Бүгін «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында Көкшетаудағы М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Диқан қазынасы» атты қазақ халқының диқандық-егіншілік, бағбандық дүниетанымына негізделген тұңғыш агросалалық фольклорлық жинақтың таныстырылымы болып өтті, деп хабарлайды silteme.kz.
Аталған жинақты аймақтың Шортанды ауданында орналасқан А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы шығарап отыр. Оны құрастырып, алғы сөзін жазған, баспаға әзірлеген әлеуметтік кәсіпкер, мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров.
Шараға құрастырушы-автормен қатар, А.И.Бараев атындағы АШҒӨО бас директорының орынбасары Әбдіманап Кочоров қатысып, сөз сөйледі.
Еңбектің басты ерекшілігі – халық арасында ғасырлар бойы айтылып, ұлттық менталитетіміздің қабырғасын құрап тұрған ауылшаруашылық сипатты салалық аңыз-әңгімелер мен әфсана-қиссалардың енгізілуі. Сондай-ақ, мақал-мәтелдер мен жұмбақтардың кәсіптік топталуы.
Осыны баса айтқан Әбдіманап Кочоров талапты азаматтың ұсынысын қабылдап, бұл жинақтың шығуына қолдау білдірудегі орталықтың басты мақсаты – халқымыздың шаруашылық жүргізу мен табиғатты аялауға қатысты танымдық көзқарастарын паш ету болғанын айтты.
«Осы кітап арқылы аграрлық саланың әдеби-мәдени қырларын тілге тиек ете отырып, Жер-анамыз жайлы киелі дүниетанымды тереңінен пайымдасақ дедік. Қызықты аңыз-әңгімелермен, мақал-мәтел, жұмбақтармен адамдардың рухани шөлін басу да – басты міндеттеріміздің бірі. Ал бұл қайнардан жерлестеріміз қалыс қалмауы керек. Біз күні кеше ғана елордамызда бұл кітаптың тұсауын кескен болатынбыз. Алайда, туған жері, туу туралы куәлігі берілген жері осы – Ақмола топырағы болғасын, онымен аймақ жұртшылығын таныстыруды жөн санадық. Біздің жақты басқа өңірлер диқандықтың өрістеп дамыған ортасы ретінде білсе, ендігіде көне егіншілік-бағбандық мұрасын түгендеп жатқан үлгілі аймақ ретінде де танығанын қалаймыз», - деді Әбдіманап Кочоров.
«Бүгінде ауыл шаруашылығына, оның ішінде егіншілік пен өсімдік саласына мемлекет тарапынан қолдау көп. Ендігісі, ата жолымен қасиетті кетпенге сүйеніп, дәннен дәм алған, берекенің қасындағы, егістің басындағы еңбеккерлердің атын экономикалық тұрғыда ғана қамшылап қоймай, рухани дем беру – парыз. Елбасы айтқандай, адал еңбек әманда лайықты бағалануы тиіс. Сол үшін де, еліміздің берекелі ертеңін анықтап, мерекелі бүгінін, еңбек ортасын мазмұнға толтырып отырған диқандардың тарихи-кәсіби және рухани сана сабақтастығымен, ел асыраушысы да, алқаушысы да бола білген ертедегі бейнеткер кәсіп иелерінің елдік санасымен таныстыру кезек күттірмес мәселе», - деп атап өтті Абылайхан Қалназаров.
«Ауыз әдебиеті мен фольклорлық деректердің салалық-тақырыптық әдіспен тұңғыш рет топталып тұрғанын ескертеміз. Біз ежелгі дүниеден бастап заманауи, тіптен, туыстас ұлттар әдебиеттерін ақтарып, парақтағанда: мазмұнына қарай діни, желісіне қарай топономикалық, тегіне қарай түркілік және тағы басқа ұстанымдармен топталған жинақ-зерттеулерді көп кездестірдік. Айта кетерлік жайт, еліміздегі кітап өндірісінде дәл осылай кәсіптік-салалық қалыптау үдерісі алғаш рет жүзеге асырылып отыр», - деп ойын жалғады құрастырушы-автор.
Оның айтуынша, ауылшаруашылық өндірушілерінің ілкі шаруашылық дүниетаным қабаты мен ғасырлар бойғы өндірістік тәжірибесі көрініс тапқан еңбекті жариялаудың маңызы зор.
«Сан ғасырлық тарихтан тамыр тартып жатқан әдеби-рухани мирастар халықтың диқандыққа қатысты білім-білігі, пайымын кеңейтіп, көркейтуге үлесін қосады деген сенімдеміз», - деп түйіндеді А.Қалназаров.
Жинаққа егіншілік-бағбандық мәдениетіне қатысты тақырыптық фольклорлық материалдар енгізілген. Мұнда егіншілік, диқан ұғымдары тар мағынада емес, кең ауқымда қарастырылған. Сондықтан да, алпысқа жуық аңыз-әпсана ертегі-қиссадан құралған «мифтік» – бірінші тарауда да, кейінгі бес мың қаралы мақал-мәтелдік, жұмбақтық тарауларда да – егіншілік пен дәнді дақылдар, бақша өсімдіктері, жеміс-жидектер мен көкөністер, емдік шөптер тақырыптары кеңінен қамтылған.
Кітап ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен сала мамандарына, мектеп оқушыларына, мұғалімдерге, студенттер мен магистранттарға, сондай-ақ қайталанбас төл фольклор, ілкі сөздер мен мифтерге қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.
Айта кетейік, күні кеше, а.ж. 20 маусымда Нұр-Сұлтандағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің брифинг залында кітап республикалық БАҚ өкілдеріне таныстырылған еді.