«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы тарихта небір зұлматты жылдар мен қанды қырғындарды бастан өткеріп, бүтіндей бір ұлттың жойылып кетуіне жол бере жаздаған қаншама сұрқия саясат пен арамза әрекеттерді бастан өткерді. Солардың «ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен» ең бір қайғылы кезеңдері Ұлы Отан соғысымен байланысты.
Гитлердің жер бетінде тек асыл текті неміс халқы ғана өмір сүруі қажет деп, өркөкіректік пен шектен шыққан менмендікке бағытталған зұлым саясатының салдарынан тұтанған алапат соғысқа тек қазақ жерінен ғана аттанған 350 мың қазақ қайтып еліне оралмады. Олар сұрапыл соғыс жылдарында Отанын, туған жерін жаудан жанқиярлықпен, асқан ерлікпен қорғай білді. Нәтижесінде 500 қазақстандық жауынгер мен офицерлер Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың 98-і қазақ ұлтының өкілдері.
Осы соғыста жан-алысып, жан беріскен Отанының жолында жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлік істері мәңгілік халық жадында сақталары сөзсіз. Бұл соғыстың қаншама халықтар үшін, қаншама елдер үшін зарлы болғаны соншалық оның зардабы соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да ұмытыла қойған жоқ. Қайта керісінше, осы соғыспен байланысты бұрын бұрмаланып келген немесе тиісті деректердің жоқтығынан мүлдем кереғар түсінік қалыптастырып келген көптеген фактілердің беті ашылып, көптеген жауынгер азаматтардың еленбей келген ерліктері тарихтан лайықты орнын алды. Өкінішке қарай жоғарыда келтірілген деректер Ұлы Отан соғысына қатысып, батыр атанған қазақ азаматтарының бізге белгілі болғандары ғана. Уақыт өте келе сұрапыл соғыстың бізге беймәлім жақтары ашыла бастаған сайын, қазақ батырларының саны әлі де арта түсер деген үміт те жоқ емес әрине. Жалпы қазақтан шыққан Ұлы Отан соғысы батырларының қатарында Кеңестік жүйенің шовинистік сұрқия саясатының кесірінен ерлігі мұндаға дейін дұрыс бағаланбай, көпшілік арасында талай тартыс тудырып келген асыл азаматтардың бірі - Рақымжан Қошқарбаев.
Ұлы Отан соғысында рейхстагқа ту тігіп, алғаш рет ұлы жеңістің жалауын желбіреткен батырдың ерлік істері өзге ұлттарды кемсітіп, тек өзінің ғана жетістігін насихаттап үйренген Кеңестік өркөкірек өзімшіл жүйенің сол кездегі билік басындағы шолақ белсенділері жоққа шығарып келді. Ал шындығында халқының даңқты ұлы Р.Қошқарбаев соғыста қандай ерлік жасаған еді?
Бұл жөнінде «Түркістан» басылымына жазған мақаласында Көлбай Адырбекұлы былай дейді:
«Шындық қап түбiнде жатпайды». Рас сөз. Мiне, 62 жылдан соң Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бiрiншi болып ту тiккенi анықталып отыр. Бұл ерлiгi жайында кезiнде Қошқарбаевтың өзi де жазған болатын. Ұлы Жеңiстiң 20 жылдығында соғыс ардагерлерi Мәскеуге шақырылған. Сонда грузин Кантария 150-шi дивизияның Рейхстагқа тiгiлген туын Қызыл алаңға ұстап шығады. Сол топта Рақымжан Қошқарбаев та болған. Ол Кантарияның қолынан туды жұлып алып: «Бұл туды Реихстагқа бiрiншi мен тiккенмiн»,- деген. Шындықты бiлетiндер оған қарсы келмейдi.
Қошқарбаевтың сол туды көпшiлiктiң ортасында ұстап тұрған сурет қазiр бар. Соғыс ардагерi Зекен Темiрғалиев 1962 жылы Ялтада дем алған екен. Шипажайдың мәдени қызметкерлерi оларды Ставропольға алып барып, соғыс мұражайымен таныстырады. Мұражай қызметкерi Рейхстагқа ту тiккен Егоров пен Кантария деп екеуiнiң суреттерiн көрсетiп жатқанда топ iшiнен оралдық Тәшкенбаев деген ардагер орнынан тұрып: «Бұл мәлiмет қате. Егоров пен Кантариядан бұрын туды Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов тiккен. Сол кезде мен 150-шi дивизияның байланыс бөлiмiнiң бастығы едiм. Дивизия командирi генерал Шаталов 30 мамырда 1-Белорус майданының қолбасшысы Жуковқа Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатовтың Рейхстаг қабырғасына ту тiккенiн хабарлады. Жуков қатты ашуланды: «Неге қайдағы бiр азиаттарға ту тiккiздiң? Ертең қалайда бiр орыс пен бiр грузин Рейхстагқа қайта ту тiгетiн болсын», - деп бұйрық бергенiн өз құлағыммен естiдiм. 1 мамырда фашистер аса күштi қарсылық көрсетпедi. Өйткенi, капитуляцияға келiсуге көнген едi. Сол күнi Егоров пен Кантария көп қиындықсыз Рейхстаг үстiне ту тiктi. Қысқасы, оларға сондай мүмкiндiк қолдан жасалынды»,-дедi.
