Өткен ғасыр мен осы ғасырдың аз жылындағы ҒТП-ның барлық жетістігін жәй санамалап шығудың өзі бір емес, бірнеше мақалаға жүк болар еді. Бірақ біздің айтпағымыз ол емес. Біз осынша қиянға құлаш ұрып жүрсек те әлі күнге игере алмаған бір ғаламат туралы әңгімелемекпіз. Ол бәріміз білетін «Танылмаған ұшатын нысандар» (ТҰН). Орысша НЛО-ға құлағымыз әбден үйреншікті болғанымен біз өз тіліміздегі аббревиатураны қолданамыз.
ТҰН-ның адамзатқа белгілі бола бастағаны да ХХ ғасырдың басы. Оған дейін оны көрдік деген деректер тіркелмеген. ТҰН-ды арнайы зерттеуге құлшыныс жасаған уфология ғылымы да өткен ғасырдың 60-шы жылдарында пайда болған. «Танылмаған ұшатын нысан» деген тіркесті ағылшын тілінде Unidentified Flying Object деп аударады. Осы сөздердің бас әрпінен УФО-логия (UFO) ғылымы шыққан. Бірақ уфологияны ғылым деушілерден гөрі жалғаншы, квазиғылым деушілердің де көп екенін айта кетуіміз керек. Өйткені оның осы күнге дейін ашылған бір жаңалығы, лабораториялық әдіспен көз жеткізіп, ғылыми тұрғыдан дәлелденген еш нәтижесі жоқ. Рас, онымен айналысушылар ТҰН-ның келіп қонғанын немесе аспанда көрініп тұрғанын, тіпті одан түскен жан иелерін көргендерді тіркеп, олардың әңгімелерін жазып, өздерінше қорытып отырады.Осыдан басқа жетістік жоқ. Жан иелерін көбінесе гуманоидтар деп атайды. Мұның латын тілінен аударғандағы мағынасы «адам сияқты» деген сөз.
Әлемнің көптеген елдерінде ТҰН-ды көргендер және онымен қатынасқа түскендерді тіркеп, айтқан сөздерін жазып алатын уфологтардан басқа қоғамдық ұйымдар да бар. Алайда олардың бәрінің де деректері ТҰН-ның басқа ғаламшарлықтар басқарған ұшу аппараты екенін дәлелдей алмайды. Тек болжаммен ғана солай болуы мүмкін дейтін санаулы ғалымдар ғана. Жерден тыс саналы өмір болуы мүмкін деген болжалды алға қойып, СЕТИ атты зерттеу бағдарламасын әлемдік ғылыми қауымдастық қолға алған. Соңғы жылдардағы компьютерлік технологиялардың жоғары мүмкіншілігі жақындағы және алыстағы ғарышты осы бағдарламаға сәйкес зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда соның бәрі ТҰН-ның төңірегінде әлі күнге ешбір сенімді жаңалық тапқан жоқ.
ТҰН-ды зерделеумен бейбіт ғылымнан гөрі қауіпсіздік қызметтері көбірек айналысқан. Соның ішінде КСРО-ның КГБ-сы мен Американың ОББ оның жүрген-тұрғанын, жасаған әрекеттерін көп тіркеген. Екі жақ та бұл қарсыластардың өз елдерінің қауіпсіздігіне жасаған құпия әрекеті емес пе екен деген оймен оны зерделеуге үлкен қаражат бөліп, зерттеуге тырысқан. Тіпті атып түсіруге талпынған фактілер де орын алған. АҚШ-тың бұл істегі арнайы бағдарламасы «Көк кітап» (1952 жылдан 1970 жылға дейін) деп аталған, ал КСРО-дағы зерттеулер «ААЯ» атауымен белгілі. Ол «аномальные атмосферные явления» деген ұғымның бас әріптері. Алайда бұл термин КСРО-да сіңбей, зерттеулер бізде де «Көк кітап» атымен белгілі болды.
1976 жылы АҚШ-та «Ақпараттың еркіндігі» туралы заң шығып, «Көк кітапта» жасырын болып келген ТҰН-мен кездесулердің бәрі жария етілді. Мұндай оқиғалар 15 мыңға жуық екен.
