Қалыңдық қандай пайда әкеледі? Бастысы, әйел бақытына бөленеді. Ана бақытын ұялмай сезінуге үміті бар. Тойда ет жақындарының терін шығарып тұрып билеткізеді. Бүлдіршіндерді кәмпит тергізіп, қуанышқа кенелтеді. Анасының көзіне жас оралады, әкесінің асқар тау екендігін сезіндіреді. Бір ғана адам қаншама жақсылық жасап тұр. Көрдіңіз бе?! Теңдессіз тегін сезімдерді тарту етіп тұрғанын. Ал оң босағада отырған қыз тек қаржылай көмек көрсете алады.
Дереу олай ойламаңыз. Біз жасы егде тартқан қыздарды жазғырғалы жатқан жоқпыз. Әркім өз өмірінің қожасы. Не істейді, не қояды, өзі біледі. Алайда «айтпаса, сөздің атасы өледі». Олардың өзінен бұрын қоғамға да кері әсерін тигізіп жатқанын ел біледі. Осы мәселені зерттеуші белгілі демограф Мақаш Тәтімов былай деген: «Кәрі қыздар көп. Бұл дегеніңіз – көтерілмеген шаңырақ, ашылмаған гүл, туылмаған сәби». Аттай тулайтын сөз айтылды. «Кәрі қыз». Бұл - оң босағада отырған қыздарға жасалған психологиялық шабуыл. Сөз сүйектен өтеді. Жалпы, намысты қыздардың шамына тиеді. Осылай айту дұрыс па өзі?! Көңіл қалдырады. Дегенмен етек-жеңді жинап, жан-жақтағы жігітке көз салдыруға септігін тигізеді.
«Басқа салғаны осы шығар. Тағдырдың жазғанына көнеміз де». Тұрмыс құрмаған қыздардың үйреншікті әңгімесі. Діни тұрғыдан алып қарайықшы. Алла тағала адамға ата-анасын, тұрмыстық жағдайын, нәсілін, жынысын, ұлтын, денінің саулығын таңдауға мүмкіндік бермейді. Алайда әрбір тұлға өз өмірі үшін өзі шешім қабылдайды. Қай жолды туралайтыны оның ішкі ойына тікелей байланысты. Демек адам өз өмірін өзі құрастырады. Тағдырды кінәлаудың түк те қажеті жоқ.
Бәрін қоя берейік. Тұрмыс құруға тосқауыл болатын тағы бір жағдайды мысалға келтірсек. Бойжеткеннің отау құруға ойы кетеді. Содан ата-анасына ішкі сырын айтты делік. «Оқу бітіріп алып, наныңды жегіз» деген сөз де бұл арада тыс қалмайды. Қалыңмалдың жөні тіптен бөлек. Қанаттыға қақтырмаған қызына өлген әкесінің құнын сұрайтындар да кезігеді. Амал нешік?! Қатардан қалыс қалғысы келмей, әке-шешесінің айдауынан шыға алмайды. Сол қалыңмал мен сүтақыға кететін қаржыны біреудің қалтасы көтерсе, екіншісінде жоқ.
Халқы неғұрлым көп болса, сол мемлекет тарихта ұзақ уақыт қалуға таласа алады. Сападан бөлек, адам саны да рөл ойнайды. Біз өмір сүргенде қоғамға да қажет екенімізді естен шығармағанымыз абзал.