Сол кездегi майдан газеттерi осы оқиға туралы мақалалар жариялайды. Онда Қошқарбаев пен Болатовтың ерлiгi де айтылған. Олар 300 метр жердегi фашизм ұясы - Рейхстагқа бораған оқ астынан 7,5 сағатта әзер жетiптi. Григорий Рақымжанды иығына шығарып, туды Рейхстаг қабырғасына неғұрлым жоғары тiккiзгенi өте қиынға түскенi анық. Бұл өлiмге бастарын тiккенмен бiрдей iс екенiне ешкiмнiң де таласы бола қоймас. Содан кейiн-ақ, немiстердiң мысы басылып, ендiгi қарсыласу ешқандай да ақылға сыймайтынын түсiнсе керек. Кеңес Үкiметiнiң басшылары бұл соғысты Ұлы Отан соғысы деп жариялады. Барлық ұлтты сол Отанды қорғау үшiн күреске шақырды. Отан бiреу деген ұғымды саналарына сiңiрдi. Қазақтар да сол үшiн жан аямай шайқасты. Ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Бiрақ сол ерлiктi бағалауға келгенде Кеңес Үкiметiнiң басшылары нәсiлшiлдiкке, кемсiтушiлiкке бой алдырды. Рақымжан Қошқарбаевтың кезiнде бағаланбай қалған ерлiгi соның мыңнан бiр дәлелi.
Белгiлi жазушы Борис Горбатов: «Герой штурма Берлина» деген естелiгiнде: «Пора кончать сравнивать наших войнов на орла и беркута. Какой орел, беркут может сравняться на казаха Кошкарбаева, который на моих глазах водрузил Знамя Победы над Рейхстагом, несмотря на сильный и ураганный огонь немцев»,- деп жазды.
Көзi көрген жанның осы жазғандарынан артық қандай дәлел керек ?!», дейді мақала авторы.
Ал «Қазақ әдебиеті» басылымының 2006 жылдың сәуір айының 28-індегі нөмірінде басылған «Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен» деген мақалада мынадай жәйттер келтірілген. «Американың "Нью-Йорк таймс" газеті 1945 жылдың 1 мамыр күнгі санында "Кеңес қызыл туы Рейхстаг үстінде желбіреді" деген тақырыпта хабар жариялады. Оның соңы былай тұжырымдалыпты: "Кеңес әскері кеше Берлиннің әр үйін ерекше жанкешті шабуылдармен ала отырып, әкімшілік орталығына сүңги кіріп, Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Бұл - Гитлердің Кеңес Одағына лап қояр алдында тобырын жинап алып: "Германияның қазір күш-қуатқа молыққаны сонша, енді оны бұдан былай ешқандай да мемлекеттер одағы тізе бүктіре алмайды" деп күпсінген Рейхстагі ғой. Енді орыстардың Берлин қорғанысын құлатуы мен жалпы Германияны тізе бүктіруіне көп қалған жоқ сияқты. Сол от-жалынды күндері Рейхстагта екі жеңіс туының желбірегені белгілі. Біріншісін 150-ші Идрицк дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 30-сәуір күні сағат 15-00 шамасында халық туын; екіншісін басқа бөлімнің барлаушылары Егоров пен Кантария 1 мамырда сәске түсте Ставка туын тікті».
Әдетте газеттің маңдайында көрсетілетін датасынан бір күн бұрын дайындалатынын, оның үстіне мына газеттің жер шарының арғы жақ бетінде шыққанын еске алсақ, "Нью-Йорк таймс" газеті 1 мамыр күні шыққан санында қай оқиғаны хабарлаған? Сөз жоқ, алғашқы оқиғаны ғана. Ал кеңес БАҚ-тары бұл оқиғамен оқырмандарын мамырдың 3-інен бастап таныстыра бастады. 2004 жылы "Жібек жолы" баспасынан "Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев" атты естеліктер жинағы шықты. Оның авторларының бірі -майдангер жазушымыз Әзілхан Нұршайықов аталған ерлікті жасаған жолы-ақ Қошқарбаев пен Булатовтың «Кеңестер Одағы Батыры» құрметті атағына ұсынылғанына куәлік береді. Алайда, атақ сол жылдары жүргізілген солақай да шовинистік саясат ықпалымен келесі күні екінші туды тіккен орыс Егоров пен грузин Кантарияға бұйырады. Яғни жан алып, жан беріскен соғыс кезінде де "Халықпен бірге туысқан партия" ұлттарға алалап қарау саясатын жүргізген. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін тағы бір дерек келтірейік. Маршал Жуковтың естелігінде қорғанысының беріктігі Рейхстагтан кем емес Ратушаға /Берлин басқармасының ғимаратына лейтенант К.Маденов взводының бірінші болып кіріп, ондағы қорғанушылармен соғыс сала бастағанын, сол жолы Громов деген кіші лейтенанттың ішкі саты арқылы Ратуша мұнарасына ту тіккенін және сол үшін оған Кеңестер Одағының Батыры атағы берілгені жазылған». Онда автор Маденов туралы басқа материалдарды кездестіре алмағанына өкіне отырып, «егер ол Ратушаның қалың қабырғасын бұзып, шайқаста жанкешті ерлік көрсетпесе, Громов ерлік жасай алар ма еді?» деген ойын ортаға салады. Жоғары атақ ерлікті бастаушыға емес, жалғаушыға тиіп, бастаушы орыс болмағаннан кейін ескерусіз қалғанын айтады.
