«Тургайская газетаның» 1895 жылғы 26-шы санында Хамза Қаржасовтың «Аманқарағай», «Науырзым», «Тірсек», «Толағайтеппе», «Данабике» және «Сарымойын» (қырғыз аңызы)» атты мақаласы шығыпты. Автор осы жер атауларының шығу тегін ел аузындағы аңызбен байланыстырады. Науырзым – қазір қорық тұрған өңірді мекен еткен байдың аты екен.
Мақала «Торғай облысының Қостанай және Торғай уездері аралығында Аманқарағай, Науырзым, Тірсек ормандары, Толағайтеппе мекені, Данабике өзені мен Сарымойын көлі жатыр. Олар туралы қырғыздарда аңыз сақталған» деп басталады.
Бұл жерде автордың қырғыз деп отырғаны қазақ екені белгілі.
Аңыз бойынша Астрахань қалмақтарының қазақ даласы арқылы Қытайға көші заманында Аманқарағай орманын Аман деген бай әулетімен жайлапты. Ал Науырзым орманын Науырзым деген атақты бай қоныс етсе керек. Сол Аман байдың Данабике деген сұлу қызы, Науырзымның Сарымойын деген ұлы болыпты. Данабике ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу, ал Сарымойын қарсы келген жауын қирататын батыр, бірақ қыз-қырқынды көзіне ілмейтін мінезі қатты жігіт болыпты. Бірде ол Аманның ауылына барып, Данабикені көреді де, ғашық болады. Аманнан қызын сұрайды, бірақ әкесі батасын бермейді. Қос ғашық бір түнде қашып кетеді. Қаһарланған әкесі қызының соңынан қуғыншы жіберіп, оларды ұстатады да, Сарымойынның басын желкесінен кестіреді. Жігіттің басы кесілген жер Толағайтеппе екен. Данабикені ағашқа тірсегінен төмен қаратып іліп қойып өлтіреді. Бірін-бірі сүйген жастардың азап өлімінен кейін Данабикенің денесі өзенге тасталады, ол өзен Данабике аталады. Ал Сарымойынның бассыз денесі көлдің маңына жерленеді, ол Сарымойын көлі аталыпты. Автор мақала соңында осы жер аттарының әлі күнге сол күйінше сақталғанын айтады.
Мақаланың шыққанына бір ғасырдан едәуір асып кетсе де, Аманқарағай, Науырзым, Тірсек ормандары, Данабике өзені, Cарымойын көлі қазірге дейін дәл осылай аталады. Аңыз болса да, махаббатқа көрсетілген қатыгездікті халық ұмыта алмайтын болар...
– Мен Науырзым аты күн мен түннің теңелуі – Наурызға байланысты болар деп ойлайтын едім. Байдың аты да Наурыздан шығуы ықтимал. Қазақтар қарағай, ағаш деп орманды меңзеген. Аманқарағай қалың, үлкен орман болған. Оған байлар қыста жылқысын ықтатқан, – дейді жер аттарын жинап жүрген белгілі ақын Серікбай Оспанов.
Дегенмен облыс аумағында қаншама қазақша жер атауы бүгінде пайдаланудан шығып қалды, ұмытылып кеткен. Соның арасында «Толағайтеппе» де болса керек, аға буын өкілдері де оны есіне түсіре алмады. «Теппе» деген сөздің өзі, көктемде тасыған судың кейін қайтуын білдіреді екен. «Толағай» сөзі зор, күшті деген ұғымды айтады. Оларды қаза берсе әрқайсынан тағылымды тарих, аңыз, әңгіме-шежіре суыртпақталады. Жеріміздің заты да, аты да бай ғой, шіркін-ай!..
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»