«Бұл екі кітап та әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және психология кафедралары оқытушыларының қатысуымен аударылды. Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» кітабын ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлжаһан Нұрышева мен сол кафедраның оқытушысы Гауһар Әбдірасылова тәржімалады. Олар өте сапалы жұмыс атқарды», - дейді ол.
Аудармаға атсалысқан ғалымдар өте сергек әрі мұқият қарап, ең бастысы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып жатқан басқа да философиялық кітаптармен үнемі салыстырып отырған. Терминдерді, ғалымдардың есімін, еңбегін бәрін де салыстыра, қараған.
«Мысалы, ғалымдармен келісе отырып, орыс тілінде Фома Аквинский делінетін ғалымның есімін Акуинолық Томас деп алдық. Өйткені бүкіл батыс әлемі оны Thomas Aquinas деп біледі. Оның философиялық бағыты бүгінде томизм деп аталады. Орыс тілінде ол грек тілінің ыңғайына орай Фома деп алынған, яғни «Th» дыбыстарының жұбы «ф» дыбысына айналады (мысалы, Athens - Афины). Ал соңғы s дыбысы орыс тілінің ыңғайына орай түсіп қалады да, Неаполь қаласының маңындағы Акуино мекенінде туған Томас - Фома болып шыға келеді. Ғалымдар осыны нақтылап, Акуинолық Томас деп атауға келісті», - дейді Есей Жеңісұлы.
Кітапты аудару барысында философиядағы «being» терминін - «болмыс», «unbeing» терминін - «бейболмыс» деп алу, басқа да жүйеленбеген терминдерді реттеу туралы да ғалымдар көп кеңескен.
«Сол секілді «reason» деген терминді орыс тілінде «резон» немесе «разум» деп алса, бізше ол ақыл, ой, сана, дүниетаным дегенге сəйкеседі. Осылардың ішінен «ақыл-ой» ұғымы дəл келетінін де бағдарладық. Сондықтан менің ойымша, осы 18 кітаптың ішіндегі философия бағытында шыққан кітаптар қазақ тіліндегі философия ғылымының одан əрі дамуына жаңа жол ашады деп есептеймін. Күзде студенттердің қолына тисе үлкен көмек болар еді деген ойдамын», - дейді ол.
Ал екінші кітап - Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Əлеуметті психологияға кіріспе» атты кітабының атауы Алматыда өткен конференцияда біршама талқыланған көрінеді.
«Бұл кітаптың ағылшынша атауын тікелей аударсақ «The social animal» - «Қоғамдық жануар» дегенді білдіреді. Ал Ресейде оны «Общественное животное» деп алған. Осыған ғалымдар да, публицистер де, жазушылар да «қазақ тілінде жануар деген сөз адамға қатысты айтылмайтынын» көлденең тартты. Кітаптың өзінде де Аристотельдің «Адам деген - саналы жануар» деген сөзі келтіріледі. Дегенмен тікелей қазақ тілінде «Қоғамдық жануар» деп алу бəрібір ауыр. Сондықтан атауға қатысты ойымызды ортаға салып, əлеуметтік желілерде де сауалнама жүргіздік. Сөйтіп, шығыстанушы Ғалым Боқаш ұсынған «Көпке ұмтылған жалғыз» атты атауға тоқтадық. Бұл - кітаптың табиғатын ашатын тамаша атау болып шықты. Өткен жолы тұсаукесерде Президент те «Көпке ұмтылған жалғыз» атауын сәтті деп ерекше атап өтті», - дейді ол.
Есей Жеңісұлының айтуынша, әлеуметтік психология - қазіргі қазақ қауымына өте қажетті ғылым.
«Эллиот Аронсон осы кітапты 1970-1971 жылдары Стэнфорд университетінде жүрген кезінде жазуға кіріскен. Содан бері 11 басылым көрген. Демек, 50 жылға жуық уақытта үнемі жаңартылып отырған. Кітаптың алтыншы басылымы Ресейде аударылған екен. Сол кездегі мазмұнмен салыстырғанда 11 басылымның мазмұны жаңара түскен. Мысалы, АҚШ мектептеріндегі атыстар - бір адамның қолына мылтық алып, он, жиырма, елу адамды қырып кетуі, сол секілді қоғамда кейін болып жатқан қайғылы оқиғалар өте жақсы қарастырылған. Психологиялық қырлары талданған», - дейді ол.
Мысалы, кітапта Колумбайн мектебіндегі қырғын өте жақсы талдаумен келтірілген. Кент дейтін қалашықтағы демонстрацияға шыққан студенттердің ішінде жазықсыз төрт студентті полицияның атып тастауына байланысты үлкен талдау берілген. Кэйт есімді әйелді жарық самаладай жарқырап тұрған кешқұрым шақта екі адам азаптап өлтіреді. Сонда бірде-бір адам оған көмектеспейді. Автор «Неге көмекке келмеді?» деген сұрақты керемет талдайды.
«Менің ойымша, осы кітап тек студенттерге немесе психология тақырыбына қызығатын ғалымдарға ғана емес, кәдімгі оқырманға да өте қызықты болады деген ойдамын. Адамның ішкі рухының мықты болмауы, жеңіле салуы сияқты мәселелердің бәріне осы кітапта жауап бар, менің ойымша. Байқағаным, шетелдік ғалымдар кітапты мейлінше түсінікті етіп, көпшілікке арнап жазады. Мұны ғылыми дегеннен гөрі, ғылыми-көпшілік кітаптар деуге болады. Сондықтан, бұл кітаптарды ЖОО-ларда ғана оқытпай, былайғы оқырманның қолына тигізсек те еш ұтылмаймыз. Яғни, біздің қоғамға өсу керек болса, осындай оқулықтармен танысу керек деп есептеймін», - дейді ол.
Ұлттық аударма бюросының редакторы сонымен бірге, қазақ тіліне шет тілдерінен енетін терминдерді кіріктіру жұмысы қалай жүзеге асырылғанын айтып берді.
«Мысалы, психология саласында «behavior» деген термин бар. Біздің ғалымдар сол сөзді сөздің ортасында кездесуіне, яғни контексіне қарай оны «мінез-құлық» деп те алды, «іс-әрекет» деп те, «жүріс-тұрыс» деп те алды. Яғни, бір терминнің бірнеше формасы байқалды. Сол сияқты «influence» деген термин кездеседі. Соны «әсер» деп те, «ықпал» деп те мəтін табиғатына орай қолданатын кездер болады. Сол сияқты орыс тіліндегі «ный», «ский» деген секілді жалғауларға байланысты «лық, лік, тық, тік» деген жалғауларды орынды-орынсыз қоса беретініміз байқалды. Сондықтан біз «первичный» дегенді алғашқылық әсер деп басында алып көрдік те, кейін ғалымдармен кеңесе келе «алғашқы әсерге» тоқтадық. Кейінгілік əсер де «кейінгі әсер» болып өзді-өзінен шыға келді. Тек термин мәселесін ғана емес, қазақ тілін өзінің о бастағы қайнар көзіне оралтуға да осы еңбектер жақсы әсер етеді деп ойлаймын», - деп түйді Есей Жеңісұлы.
Дереккөз: bilim-all.kz