"Атақты түрколог С.Е. Малов: «Сарыұйғырлар тілінде «Семей» сөзі көне түрік қауымы құлшылық ететін орын - ғибадатхана мағынасын білдіреді»,- дейді («Язык желтых уйгуров, словарь и грамматика». - А. 1957).
Моңғол-тибет диалектісінде де ғибадатхана ұғымы осы төркіндес. Осы деректерге сүйене отырып, Әбілхан Әбіласан деген автор былай пайымдайды: «Семей» атауын көне сақ, ғұн тілдерінің сарқыты деп болжауға бейілміз. Ежелгі қауым сарыұйғырлардың сөздік қорында бұзылмай, өзгермей, сол күйі аман сақталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен бұл тұмар сөз, қасиетті атауды бөтен тіл, бөгде ұғымға телімей, төл болмысында түсіндіріп қолданғанымыз абзал». («Ана тілі» газеті, 5-ші қазан, 1995 ж.). Біз осы пікірді толығымен қуаттаймыз.
Негізі, «Семей» топонимі жалғыз қала атауында ғана емес, қаладан батысқа қарай 40-50 шақырым жерде Семейтау атты тау тұрғанын да ұмытпайық. Ал тау аты «Семьпалаттан» шықты деу қисынсыздық. «Семей» мен «Семипалатинск» атауларының дыбыстық үндестігі - өкінішті кездейсоқтық. Әсілі, екі сөзден тұратын орыс атауларын дыбыстауда қазақ тілінің тәжірибесі атаудың екі жартысы да сақталатындығын көрсетеді. Мәселен, Петербург - Петербор, Оренбург - Орынбор, Новосибирск - Ноғайсібір.
Демек, қазақ халқы қаланы «Семей» деп «Семьпалат» деуге тілі келмегендіктен емес, қаланың көне тарихи-топонимикалық атауы жадында жүздеген жылдар бойы сақталып қалғандықтан атап келген деп түйеміз" деп тұжырым жасаған ол.
Мұны құптау, құптамау, енді әркімнің өз еркінде.
Дереккөз: burkit.kz