2000-шы жылдардың басында КГБ-ның да ТҰН-ды бақылау жөніндегі көп жылғы құпиялары жария етілді.Кезінде құпияға айналдырылған сол фактілердің біршамасына тоқтала кетейік.
1984 жылы Астрахан қаласында орналасқан ӘШҚ (әуе шабуылына қарсы)қызметі Каспий теңізінің бойымен 2000 метр биіктікте Иранмен арадағы мемлекеттік шекараға қарай ұшып бара жатқан нысанды бақылайды. Жіберілген сұрау сигналдарына ешқандай жауап берілмейді. Әскерилер мұны қарсыластардың жауыздық әрекетіне балап, атып түсіру үшін екі бірдей истребительді дереу аспанға көтереді. Алайда бұл ТҰН еді, истребительдер оны қанша көздесе де тигізе алмайды. Оның үстіне жерге жүз метрдей төмендікке шұғыл құлдилап, истребительдің нысанасынан да шығып кетеді. Қазіргі Түркіменбашы қаласының маңына жетіп қалған ТҰН-ды енді әскери тікұшақтармен атып түсіруге талпыныс жасалады. Алайда ТҰН биікке қайтадан шұғыл көтеріліп, тікұшақтың оғын да бойына дарытпайды. Одан әрі ашық теңіздің бойына бет алып, радардың аумағынан да шығып кетеді, ал тікұшақтар болса барлық оқтарын шығындаған соң амалдары таусылып базаға оралады.
Дәл осы аумақта 1985 жылы капитан К.Валуев басқаратын радиолокациялық станса 20 мың метр биіктікте тұрған нысанды бақылайды. Мұның ТҰН екенін аңғарған әскерилер бұл жолы атқыламай, оның барлық әрекетін бақылауда ұстайды. ТҰН-ның ұзындығы 1 мың метрдей (бір шақырым) екені анықталған. Біраз тұрғаннан кейін оның бойынан диаметрі 5 метрдей болатын дискілер бөлініп шығып, Түркіменбашы қаласының маңындағы теңіздің жағасына қонады.
ТҰН-ның бұл әрекеті адамдармен ойнағанға да ұқсайды. Маған түк те істей алмайсың деп әжуалайтын секілді. Көп уақыт, көп адам бұл әрекеттерді шешуге тырысқанымен ешбір нәтижеге қол жеткізе алмаған.
Тағы бір оқиға 1986 жылы тіркеліпті. Ол 25 қарашада болған. Осы күні Магадан әуежайының азаматтық бақылау және әскери қызметтері ТҰН-ның өз төңіректерінде ұшып жүргенін байқаған. Дәл осы кезде әуежайға қонуға сағатына 720 шақырымдық жылдамдықпен АИ-12 ұшағы жақындап қалған екен. Әуежай қызметтері екі нысан соғылып қалмас па екен деп жандары шығады. Алайда ТҰН мен ұшақ бірін-бірі көре алатын қашықтыққа жеткенде алғашқысы Шелихов шығанағына қарай шұғыл бұрылып, зу ете қалады. Оның соңғы жылдамдығын радарлар сағатына 3 мың шақырым екенін тіркеген, одан әрі ТҰН радардың экранынан ғайып болады.
1987 жылғы тамызда Ленинград әскери округының бір топ КГБ офицерлеріне Карелиядағы әскери бөлімнен тегі танылмаған нысанды алып келу туралы айрықша тапсырма беріледі. Ұзындығы 14 метр, көлденеңі 4 метр, биіктігі 2,5 метр болған бұл нысанның қайдан, қалай құлап түскендігі туралы ақпарат жоқ. Соған қарағанда әскерилер оны атып құлатқан болуы керек. Ішін көрейік, ашайық десе ешқандай люк немесе есік табылмайды, тіпті ондайдың орны да болмаған. Басқа амал болмаған соң әскерилер оны бұзып ашуға талпыныс жасайды. Бірақ одан да ештеңе шықпаған. Ешқандай кувалданың, адамзат техникасының соққысы оны тесе алмайды. Тек құйрық жағынан таң қаларлық істіктер сынып түскен. Ең қызығы сол, қыркүйек айында әлгі нысан жабық ангарда тұрған жерінен ешқандай белгі қалдырмай ғайып болған.
