Домбыра сатып алушыларға кеңес
15.02.2018, 12:20

Домбыра сатып алушыларға кеңес

Қазіргі таңда нарықта алуан түстегі, түрдегі және сападағы домбыралар көбейіп кеткендігін білеміз. Сондықтан өзіне домбыра алғысы келген адам қайсысын таңдарын білмей жатады. Сапалы да, жақсы аспап таңдау үшін білікті музыканттардың, домбырашылардың, қыл аяғы домбыра үйрену үйірмесінің мұғалімінің кеңесіне жүгініп жатамыз. Ол, әрине, дұрыс-ақ. Айталық, сіз аспап таңдаған кезде жаныңызда кеңес айтар білікті сарапшы маман болмай қалды, осындай жағдайға қайтпексіз?

Дәл осы жағдайға тап болған адамдар үшін мен өзімнің азды-көпті саз аспаптарын жасаушы шебер ретіндегі ұзын жылдық тәжірибемнен екшеленген кеңесімді айтқым келіп отыр. Әрине осы мақаламның аясына барлық кеңестерімді сыйдыруым қиын шаруа. Дей тұрғанмен, кәсіби білім мен тәжірибесіз де аспаптың көпе-көрінеу кемшіліктерін анықтауға болатын тәсілдермен бөліскенді жөн көрдім. Дәл осы тұста менің кеңестерімнің дені саз аспаптарын жасаушы шебердің көзқарасынан туындайтындығын ескерте кеткім келеді. Бәлкім, орындаушылар, домбыра ойнауды үйрететін ұстаздар домбыраны ойнаудан туындайтын талаптарға қатысты өз ақыл-кеңестерін бере жатар, оны да ескерусіз қалдырмағайсыз.

Осы мақалада қолданылған терминдердің барлығы сізге түсінікті болу үшін, алдымен төмендегі домбыра құрысылының сызбасына бір көз салыңыз. (Сурет-1)

FcMSM9HWibs

Адамдардың талғамы әртүрлі болғандықтан, домбырағы қояр ең негізгі талап оның үнінің тазалығы, қанықтығы, дыбыс бояуы көңіліңізден шығуы керек. Одан кейін барып мына мәселелерге көңіл бөлсеңіз болады:

Добыраның мойнының тегістігіне көз жеткізген жөн. Домбыра мойны оқтай түзу болуы керек. Яғни, қақпақ пен мойын түзу сызықтың бойына орналасуы қажет. Ол үшін домбыраның мойнына шанақ жағынан мылтықтың қарауылын көздегендей қарайсыз. Домбыра мойны шалқайған немесе керісінше еңкейген болса, бұраң және қисық болса, ондай домбырадан бірден бас тартыңыз. (Сурет-2)
y5Bw9_Z-860
Домбыра мойнының қақ ортасында ұзынынан қатты ағаштан салынған өзектің болғаны дұрыс. Себебі бұл өзек уақыт өте келе мойынның иіліп кетпеуіне себепші болады. (Сурет-3)
Lua8loAZMi0
Домбыраның құлақ бұрауын келтіріп біраз шертіп көріңіз. Егер құлақ бұрауы ауытқып кетіп отырса, бәлкім кемшілік құлақта болар. Сондықтан, құлақ бұрауы дұрыс болуы үшін, құлақ қатты ағаштан жасалып, ұяшыққа тегіс орналасқан болуы керек. Ондай болмаған жағдайда домбыраның құлақ бұрауы тұрақсыз болады.

 


 

Домбыраны сырттай айналдыра бір қарап шығыңыз. Аспаптың өне бойында ешқандай жарықтар, сызаттар, шытынаулар сияқты кемістіктері болмағаны жақсы. Тәжірибелі шебердің қолынан шыққан домбырда аталған кемшіліктер кездесе бермейді.

Қос ішекті жеке-жеке, әрбір пернені бірінен кейін бірін басып тұрып қағып көріңіз. Дыбыс әр пернеде ешбір дызылсыз таза, тұнық шығуы шарт. Дызылдаған дыбыс әдетте ішектің сіз басып тұрған пернеден басқа пернеге тиюінің салдарынан шығады. Оны домбыраның кемшілігі, ақауы деп санаңыз.

Халық арасында кеңінен таралған тенор домбыраның мойнының ұзындығы, нақтырақ айтқанда шайтан тиек пен он тоғызыншы перне аралығы 48 сантиметр болғаны жөн.

Домбыра ішегі қақпақ бетінен тым биік орналасса, онда ол техникалық тұрғыда шебер ойнауға кедергі келтіріп, жағымсыз шашыраңқы дыбыс береді. Егер керісінше ішек қақпаққа өте жақын орналасса, онда дыбыс азайып, пернелерге тиіп дызыл пайда болады. Сондықтан, он тоғызыншы перне тұсындағы қақпақ пен ішектің ара қашықтығы шамамен 6-7 мм болуы тиіс. (Сурет-4)


LLJiml79xnA
Ыстық күн астында, аяздың ызғарында көшеде тұрып сатылған саз аспаптарының уақыт өте келе мойындарының иілуі, қақпақтың ішіне қарай түсіп кетуі, шанақтың жарылуы сияқты ақаулары пайда болуы мүмкін.
Алдағы уақытта домбыра сатып алып жатсаңыз, осы кеңестер аз да болса сізге көмегін тигізер деген үміттемін.

Қазақ ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер
Нұрлан Абдрахман,
zhetigen.kz4

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер