Ақтабан шұбырынды заманында қазақтар қалмақтан жеңіліп жер ауып бара жатады. Еңбектеген баласынан қартайған кемпір-шалына дейін басы ауған жаққа босқан, байтал түгіл бас қайғы дейтін шақ еді бұл заман. Зұлматтың зардабын шегіп, ішерге ауқаты жоқ, «Елім-ай» деп зар жылаған, емшектегі баласы бар келіншек жүдеп-жадап, нәрестесін көтеріп жүруге де әл-дәрмені қалмаған соң күйеуі:
– «Бала белде, қатын жолда» дейді қазақ, қайтесің, қалдыр баланы, ілес көшке, бір жотаның басына тастап кет, әйтпесе көштің соңында қаласың, – деп келіншекті өз баласын амалсыз қалдырып кетуге мәжбүрлейді.
Әйел бауыр етін қимай тұрса да тастың басында жылап-сықтап, жөргекке ораулы сәбиін жатқызып кетеді. Бірақ, біраз ұзаған соң, жүрегі езіліп баласын ойлайды. Не болды екен деген оймен күйеуінің барма дегеніне қарамастан, тастап кеткен жеріне қайта оралады. Жақындаған кезде бір жануар баланың қасынан ұзай береді. Сөйтсе, арқардың аналығы аш баланы емізіп, сүтке тойдырып кетіп барады екен,
Әйел қуанғанынан баласын қолына алып, көшті қуып жетіпті. Сол аман қалған баланың есімі Мотыш екен. Ол адам әулие, өте ақылды, абыройлы ел атасы болған. Ұлы Абай еліндегі тобықты тайпасының үлкен бабасы атанып, белінен Мотыш деген рулы қауым тараған.
Бұл аңыз қазақ арасындағы арқардың қадір-қасиетін айғақтай түссе керек. Бүгіндері осы арқардың негізгі түрлері тек Қазақстанда ғана сақталып қалған. Себебі, қазақ ежелден көшпелі халық болғандықтан, жануарлар дүниесімен үйлесімді өмір сүрген. Аңшылық, саяткерлік жасағанның өзінде де ерекше аңшылық мәдениеті қалыптасқан. Атамекен жерімізді мекендейтін аң-құс, жануарлардың жойылып кету қаупін төндірмей, бабаларымыз табиғат аясындағы тепе-теңдікті сақтап отырған.
Оған дәлел, ежелгі қазақ аңшылары аң аулау кәсібімен айналысқанның өзінде қасқыр, шибөрі, аю секілді аса жыртқыш, зиян келтіретін аң түрлері болмаса, аңшылықта мылтықты аса пайдаланбаған. Малмен көзін ашып өскен қазақ баласына жалпы тіршілік иесіне, табиғат төліне қатыгездік, қиянат жасау – мүлдем жат нәрсе. Қоршаған ортаның табиғатына және жануарлар дүниесіндегі алуантүрлілікке қамқоршыл мейірімділікпен қарап, оларды қорғап, көбейіп өсуіне жағдай жасап отырған. Ұлттық аңшылық жасау тәртібі мұқият сақталған, жыл мезгіліне сай қандай аң түрін аулау керектігі реттелген.
Негізгі дәстүрлі аңшылықта жүйрік атпен саятшылық жасау, аң қуу әдісі әдетке еніп, тазы немесе төбет иттерді, бүркітті, ителгіні, ақсұңқарды, лашынды қосу дәстүрге айналған. Яғни ұлттық кәсіби аңшылық дәстүрлі сабақтастықпен дамып, ерте заманнан бері ата кәсіп азаматтарымызды өжеттікке, батырлыққа баулып, патриоттық сезімін оятуға септігін тигізіп, атадан балаға мирас ретінде беріліп отырған.
Ежелгі сақ дәуірі заманында арқар елдігіміздің рухты символы болып танылған. Оның айғағы – Есік қаласының маңынан табылған Алтын адамның бас киімінің ең жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған арқар мүсіні. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстандағы көне Берел қазбаларынан, көшпелі көне тайпалардың жәдігер ескерткіштерінен арқар, көкбөрі, аққу бейнесіндегі мүсіндерді кездестіруге болады. Тіпті, арқар адырна, сазген, қобыз, шертер секілді саз аспаптарында да бейнеленген. Қарап отырсаңыз, қазақ жеріндегі тастар мен жартастардың бетінде арқарлардың петроглифтері бейнеленген суреттер өте көп кездеседі.
Арқар қазақ табиғатына, қазақы болмысқа бір табан жақын жануар. Қазақ оны қойға ұқсас жануар ретінде жоғары бағалаған және аса бір мейірімділікпен қараған. Бүгінгі күнге дейін келген өзіміздің дәстүрлі киіздерде, текеметтерде, кілемдерде арқар мүйізді ою-өрнектер кеңінен орын алған.
Арқарлар дүние жүзіндегі ең ірі қой тұқымдас жануар, олардың құлжаларының салмағы 170-200 кг-ға дейін жетеді. Негізінен таулы аймақтарды, ұсақ жоталарды, бұйраттарды, қыста қары аз, азығы мол далалық белдеулерді мекендейді.
Маусымдық қоныс ауыстыруы да қызық. Көктемде бір не екі қозы туады. Ал қыста биік таудан төмен түсіп, көршілес аласа тауға тұрақтайды, негізінен қысы жайлы жерге бейім. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейтін атам қазақтың сөзі содан шыққан.
