Сәкен қызыл партизандар қатарында болған ба?
31.05.2018, 16:04

Сәкен қызыл партизандар қатарында болған ба?

Алаш арысы Сәкен Сейфуллиннің бүкіл Ресейді дүр сілкіндірген Октябрь дауылы мүлгіп жатқан даланы да дүр сілкіндіріп, бостандық үшін күрестің алдыңғы шебінде болғанын қалың жұртшылық біледі. 

Сәкен – ақын. Сәкен – революционер, азамат, патриот. Оның есімімен қатар аталатын, тіпті бөлінбес біртұтас ұғымға айналған осы сөздерді тудырған – социалистік революция. Жуықта Алматы қалалық мемлекеттік архивінен Сәкен Сейфуллиннің қолжазбасымен қызыл гвардия сапында болғаны туралы құжаттар анықталды. Құндылығын жоғалтпаған тарихи құжаттың мәнісін білу үшін Алматы қаласы орталық мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы Гүлбақыт Құрманжановамен тілдескен едік.

Мақсатымыз – тарихтың жаңа парақтарын ашу
Архив қызметкерлерінің міндеті – құжат­тар­ды қабылдау, сақтау ғана емес, оларды сараптау, тарихи құндылығын анықтау, халық­қа жария ету. Осы мақсатта тұрақты сақтау­ға алынған құжаттарға сараптау жұмыс­тары жүргізіліп, құнды құжаттар анықталып тұрады. Құжаттар құндылығы – тарихи маңыздылығы, кезеңі, түпнұсқалығы мен деректі ақпараты. Жалпы, архивімізде 1749 қор болса, соның 57-сі – аса құнды құжат­тар тізімінде. Аса құнды құжаттар тізімінде – 25 мың іс бар. Осыған орай, «Алматы қаласы атқару комитеті жұмысшы шаруа және қызыл­­армия депутаттары советінің жанындағы Қызыл гвардияшылар мен қызыл парти­зан­дарды тазалау жөніндегі комиссия» бұрынғы қызыл гвардияшылар мен қызыл партизандар қоғамының Алматы қалалық кеңесінің №177 қордың құжаттарын сараптадық.
Тарихқа көз жүгіртсек, Азамат соғысы жылдарында Кеңес үкіметіне қарсы атаман Анненков, Колчак, Дутовтар шығып, оны құлатуға тырысқаны белгілі. Осы уақытта Ақ гвардияшыларға қарсы Қызыл гвардия құрылады. Содан партизан отряды жинақта­ла­ды. Бұл отряд орнаған Кеңес үкіметін қор­­ғап қалуға тырысқан. Міне, сол парти­зан­дардың жеке істері бізде сақталған. 1928 жылы 24 сәуірде бұрынғы партизандар мен қызыл гвардияшылар қатарында болған­дарға, олардың отбасыларына көмек көрсету жөнінде қаулы шықты. Қаулыға сәйкес, атқару комитеті жанынан құрылған комис­сия партизандардың құжаттарын жинақтай бастады. Алматы қаласында қызыл армияның орталық архиві жұмыс істеді. Сол архивтен құжаттар алынды, соғыста болғанын дәлелдеу үшін партизандар бір-біріне қосымша анықтамалар берді. Осыған орай, партизандардың жеке істері рәсімделді. Сол жеке істердің барлығы біздің №177-ші қорымызда сақтаулы. Мұнда 1328 сақтау бірлігі бар. Ендігі мақсатымыз – қордағы барлық құжаттарды сараптамадан өткізіп, тарихтың жаңа парақтарын ашу. Қызыл партизан қатарына қабылдану үшін құжаттар нұсқаулығы болды. Нұсқаулыққа сәйкес, қызыл партизандар қатарына қабылдан­ған­дардың мүшелік билеттері, ман­дат­тары, хаттары, комиссия отыры­сы­ның хаттама­лары, куәгерлік анықтамалар бар.

