«Возрождение» неміс мәдени орталығының құрылғанына биыл 25 жыл болыпты. Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев мұны ерекше атап өтті.
– Биыл 25 жылдығын тойлағалы отырған ел Тәуелсіздігінің арқасында неміс ағайындар өзінің атамекеніне қайтуға, өзінің тарихын, дәстүрін, тілін сақтауға мүмкіндік алды. Сұрапыл жылдары арып-ашып келген немістерге бір үзім нанын бөліп беріп, бауырына басқан қазақтар оларға ағайындай, Қостанай құтты мекен болды. Егер статистикаға сүйенсек, 80-ші жылдардың аяғында Қазақстанда бір миллионнан астам немістер тұрды. Олардың көбі тарихи Отанына қайтты, бірақ Қазақстанды, оның ішінде Қостанайды да олар құтты мекен санайды, біз оларды жерлестер деп білеміз. Қостанайда бүгінде бір қауым немістер тұрып жатыр, ұлттар достығы, еңбек, ұйыған бірлігі бар еліміздің гүлденуіне олар да үлес қосуда, – деді Марат Қонысбайұлы. Расында, облыстың немістер тығыз тұратын 9 ауданы мен қалаларында «Возрождение» неміс мәдениеті орталығының филиалдары бар. Оларда неміс диаспорасының мәдениеті, дәстүрі мен тілі ұмыт болмауы үшін жұмыстар жүргізіледі. Фестивальға Қарабалық ауданынан келген Елена Шевчук қолөнер бұйымдарын әкеліпті.
– Бұрын ауылдарда неміс ағайлар түрлі жиһаз жасайтын, қазірге дейін оны кейбір үйлерден кездестіруге болады. Әйелдері тоқымашы, қуыршақ тігетін. Қазір ауданымызда тұратын түрлі ұлттардың қолөнері өрмектің жібіндей бірге өріліп кетті. Немістер, қазақтар, орыстар, молдавандар дегендей, түрлі ұлт өкілдері бір-бірінен үйренеді. Бәрінен де жастардың соны ұмытпауын ойлаймыз. Тату-тәтті тұрамыз, қуанышымыз да, қайғымыз да бір, – дейді Елена Валентиновна.
Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстанға жақында ғана келіп, Елбасына сенім грамотасын тапсырып, қызметін бастаған елші Рольф Мафаэль қатысты. Елшінің Қазақстандағы алғашқы сапары Қостанайға жасалды. «Елдестірмек – елшіден» деген, ол сапар аясында алдымен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, болашақ экономика, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы әңгімелесті. Германия мен Қостанай облысы арасында сыртқы сауда-экономикалық байланыс бекем қалыптасқан, биыл сыртқы сауда айналымы 20 миллион долларды құраған. Аймақ басшысы елшімен кездесуінде облыстың Германиямен әріптестікті кеңейтіп, экономикадағы ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, инвестиция тартылатынына сенімі зор екенін айтты.
Қостанай облысы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы байланыстың одан әрі нығаюы үшін біздің тарапымыздан барлық мүмкіндік жасалатын болады, – деді Архимед Бегежанұлы.
– Сіздің облыста ауыл шаруашылығының әлеуеті мықты. Бізде ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыратын аграрлық орталық жұмыс істейді, Қазақстанда бизнесін ашуға ынталы кәсіпорындар бар. Оларға осындағы ауыл шаруашылығы секторының дамуы, кәсіпорындар қызметі мен олардың әлеуеті туралы толық ақпараттар қажет, – деді Рольф Мафаэль.
Елші сапарына орай жасалған іскерлік және мәдени бағдарлама шеңберінде Рольф Мафаэль неміс диаспорасының жастар қанатымен кездесті, облыстағы өндірістік және ауылшаруашылық кәсіпорындарын аралады, «Қазақстандағы немістер. Тарих пен қазіргі заман» тақырыбындағы дөңгелек үстел мәжілісіне қатысты. Фестивальдің гала-концертінде елші облыстың әр шалғайынан келген неміс көркемөнерпаздарының өнеріне тәнті болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»