-ақ, бірлесе жұмыс істеуге болады. Мықты жобалар жасайтын Алматыдағы бір компанияны білемін, оның дизайнері Украинада, программистері Ресейде. Қажетті тапсырмаларды интернет арқылы беріп, түрлі мәселерді шешіп отырған адамдар бар.
– Отандық IT-мамандардың алдынан қандай қиындықтар шығады?
– Бағдарламалауда белгілі бір жетістікке жетіп, алға қарай жылжымаcа, ар жағы тоқырауға алып келеді. Себебі IT саласы мектеп бағдарламасы секілді жыл сайын қайталана бермейді. Ол үнемі даму үстінде болады, жаңарып отырады. Егер тез-тез жетіліп отырмаса, бір орында қалып қояды. Бұрындары тек PHP деген бағдарлама болатын, ал қазір Python, Ruby секілді бағдарламалау тілі бар, одан бөлек Facebook-тің өзінің жеке бағдарламалау тілі шығып кетті.
– Facebook компаниясы қазақтілді маман іздеп жатыр. Неге?
– Қазақтілді аудитория кеңейгендіктен. Фейсбуктің құрамына WhatsApp, Instagram және басқа сервистік қызметтер кіреді. Қазақтілді қолданушы көбейді және оның біраз бөлігі – жарнама беруге, ақша төлеуге жағдайы бар адамдар . Тиісінше, Фейсбуктағы жарнамалар қазақшалануы мүмкін. Себебі біз қазір қазақ тілінде жарнама беретін болсақ, ол модерациядан өтпейді. Оны орыстілді мамандар өткізіп отырады. Егер қазақтілді мамандар сол орында отырса, қазақ тілді жарнамалар өтуі әбден мүмкін. Бизнестің жүруіне, басқа да қызметтердің дамуына Facebook-тің қажеттілігі байқалып та жүр. Түптеп келгенде, пайданың 60 пайызы Facebook желісіне Instagram арқылы түсіп жатыр. Одан бөлек Фейсбук өзінің алгоритмін өзгертіп жатыр. Алгоритмді зерттеушілермен бірлесіп, Фейсбукті жаңа бір форматқа көшіруді жоспарлап отырғанын Цукербергтің өзі айтып өтті. Ол Facebook алгоритмі басында достармен байланысу үшін жасалса, кейінгі кезде әр компания өз өнімдерін жарнамалау үшін видео жүктеуді шығарды. Былайша айтқанда, достарымен сөйлесуден гөрі видео көру уақытты алып жатыр. Алдағы уақытта ондай видеоконтентті азайтып, желі қолданушыларының бір-бірімен араласуына жағдай жасалмақ.
– Baribar.kz сайтының ақпарат айдынында жүргеніне жеті жылдан асты. Осы уақыт ішінде қазақ сайттары қаншалықты дамыды?
– Бес-алты жыл бойы қазақтілді ресурстар қарқынды дамыды. Оған мысал ретінде massaget.kz сайтын айтуға болады. Baribar.kz-те сол тізімде. Ол кезде әлеуметтік желі қарқынды күш алмаған еді. Ал контенттің барлығы сайттарға түсетін. Әлеуметтік желінің мақсаты сол – қолданушыны өздерінен шығармай, алып қалу. Көп сайттың түбіне жететін әлеуметтік желі деп ойлаймын.
– Көп сайт ақпарат тарату үшін әлеуметтік желіні пайдаланады ғой. Қалайша әлеуметтік желі олардың түбіне жетеді?