Қарапайым адамның көргені емес, тиісті органдар тіркеген осындай нақты көріністер «Көк кітапта» көп. Осының бәрі ТҰН-ның бар екендігінің бұлтартпас дәлелі. Көптеген елдердің, соның ішінде АҚШ-тың да, КСРО-ның да ресми органдары оның табиғатта бар екендігін көп уақыт бойы ресми түрде мойындамады. Өйткені, дүниенің бәрі танылады, ғылым бәрінің сырын ашады деген ұстанымды талқан қылатын бұл жұмбақ халықтың ресми насихатқа деген сенімсіздігін тудыра ма деген ойдан қорыққан болуы керек. Әсіресе, философияның материалистік бағдарын ұстанып, Құдайды да, оның құдіретін де толығымен жоққа шығарып, бәріне де адамның санасымен, ақылымен, білімімен қол жеткіземіз дейтін атеист-коммунистер үшін мұндай танылмайтын, сыры ашылмайтын жұмбақтың керегі жоқ еді. Олар барлық дүниенің де сырын ашуға болады, адамнан жасырын ештеңе болмайды дегенді уағыздады емес пе? Сондықтан да көп уақыт бойы ТҰН-ды кейбір адамдарға психологиялық ауытқушылықтың кесірінен көрінетін елестер деп түсіндіру орын алды. Өз көзіммен көрдім деп өзеурейтіндер болса, ондайларды дереу ақыл-есі ауытқушылардың ауруханасына салу фактілері де көп болған. Сондықтан да кеңестік азаматтар ТҰН-ды көргені туралы ауыздарын көп ашып, ақтарыла бермейтін.
Қоғамдық зерттеулер мен жеке адамдардың көргені
Халық арасында ТҰН-ды көргендер, онымен қарым-қатынас жасап, әңгімелескендер, бойларына түрлі қасиет жұқтырып алғандар, түрлі дерттерінен ада болғандар, тіпті олардың ғарыш кемесіне отырып, басқа ғаламға ұшып келгендер де бар. Әрине, олардың бәрінің әңгімесіне сене беруге де болмайды, алайда кейбіреулерінде қалған іздер, көрсеткен дәлелдер жетерлік.Америкалық зерттеуші Георг Адамски 1959 жылы Цюрихте болған уфологтардың конференциясында өзінің ТҰН-мен тікелей қарым-қатынаста екенін, олардың алып келген адамдарымен телепатиялық жолмен, яғни ми арқылы өзінің ойын жеткізіп, ал олардікін қабылдау арқылы диалогтық қатынасқа түскенін айтып, дәлелдеген.Ол тіпті мұндай қатынасты 1946 жылдан бері орнатқанын да айтады. ТҰН жолаушыларының емдеу қасиеті барын да жеткізеді. Алайда, осының бәрін айтып, енді тікелей қарым-қатынастарды ашық көрсетемін дегенде аяқ астынан қайтыс болады…
Ресейде Елена Ворожбет деген мұғалім әйел жатырына жыныстық емес жолмен ТҰН-ның қатысуынан еркектік хромосомдар еніп, аяғы ауырлап қалғанын айтады. Өзінің айтуына қарағанда дәл осы кезеңде ол ешқандай еркекпен жыныстық қатынасқа түспеген. Үш айдан кейін белгісіз біреулер оны бір жаққа алып кетіп, ішіне ота жасау арқылы шар формалы шарананы алып кеткен. Соның бәрін сезіп, біліп жатып, есінен танып қалған. Көзін ашса өзінің төсегінде жатыр және қарнында қызарған «Т» тәрізді із ғана қалғанына таң қалады. Дәл осындай оқиға 1986 жылы Англияда да бір әйелдің басынан өткен…
ТҰН-ның астық алқаптарына қонып, неше түрлі оюлар салып кеткендігі туралы да көп естідік. Басында бұған сенбеген көптеген адамдар қазіргі технологиялармен астық алаңдарына осындай, бір-біріне ұқсамайтын жүздеген әсем оюлар салу мүмкіндігі жоқ екендігі дәлелденген соң ғана илануға мәжбүр болды. Сонымен бірге оюға түскен масақтардың ішінде сұйықтықтар да болған. Бұл туралы сынақшы ұшқыш Марина Попович айтып, олардың емдік қасиеті де барын өз көзімен көргенін жеткізеді. Ал Интернетте Сергей Радзинский деген оқушының ТҰН жолаушыларымен кездескеннен кейін математика, физикаға жетік болып кеткені айтылады. (ЮТУБ., «Почему каждый раз НЛО исчезают?») Бұрын бұл сабақтарды оқуды азаптай көріп жүрген бала қазір оларды шекілдеуікше шағады екен. Тағы бір қызығы, шешесі бірдеңе айтпақ болып ойланса, бала оның не демегін алдын ала біліп қалатын болыпты.