Қорғалмаған табиғи аумақтарда мекендейтін арқарларға кейде адамның өзі де қауіп төндіреді. Адам факторынан туындаған келеңсіз жағдайларға байланысты арқарлар бұл күндері басқа жақтарға ауып кетуге мәжбүр етіліп жатыр. Тағы бір түйткіл жеке меншіктегі малдарды арқарлар жайылатын жерлерге жаюдан туындайды. Малымен бірге иттері, техникасы, басқа да қондырғылар дыбыстары тыныштықты бұзуы салдарынан арқарлар жазғы жайылымға таудан түсе алмайды. Сөйтіп, қыста жайылатын жерінде еріксіз қала береді. Мұның өзі арқарларға үлкен жайсыздық әкеліп жатыр.
Өкінішке қарай, арқарлар жайылатын тау жоталарында өсетін емдік шөптерді жинаушылар және туристердің рұқсатсыз келуі де олардың емін-еркін жайылуына нұқсан келтіріп отыр.
Жалпы, арқар Орталық Азияның он бір мемлекетінің аумағында мекендейді. Бүкіл Орта Азия мемлекеттерінде арқардың он түрі болса, соның бесеуі қазақ жеріне бауыр басқан. Мұны ұлттық байлығымыздың бір белгісі деп танығанымыз және ерекше мақтанышымыз деп білгеніміз абзал.
Қасиетті жерімізді мекендейтін арқардың түрлерін атап айтсақ, Қазақстан арқары, Алтай арқары, Қаратау арқары, Тянь-Шань арқары, Үстірт арқары болып келеді. Бұрын Қызылқұм арқары болған, бірақ бұл арқардың түрі көршілес Өзбекстан шегіндегі ерекше қорғалатын аумақтарда сақталып қалған, кейде шекарадан өтіп, Қазақстан жеріне келіп-кетіп те жүреді.
Айта кету керек, ерте заманда қазақ жерінде жосып жүретін жабайы түйе, жабайы сиыр (тур), солтүстік бұғысы, жабайы жылқы тарпаң, тұран жолбарысы сияқты аңдар бұл күндері толық жойылып кеткен.
Аталған арқар түрлерін қорғап, сақтап қалу үшін әлі де мемлекет тарапынан қамқорлық қажет. Осы мақсатта ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шұғыл түрде ашып, табиғат қорғау жұмыстарын одан әрі күшейту керек. Әсіресе, Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай таулары бұл ретте әлі де толық зерттеліп болмаған, табиғи алуантүрліліктер мен мүмкіндіктерге өте бай аймақ. Оның ішінде арқар мен маралдың шоғырланған жері. Аю, сілеусін бар. Қар барысы болуы мүмкін деген жорамалды да жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, қар басқан биік Тарбағатай таулары бір шеті Алтай тауларымен ұштасса, екінші шеті Жоңғар Алатауына ұласады.
2015 жылдың қорытынды санағы бойынша, Қазақстандағы арқарлар саны 15710 басқа жетті. Әрі ол алдыңғы жылдарға қарағанда 7 пайызға өскен. Бұған көңіл демдеуге болады. Бірақ, соған қарамастан, мына жаhандану заманында шет мемлекеттермен өзара қарым-қатынас нығая түскендіктен, шетелдік бизнес өкілдерінің және жұмысшы ресурстарының елімізге көптеп келуіне байланысты табиғат байлығын, оның ішінде жануарлар дүниесін сақтап қалу мәселесі күрделеніп, алаңдаушылық тудыруда.
Мысалы, кейбір елдерде, әсіресе, Қытай мемлекетінің фармацевтикасында киіктің мүйізіне, бауырмен жорғалаушыларға сұраныс көп. Сондықтан да браконьерлерді астыртын қаржыландыру асқына түсіп, киіктерді және басқа аңдарды заңсыз аулау, яғни браконьерлік азаймай тұр. Бұл – нарықтағы сұраныс көбейген сайын браконьерліктің де өршуіне жағдай туғызып отыр деген сөз. Сол сияқты, арқар мен киіктің мүйізі мен етіне қызығушылықтың шыжығынан браконьерлік фактілер тіркеліп тұрады. Браконьерліктің тыйылмауына табиғат қорғау заңдарының әлсіздігі де бір себеп болып отырғанын несін жасырамыз. Ұсталған жағдайда айыптылар жауапкершіліктен оңай құтылады. Соның салдарынан дәндеген браконьер қаскөй қарақшылығын қоймай, қайталап ұсталып жатады.
Браконьерлермен күресті одан әрі жандандыру үшін біріншіден, табиғат қорғау саласындағы мекемелерді мемлекет тарапынан заманға сай техникамен және байланыс құралдарымен жабдықтау қажет. Екіншіден, жануарлар дүниесіндегі пайда болатын ауруларды зерттеп, профилактикалық шаралардың қолға алынғаны дұрыс. Үшіншіден, жеке инвесторларды тарту арқылы аңшылық шаруашылықтар ашып, туристік рекрациялық аймақтарды үлкейту құба-құп. Төртіншіден, мемлекеттік ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санын көбейту керек. Сөйтіп, арқар да, басқа аңдар да өзге жаққа аумайтындай жайлы табиғи мекендер көбейсе, түз тағыларының өсіп-өніп, көз қуанышымызға, көңіл жұбанышымызға айнала берер еді.
Игілік Әмірғалин,
Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі комитетінің сарапшысы
Дерек көзі: adyrna.kz