1-ші Беларус майданының командирі, маршал Жуков 1945 жылдың 30 көкек күні 15 сағат 30-45 минуттары аралығында екі хабар алады. Біріншісін, яғни Рейхстагқа ту тігілгенін армия командирі, генерал-лейтенант Кузнецов, ал Гитлер мен әйелі у ішіп өлгені жөніндегі екінші хабарды Кеңес Командованиесімен келіссөз жүргізуге келген Германияның Құрлықтағы құрама күші штабының бастығы, генерал Кребс жеткізеді. Қызыл Армияның миллиондаған жауынгерлерінің бірі Рейхстагқа ту тігіп жатқанда миллиондаған бейкүнә жанның өліміне себеп болған, II Дүниежүзілік соғысты ашқан фашизм фюрері жантәсілім етіпті. Мүмкін ол уды Рейхстагқа ту тігілгенін естіген сәтінде жеңілгенін мойындап ішкен шығар. Қалай да Гитлер өліміне бағзы замандарда Еуропаны Рим басқыншыларынан азат еткен Ғұндар ұрпағының себеп болғаны анық. Міне, ерліктің ерлігі! Сонда да ұлты орыс болмағаннан кейін қазақ баласының ерлігі ескерусіз қала берген.
Әзекеңнің естелігіне үңіле түссек, Қошқарбаевтың тиесілі Алтын Жұлдызын ала алмай жүргені жөніндегі мәселе Ұлы жеңістің әр мерекесі сайын көтеріліп отырған. Алайда, Қазақ елінің тас қабырғаны бұзған бір ұлының ерлігі жөніндегі өтініші мәскеуліктердің тас маңдайларын бұза алмаған. Бұл ретте мынадай да оқиға орын алған екен. «Қазақ КСР-ның құрылғанына 60 жыл толу мерекесі қарсаңында он шақты соғыс және еңбек ардагерлері қол қойған, белгілі мәселе бойынша жазылған хат КСРО Жоғарғы Кеңесіне (Л.Брежневке) жолданады және Қазақстан тойына оның да қатысатыны белгілі болғаннан кейін Республика Компартиясы Орталық Комитетінің І-ші хатшысы Д.Қонаевқа Қошқарбаевқа тиесілі болған Алтын Жұлдыз мәселесін ауызба ауыз айту тапсырылады. Республика тойына Брежневтың қатысқаны белгілі. Алайда, біздің партия ұйымымыздың басшысы Д.Қонаев бұл тапсырысты басшыларға жеткізе алған-алмағаны беймәлім. Ал КСРО Жоғарғы Кеңесіне жолданған хат оның төрағасы Брежневтың қолына тигенде ол: -Біз енді ешқашан Отан соғысы оқиғасына оралмаймыз. Ол ескірген дүние, - деп жауап қайтарыпты. «Басқалардың ерлігін ескерудің орнына мынадай ойда жүрген "көсеміміздің" өзі, сол соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін омырауына төрт Кеңестер Одағының Батыры белгісі мен "Жеңіс" орденін тақты ғой. Ой, бәтуасыз бодандық десеңізші!» деп жазады автор.
Міне, осылайша ерлігі өзі өлгеннен кейін де талай-тартыс тудырған есіл ер 1924 жылы Ақмола облысының Ақмола ауданында туған. 1942 жылы әскер қатарына алынып, соғыстан кейінгі жылдары азат етілген аумақтағы әскерлердің құрамында қызмет еткен. Ал 1964-1967 жылдары Ақмола облысының атқарушы комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі басқармада инспектор болған. Ал 1967 жылдан бастап, «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарды. «Қызыл ту», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», медальдарының иегері. Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденінің иегері болды. Ал 2001 жылы «Халық қаһарманы» атанды.
Автор: Дана Толепбекова Дерек көзі: inform.kz