Ел тегіс жиналғанда Едіге басын көтеріп:
-Уа, халқым, қалың жұртым! Ажал менің иығымды басты. Ендігі өмірім де санаулы. Әттең, жаумен жағаласып жүріп, қан майданда өлсем, арманым жоқ еді. Жасымаңдар, жұртым! Менің бұл халімді естіген жау да кешікпес. Тұлпарым белдеуде тұрсын, сауыт-сайманымды оң жақ керегеге іліңдер,-депті. Арада аз күн өткенде ауылға «Аттан, аттан жау келді!»-деген дауыс естілді. Дауысты естіген Едіге қолына қара сүңгісі мен алдаспанын ала тұлпарына мініп, тауға қарай тұра шабады. Ол кезде батырлар жаудың бағытын, қолын білу үшін ең биік жерге шығып қарауыл қарайды екен. Шапқан бетте таудың ұшар басына жеткенде Едіге атымен қоса мұрттай ұшады. Ел жиылып сүйегін сол жерге жинапты. Міне, содан бері аты жоқ тау «Едіге тауы» деп аталыпты. Денесін таудың басына алып шығады. Бозғыл тасты тау жықпылынан қашап, қуыс жасап Едігені соған қояды. Үстін таспен бекітті. Соңынан жұрт үстіне төбедей етіп тас үйді. Арқаның ең биік тауы-Ұлытаумен ұшар басын таластырғысы келгендей қостар тұрған Едіге жатқан кіші тауды жұрт енді көбіне «Едіге тауы» деп атайтын болды.
"Бабалар сөзі" кітабынан