Егер түбіттен жасалған тоныңыз умаждалып қалса, оны парогенератормен өңдеуге болады. Ондай құрылғы түбіттен жасалған материалдарды өңдейтін кез келген химиялық тазалаушы орындарда бар. Ал егер қалтаңыз көтермейтін жағдайда қараңғылау жерге тоныңызды ілгішке іліп, желдеткіш орнатасыз. Сөйтіп түбітке арналған тарақпен мұқият тарап шығасыз. Ал тым қатты қыртыстанған түбітті жазу үшін тоныңызды ваннаға ыстық су толтырып, жанына бір сағаттай биіктеу жерге іліп қоясыз. Ескерту: судың дәл үстіне іліп қоюға болмайды! Сосын тонды батареядан аулақтау жерде кептіресіз. Тағы да ескерту, тонды фенмен кептірмеңіз.
Тағы бір айта кетерлігі, ашық түсті түбіттен жасалған киімдерді тазалау өте қиын. Сол себепті, оларды бояу жұғып кететін басқа материалдардан бөлек тазарту керек. Сондықтан ашық түсті тон сатып алар кезде дүкеннен оның химиялық тазалаудан қалай өтетінін сұрап алғаныңыз дұрыс. Түбітті тондардың дағын кетіру үшін астары алынып салынатын болса, тазалауға ыңғайлы болады. Ал шешілмейтін жағдайда оны бөлек тазалау керек. Әрі ол қымбатқа соғады.
Егер тоныңыз жауын астында су болып қалып, түбіттері жабысып қалса оны жібіту үшін суламаңыз. Және батареяға кептіріп, фенмен желдетуге болмайды. Химиялық тазалауға бересіз.