– Кезінде ақпарат тарату үшін желіні қолданғаны рас. Ал қазір Facebook өз қолданушыларын желіде алып қалудың жолын тапты. Facebook-тің Іnstant articles деген қосымшасы бар. Ол арқылы кейбір мақалаларды Фейсбук желісінен шықпай-ақ, яғни сайт бетіне өтпей-ақ жылдам оқуға болады. Ал ол жерде Фейсбуктің өз жарнамасы болады. Ал жарнамадан түскен пайданың белгілі бір пайызын ақпарат таратушы сайтқа беріп отырады. Instagram желісінде де дәл солай. Суретке пікір қалдырғанда сілтемелер қабылданбайды, тек профильде ғана сілтеме көрсетіледі. Осы арқылы инстаграм өз қолданушыларын ұстап отыр.
– Baribar.kz сайты қалай табыс тауып отыр?
– Біз The Steppe сайтымен бірігіп, Atom media деген компания құрдық. Бұл компанияның мақсаты – жарнама берушілермен жұмыс істеу. Бұрын «адамдар менің сайтыма кіреді, өздері маған жарнама беру керек», - деп ойлайтынмын. Ол қате пікір екеніне көзім жетті. Компанияда жарнамамен айналысатын қызметкер бар, оған жарнамадан түскен қаржының белгілі бір бөлігі беріледі. Алдағы уақытта бірнеше компаниямен бірлескен жобалар пайда бола бастайды. Сауалнама, ойын, тест, фоторепортаж контенттерін ұсынып, компаниялармен серіктес болып жұмыс жүргізетін боламыз. Ал одан түсетін қаржы да аз болмайды. Мейлінше мемлекеттік тапсырыстардан шығып, жарнама беруші компаниялармен жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Қазір біз коммерциялық ұсыныс жасаумен айналысудамыз. Көп жарнама жасаушының басты қателігі коммерциялық ұсыныс жасай алмауында. Ұсыныста жобаның аты, жарнама берушіге қандай пайда әкелетіні, біздің аудиториямыз қандай екені, компанияны жарнамаласақ қанша адам оқитыны, оқырмандардың жас ерекшелігі, жарнаманың қанша уақыт жүретіні, қанша материал шығатыны туралы толыққанды коммерциялық ұсыныс жасау керек. Біз осылай жасап шығардық және компанияларға ұсыныс ұнады. Atom Media компаниясының тағы бір тиімді жағы – қос тілді жарнама жасау және екі аудиторияға тарату мүмкіндігі . Baribar.kz сайты қазақ тілінде таратса, The Steppe орыс тілінде жарнама жасайды. Екі тілді аудитория арқылы компания өнімдерін кең ауқымда жарнамалауға мүмкіндік бар.
– Google, Яндекс сияқты ірі компаниялар қазақтілді сайттарға жарнама бермейді. Бұл мәселе қалай шешіледі?
– Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі. Facebook-тің қазақтілді маман іздеп жатқанының басты себебі де – осы. Яндекстің Қазақстандағы филиалының ашылу себебі де осында жатыр. Келешекте Google компаниясының филиалы елімізде ашылып жатса, таңғалмаймын. Себебі Яндекс жарнамаларының арасында қазақ тіліндегі жарнамалар да азды-көпті көрініп жатады. Енді қазақ тіліндегі жарнамалар кең тарай бастайды. Қазақтың бағы да, соры да сол – қостілділік. Біз қазақша да, орысша да ақпаратты тұтына аламыз.
– Сайт жасау үшін не істеу керек? Көмек сұрап келген жастарға қандай кеңес бересіз?
– Бұрын кеңес сұрап келетіндер көп еді. Ал қазір орыс, ағылшын тілінде дайын ақпарат көп, Интернеттен бәрін көріп алуға мүмкіндік бар. Сайтты жасап болып, адамдар кіріп оқи берсін деген ой қате. Бір сайттың артында күнделікті ақпарат таратушы журналист, SSM маманы, программист, менеджер тұрады. Мен сайт жасау барысында үнділермен ақылдасып, сайтты жаңартып, жетілдіріп отырдым. Ал сайттың контентін қолданушылар қалыптастырды.
Сұхбаттасқан: Айгерім ТАУБАЙ
©qamshy.kz