«Комиссия құрамына министрлер, агенттіктер мен комитеттер төрағалары, ғалымдар мен қайраткерлер енді. Негізгі мақсат – келесі жылдың басынан бастап жоспарлы түрде барша министрліктер, уәкілетті органдармен бірлесе отырып іске асыру жұмыстарын жүргізу. Латын әліпбиі бойынша тілдік реформа жекелеген ғылыми-зерттеу институттарының немесе белгілі бір министрліктердің ғана атқаратын жұмысы емес, бұл бүкіл ел болып, жұмыла көтеретін үлкен жүк» деген ғалым сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл жерде ең негізгі мәселе тек қана механикалық түрде, формалды түрде әріптерді ауыстыру, бір әліпбидің орнына екінші әліпбиді қондырып, емлелерді жасай салу емес. Ол тек қана бергі жағы, сыртқы көрінісі.
«Негізгі мәселе – санамызды жаңғырту. Түптеп келгенде тілдік жаңғыртуға бағытталған реформамыздың негізгі мақсаты рухани, идеологиялық, саяси-мәдени тұрғыдан бетбұрыс жасау. Рухани жаңғырудың тірегі мен өзегі – тіл болғандықтан бұл мәселе бірінші тілден басталатыны белгілі», - деп түсіндірген Е.Қажыбек.
Сондай-ақ, тіл білімі институты директоры қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді жүзеге асыратын төрт жұмыс тобы құрылғанын атай отырып, соның бірі – терминологиялық топтың, аты айтып тұрғандай терминологиялық қорды жетілдірумен айналысатнын жеткізген.
«Біз терминдерді бұл уақытқа дейін өзгертпей қабылдап келдік. Негізі дүниежүзілік тәжірибеде бұл қате. Өйткені кез келген кірме сөз қабылдап отырған тілдің заңдылықтарына бағынуы керек. Жасыратыны жоқ, тіліміз екі тілдің заңдарына бағынып келді. Тіліміздің дамуына, қолдалынуына сәйкес келмейтін ережелер қолданылды. Өкінішке орай, ондай ережелерге бойымыз үйреніп кетті. Енді латын әліпбиіне көшуімізге байланысты осы мәселелерді бір тілдің негізіне қайтадан оралтуымыз керек», - деп түйіндеген ғалым.
Айта кетейік, жуырда Ұлттық комиссияның бірінші отырысы болып өтті. Отырыс аясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүзеге асыратын төрт жұмысы тобы құрылған болатын. Олар: терминологиялық, орфографиялық, әдістемелік және сараптамалық-техникалық топтары.