Ғарышкерлер де ТҰН-ды көздерімен көріп, суретке түсіргендері туралы айтқан. Соның ішінде АҚШ астронавы Дж.Макдивитт 1965 жылы оны суретке түсіріп алғанын, бірақ пленканы шығарған кезде оның ізі де болмағанын айтып, таң қалады. Ал қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев оны көрдім демесе де ашық ғаламға шыққанда кемемен қосатын арқаны үзіліп кетіп, енді өлдім ғой деп ойлағанда бір құдірет оның қолдарын сатының жақтауына ұстатып кеткенін айтады… Ол ТҰН-ның әрекеті ме, басқа ма, ол жағы белгісіз.
ТҰН-ды ғарыштық немесе басқа ғаламшарлық емес, жердің құпия қойнауынан шығатын құбылыс деп есімі бүкіл дүниежүзіне белгілі башқұрт ғалымы, офтальмолог, медицина ғылымының докторы, профессор Эрнст Молдашев жариялады. Ол Тибетте немесе сол аймақта болған Шамбала атты ұлы ұстаздарды тудырған мифологиялық елдің ізін табу мақсатымен сегіз рет халықаралық экспедицияны бастап шыққан адам. Міне, осы кісі өте терең әрі қызықты жер асты үңгірлерін тауып, олардың ішіне түскен. Мәселен, Пасха аралында ол өте тереңге кететін үңгірді тапқанын айтады. Ғалым оның ішіне еніп, тереңіне біршама бойлаған. Үңгірдің ауызы кең болғанымен ар жағы тарыла береді.Күтпеген жерден ұсақ, қара шарлар шығып, оның айналасынан ұша бастайды. «Өте қиын болды. Белгісіз бір тылсым күш маңыма жиналып, денемді қысатын тәрізді» деп еске алады ол. Және осындай күштер Моңғолиядағы, Алтайдағы, Тибеттегі және т.б. жерлердегі өзі ішіне кірген үңгірлердің бәрінде де болған. Адамға белгісіз тылсым күштер өз әлеміне енгізбеу үшін күш қолданатын сияқты көрінген. «Ең қызығы сол, дейді ғалым, осы шарлардың кейбірі бір кезде материалдық күйге енеді екен. Мәселен, олар құсқа, адам тәріздес гуманоидқа айналады». Оның болжалына қарағанда ТҰН мен оның жолаушылары да осылай жер астынан шығады… Алтайдағы жергілікті тұрғындар да осыны айтады екен. Ал Тибетте Молдашев биіктігі 800 метрдей болатын тас қақпа тапқан. Осының ішінде Шамбалаға кіргізетін есік болған, оның көлемі 200х100 метрдей. Есікті ашатын арнайы сиқырлы сөз бар, соны айтса ғана ол ашылады.Тибет ламаларының айтуына қарағанда, есік өздігінен ашылғанда оның ішінен «виманалар» ұшып шығады. Санскрит тілінен аударғандағы оның мағынасы ұшатын аппараттар. Э.Молдашев нақ осыны ТҰН болуы мүмкін дейді. Алайда оның неге тек ХХ ғасырда ғана пайда бола бастаған себебін білмейді. Жер бетінде олар адамзат өркениетінен әлдеқайда бұрын пайда болып, параллелді түрде өмір сүріп келе жатыр деген ғана қорытынды жасайды. Әрине, бұл болжалмен келіспейтіндер де көп. Бірақ оны негізсіз емес деп есептейтіндер саны да арта түсуде.