Қызыл партизан қатарына қалай қабылданды?
Қордағы ең құнды құжат – Сәкен Сейфуллиннің жеке ісі. Бұл – №177 қордың №984 ісі. 1935 жылдың 16 маусымында ашыл­­ған іс парағын Сәкен Сейфуллин өз қолы­мен толтырған. Сәкен құжаттарды қала­лық атқару комитетінің жанынан құрыл­ған комиссияға өзінің партизан қата­рын­да Колчак әскеріне қарсы соғысқанын дәлелдеу және қызыл гвардия билетін алу мақсатында өткізген. 1935 жылғы жаздың екі айында жинаған құжат барысында Сәкен өмірбаянын айта отырып, саяси құйтұрқы сауалдарға да жауап береді. Мәскеудің революциялық қозғалысқа қатыс­­қандарға жеңілдік беру деген желеумен жина­ған құжаттардан соң, ол қызыл партия қоға­мының мүшесіне өтіп, билет алған. Бірақ одан қаржылық жеңілдік алған-алмағаны белгісіз.
8 беттен тұратын аса маңызды құжаттың ішінде ең құнды болып саналатыны – Сәкен Сейфуллиннің өзінің қолымен жазған өмірбая­ны және қызыл партизан қоғамдығына мүше­лік­ке өту үшін жазған өтініші. Жеке іс парағының бірінші бетінен Қызыл гвардия­шы­лар мен партизандарды есепке алу карточ­касын анықтадық. Мұнда Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен революциялық қызметіне байла­ныс­ты 1917-1918 жылдары Ақмолада өз еркімен қызыл гвардияшылар қатарында болғандығы жазылған. Екінші бетінде Қызыл гвардия­шы­лар қатарында болғандығы жөніндегі анықтама және куәгерлер ретіндегі Сабыр Шарипов пен Захар Катченконың берген жазбаша анықта­ма­л­ары тіркелген. Төртінші бетінде Сәкеннің 1935 жылдың 15 маусымында қызыл парти­зандар қоғамына мүше болу туралы өтініші бар. Өмірбаянында Ақмола уезіне қарасты Жаңаарқа ауданында дүниеге келгендігі, контрреволюционерлердің түрмесінде бол­ған­дығы, атаман Анненков отрядына тапсы­ры­лып «өлім вагонына» жіберіліп, одан қашып құтылғандығы, жазалау мен аштыққа шыдамаған тұтқындар өлімі туралы жазылған. Бұл туралы қызыл партизандар қатарына қабылдау туралы өтінішінде «Тар жол, тайғақ кешу» романында толық жазғанын да келтір­ген. Сонымен бірге, 1917-1918 жылдары депу­т­­аттар кеңесі президиумының мүшесі және «Тір­шілік» газеті редакторының орынбасары екендігі де сөз етілген.

Қолжазбаны микрофишке айналдырамыз
Сауалнамада туған жері, атқарған қыз­меттері, марапаттары, партияға мүшеліктері, 1917-1918 жылы Ақмола уезінде Кеңес өкіме­тін орнатуға қатысқан қазақтардың ұйым­дас­тыру­шы басшысы болғанын, 1919 жылы Колчак әскеріне қарсы күрескенін, 1918 жылы 3 маусымда Ақмолада Колчак отрядына қарсы күресте контрреволю­ция­шыл­дардың қолына түскендігі, 2,5 ай «өлім вагонында» көрген азапты күндері, 1919 жылы түрмеден оларды Анненковтың жазалаушы тобына бергендігі туралы мәлімет бар. Бұған қоса, одан қашып шыққасын Ақмола уезіне келіп, Әулие-атаға жетіп жергілікті қазақтардан жасақ құрып, Ақмола уезінде, Шу өңірінде Кеңес үкіметін орнатуға қатысқанын да жазған.
Сонымен бірге, сауалнамада өзін «кедей­мін, табысым 500 рубль», «көлік пен баспа машинасы керек» деп көрсеткен екен. Ал екі жылдан соң өзін тергеп, тексеріп, соңында ату жазасына кескен қызыл жендеттердің қолына қолжазбаның түспей қалу себебі – белгісіз.
Келесі анықталған маңызды құжаттардың бірі – №177 қордың №14 ісінде Қызыл партизан­дар комиссия протоколының §235 қабылданғаны, №177 қордың №14 а ісінде 1935 жылғы қызыл партизандар куәлігін беру тіркеу кітабы бар. Мұнда №383 Сәкен Сейфул­линді партизандық нөмірі №412 комиссияның №21 қаулысымен §235 ісінде қызыл партизан билеті тапсырылғаны туралы мәлімет және оның қолы бар.
83 жылдан соң жария болған қолжазбаны болашақта сақтандыру қорын жасау үшін электрондық нұсқадағы (микрофиш) ең аз көлем алатын құжатқа айналдырмақпыз. Қор құжаттарын зерделей келе, Алаш арыстары­ның осы күнге дейін белгісіз қырлары ашыла­ты­нына сенім мол.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер