Мұнда ғалымдар адамзаттың жер бетінен бірден ғайып болып, артындағы әдірәм қалған дүниесінің қандай күйде болатынына болжам жасайды. Фильмді көріп отырып, жер бетінің қожасы өздерінсіз қара жер құрдымға кетердей талтаңдайтын адамзатты, жоғалып кетсе жоқтайтын ешкім де болмайтынына көз жеткіземіз. Қазіргі архитектураның шедеврлері болып саналатын Эмпайр-стейт-билдинг, Букингемский дворец, Сирс-Тауэр, Спейс-Нидл, Алтын қақпа көпірі, Эйфел мұнарасы , Биг-Бен, Крайслер-билдинг, Еркіндік мұнарасы, Бурдж-Халифа, т.б атақты құрылыстарының қаңырап қалғаннан кейінгі тағдыры суреттеледі. Бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі бұл зәулім сарайларға қызығып, қызығын көруге құмартпайды екен. Ал, 10 000 мың жылдан соң, адамзаттың жер бетінде болғанындығын білдіретін ешқандай белгі де қалмайды, жасыл әлем мен аң-құс, жәндік атаулы емін-еркін жер бетін жайлайды, олардың саны миллиардтап артады деп тұжырады ғалымдар. Тек, Гиза пирамидалары қирамай, толығымен құмға көміліп, Ұлы Қытай қорғанының қалдықтары қалуы мүмкін екен.
Фильмді көріп отырып, мүмкін жер белгілі бір кезеңдерде адамдардан құтылып, қайта жаңарып алатын шығар, одан соң адамдар қайта пайда болып, өздерінше жаңа жерлерді ашып, пайдаланып, қайта баяғы әуеніне басатын болар деген ойда қаласың.
Адамзат жаралды ма, қашан, қалай..., адамзаттың ақыры бар ма, т.б.?-деген сұрақтар мен оларға жауаптар толассыз жалғаса береді. Бірақ, маңыздысы бұл емес, маңыздысы - адамның жер бетіне таралып, аяқ басқан жерінде қатігездік пен өзімшілдіктің ізін қалдырып отыруы.
«Колумб жаңа дүниені ашқанға дейін, бүгінгі терістік Американың «прерий» атты шалқар даласында жергілікті үндістер егелік еткен жалпы есебі 20 миллионнан астам жабайы бизондар болғанын, ол сол жұрттың жейтін асы, киер киімі, өмір сүретін баспанасы болғанын дәйекті баяндайды. Сол телегей-теңіз ұшан байлықтың молдығы сондай, арғы ғасырда салынған Транс-Атлантикалық темір жол қызметі іске қосылғанда жол табаны арқылы өріс ауыстыра қозғалып (миграция) өтіп жатқан ұшы-қиырсыз бизондар ағынын күтіп, жолаушы пойыздары бірнеше күн тұрып қалғанын айтады. Бұл заманда өзі түгілі ізі де қалмаған сол шексіз табиғат байлығының мұндайлық тағдыры өзге емес, өктем-зорлықшыл адамзат ісінің әсері.»
19 ғасырдың басында америкалық бизондардың саны 50 миилионға жақын болған, 1880 жылдарға қарай бұл көрсеткіш бір мыңға кеміген. Бизондарды ол кезде жергілікті үндістер аулап, терісін үй шаруасында пайдаланатын, азық қылатын. Бірақ, америкалықтар үндістерді ұнатпайтыны сонша, оларды жер бетінен жоқ қылып жіберу үшін бір тірі бизон қалдырмауға бар еді. Бизондар жылдам жүгіретін, суда жақсы жүзетін жануар, оларды аулаудың өзі қиын. Соған қарамастан, үндістерді менсінбей, олардың жер бетінде жүруінің өзін күнә санаған америкалық солдаттар, қарапайым ғана, табиғатты талғажау етіп, өмір сүріп жатқан тайпаны аштан қалдыру үшін аянбады. Төмендегі сурет соған дәлел.
Шпицберген архипелагы туралы алғашқы деректер 12 ғасырдағы қолжазбаларда «суық жағалаулар» деген атпен кездеседі. Жағалаудың бұлай аталуы, жаздың өзінде ең жоғары температурасы 5 градусқа дейін ғана көтерілгеніне байланысты болар.
Архипелагты 16 ғасырда Виллем Баренц деген саяхатшы-кезбе қайта ашып, оған жаңа атау берді. Жағалауда іші пысқан ол киттер мен морждарды аулап, ермек қылды. Оның қандай «құлшыныспен» бұл жұмысты атқарғанын мына суреттен көруге болады.
18 ғасырға қарай, бұл суларда бір де бір кит қалмады.
Ал, келесі суретке қандай атау беруді білмей отырмын. Бұндағы коллекция жануарлар емес, адамның өзінің басы!
Маорилықтар Жаңа Зеландияның жергілікті халқы. Олар үшін тайпаларының құрметті адамының басын денесінен бөліп алып кептіріп сақтау, сакральды ұғымға ие дәстүрлері еді. Бастың көзі мен миын алып тастап, ол жерді кендірмен бекітетін. Сосын басты қайнатып, кептіріп, күнге қақтап, соңында әдемі көріну үшін, акуланың бауыр майымен сылайтын. Басты бұлайша «өңдеу» қиын жұмыс болатын.
Маорилықтар бұл құрметті адамдардың бастарын – «мокомокайларды» жәшіктерде сақтап, діни рәсімдерде ғана алып шығатын.
Міне, осы бастарға көп жылдар бойы Жаңа Зеландияда қызмет еткен Горацио Гордон Робли деген генерал-лейтенант қызығушылық танытады. Маорилықтардан жақсы мушкеттерге аталарының бастарын айырбастап, мокомокай коллекциясын жасайды.
Халқының дәстүріне бей-жай қарамас, деп үміттенген ол 1908 жылы коллекциясын жаңазелландия үкіметіне сатып, пайдаға кенелмек болады. Алайда сол кездегі үкіметтің әйел басшысы бұл бастарға қарауға түршігіп, сатып алудан бас тартады. Ақыры, еңбекпен жинаған коллекциясын лақтыруға қимай, Американың тарихи музейіне тапсырады.
Бұл фотолар тізімін түзе берсек, соңы өз заманымызға келіп тіреледі. Жердің жаңаруын жақындатпайық!
Авторы: К.Жақсылыққызы