Қорыта айтсақ…
Қорыта айтқанда, ТҰН-ның адамзатқа зияны жоқ екендігі көрініп тұр. Барлық кездесулер осыған меңзейді. Ұшу кемесі адам жасаған технологиялық өнімнен әлдеқайда жоғары жолдармен (біздің түсінігімізде) жасалған. Олар жаман пиғылды болса кез келген адамзаттық аппаратураны, қаруды, қорғанды бұзып, істен шығара алар еді. Алайда ондай мақсатты алдарына қоймаған сияқты. Демек, адамзатқа жаулық қылмақтық ойларында жоқ. Осы уақытқа дейін олардың зиянкестігін көрген де адам жоқ. Біздіңше, бұл Алла тағаланың адам мүмкіндігінің шектеулі екендігін білдіру үшін жасаған амалы сияқты. Сондықтан оның сыры өзіне ғана аян.
ТҰН-ның құпиясы жөнінде діндер не дейді екен деген сұраққа келетін болсақ, олардың да бағасы әртүрлі.
Ислам дінінде де ТҰН жындардың әрекеті деген ұғым бар. Алайда Құрандағы «Жын сүресінде» (Меккеде түскен 28 аят) жындардың көбі Құранды тыңдап, Аллаға иман келтіргендігі туралы айтылады. Демек, жынның бәрі ібілістің соңынан ермеген, олардың да адамды мойындап, оған бас иетіндері көп. Ал ТҰН сондайлардың әрекеті болса, одан адамға ешқандай жаманшылық жоқ. Оның үстіне Алла тағала жынды оттан жаратқаны белгілі, ТҰН-ның жарқыраған от (жарық) бейнесінде көрінетіні де соның дәлелі екендігі айтылады. Дегенмен, ібілістің соңынан ерген жындар да бар екенін ұмытпайық, олардың міндеті адамды аздыру ғой. Сондықтан ТҰН-ды көргенде адам Аллаға сыйынып, жәрдем тілесе оның ешқандай зияны болмайтын шығар. Осы уақытқа дейін ТҰН-мен байланысқа түскендердің бәрі жарқыраған отты көргенде алдымен Аллаға сыйынғанын айтады.
ТҰН-ның сыры бүкіләлемдік құпияға жатса да оны бірлесіп ашуға барлық әлем аяқ баспай отыр. Әр ел бұл сырды жұрттан бұрын өзі ашып, құпиясын өз мүддесіне қолданғысы келетін сияқты. Мәселен, 1966 жылы БҰҰ-дағы АҚШ өкілі К.Кевицки сол кездегі Бас хатшы У Танға жүгініп, ТҰН-ды зерттеу бойынша халықаралық, ұлтүстілік орган құру керектігі туралы ұсыныс жасаған. Арада екі апта өтпей жатып, АҚШ өкіметі К.Кевицкиді БҰҰ-дағы қызметінен босатуды талап етті. Өйткені бұл ұсыныс АҚШ-тың өзге елдердің бұл іске араласқанын қаламайтын ұстанымына қарсы келген. 1975 жылы БҰҰ-да Гренада өкілі де осындай ұсыныс жасаған, оған да АҚШ қарсы шыққан. Осы елде 1947 жылы Розуэлл қаласының түбінде ТҰН кемесі апатқа ұшыраған деген әңгімеге де толыққанды жауап берілген жоқ. КСРО өзінің ең басты қарсыласы не істесе, соны істеген ғой. Сондықтан да ол да ТҰН жөніндегі деректерін барынша құпия ұстаған.
Ғарышкерлер де ТҰН-ды көздерімен көріп, суретке түсіргендері туралы айтқан. Соның ішінде АҚШ астронавы Дж.Макдивитт 1965 жылы оны суретке түсіріп алғанын, бірақ пленканы шығарған кезде оның ізі де болмағанын айтып, таң қалады. Ал қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев оны көрдім демесе де ашық ғаламға шыққанда кемемен қосатын арқаны үзіліп кетіп, енді өлдім ғой деп ойлағанда бір құдірет оның қолдарын сатының жақтауына ұстатып кеткенін айтады… Ол ТҰН-ның әрекеті ме, басқа ма, ол жағы белгісіз.
Жақсыбай САМРАТ,
журналист
Дерекккөз: "Ана тілі" газеті