Показать содержимое по тегу: пікірлер
Соңғы жылдары елімізде 14 ақпанды басыбайлы «Әулие Валентин күнін» тойламау туралы мәселе көтеріліп жүрсе де, бұл күнді жастар атаусыз қалдырмайды. Әсіресе, студенттер мерекені қалай атап өтуді жоспарлап, алдын ала сүйіктілеріне сыйлық алады. Бұл уақытта қала дүкендері мен базардағы сатушылардың айы оңынан туып, сауда қыза түседі.
«Әулие Валентин күні» жақындағанда базар сөрелерінде түрлі-түсті қағаздан жасалған жүрекшелер мен ленталар, қос ғашықтың суреті бейнеленген қызылды-жасылды бұйымдар көздің жауын алып, жайнап тұрады. Бағалары да әр түрлі. Мәселен, ең кішкентай ашық хаттардың «валентикалардың» құны елу теңгеден басталып 500 теңге болады. Орталық базар сатушысының бірімен тілдескенімізде, мұндай бұйымдар негізінен көрші елдерден әкелінетінін, студенттер мен оқушылары тарапынан сұраныстың жоғары екенін айтады:
– Мен негізінен тойлар мен Наурыз, Жаңа жыл секілді мерекелерге арналған құттықтау қағаздарын сатамын. Ал, «Әулие Валентин күніне» арналған бұйымдарды ақпан айына қарай әкелемін. Негізінен тауарлар 12-13 ақпан күндері өтімді, – дейді Мәншүк есімді сатушы.
Демек, осы мереке әлі де жоғары деңгейде аталып өтілгендіктен, кейбіреулер мұны табыстың көзіне айналдыруда. Мәселен, көрші Ресейде халықтың 80 пайызы осы күнді атаусыз қалдырмайды және оның 64 пайызы сыйлық алады екен. Бұл орайда біз де «Әулие Валентинге» табынушылардың ресейліктерден кем түспей отырғанымыз хақ.
Әулие Валентин кім болған?
Әулие Валентинге қатысты бірқатар аңыз бар. Солардың бірінде, христиан діні алғаш тараған жылдарда Валентин есімді католик шіркеуінің қызметкері болғаны туралы айтылады. Ол Рим императоры Клавдий II тұсында өмір сүрген. Сол уақытта жас жігіттер әскерге бармау үшін ерте үйленетін болыпты. Бұндай қулықтың алдын алу үшін Клавдий II олардың әскерге бармай тұрып үйленуіне тыйым салады. Ал, Валентин пірадар болса, оларды құпия түрде некелестіріп отырған. Алайда, оның әрекеті әшкереленіп, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы Римнің Геласиус деген императоры 14 ақпанды «Әулие Валентин күні» деп жариялаған екен. Тағы бір аңызда Валентиннің дін қызметкері екені, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, осы ісі әшкере болып басының кесілгені жөнінде айтылса, енді бірінде Валентин шіркеу қызметшісі болғандықтан қызға сезімін білдіре алмай, оған жүрек тәрізді хаттар жолдайтыны баяндалған. Кейін оның ісі әшкерленіп, жазаға тартылады. «Әулие Валентин күнін» Батыс Еуропа елдері ХІІІ ғасырдан бастаса, АҚШ 1777 жылдан бастап мерекелеуде, Ресейде бұл мереке тоқсаныншы жылдардан бастап, біздің елімізде де «Әулие Валентин күнін» атап өту дәстүрге айналды. Алайда аталған мерекенің шығу тарихынан жастарымыздың көпшілігі бейхабар. Тіпті, католик шіркеуінің қызметшісінің атымен аталып кеткен бұл күнді қазір дәл сол шіркеу мойындамайтын көрінеді.
Жастар және «Валентин»
Әу баста әлемде «Әулие Валентин күні» мерекесінде жастар жиналып тойлаған. Мереке күні қыздар есімдері жазылған қағазды қораптың ішіне тастайды. Ал жігіттер қораптан бір қағазды таңдайды. Онда кімнің есімі жазылса, мереке күні сол серігіне айналатын көрінеді. Ал қазіргі таңда мерекенің рәсімі сәл өзгеріп, қорапшаға қыз да, жігіт те өзіне ұнаған адамға ғашықтық сезімін білдіріп хат жазады. Осыған қарап, кім кімге ұнағанын біледі. Кейбір жоғары оқу орындарында бұл рәсім әлі де бар. Жалпы бұл күнді жастар не үшін тойлайды? Осы орайда бірқатар жастардың пікірін білген едік.
Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Жанерке Мерекеқызы былай дейді:
- Оқушы кезімізде «Әулие Валентиннің» кім екенін білмесек те, он төртінші ақпанды «Махаббат күні» ретінде қарсы алатын едік. Мектепте арнайы шара ұйымдастырылмайды. Бірақ өзіміз осы күні ұнаған адамымызға құттықтау хатын жолдап, тілегімізді білдіретінбіз. Ал, есейе келе мәнісін түсініп мереке ретінде қабылдамайтын болдым. Себеб,і қазақ жастарының әулие тұтып жүргені жәй ғана шіркеу қызметкері, тіпті бұл біздің дінімізге жат нәрсе екен. Ал, жастар бұл күнді «Махаббат күні» деп атап жүр. Өзім қатарлы жастарға осы күннің тарихын түсіндіруге тырысамын.
Ал, КазИИТУ студенті Қадыржан Аманғалиұлы достарынан қалғысы келмей, мерекені атап өтетінін айтты.
- Өз басым «Әулие Валентин күнін» тойлауға қарсымын. Себебі, өзге елдің салтын насихаттап жүрміз. Оның есесіне Қыз Жібек пен Төлегеннің немесе Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін неге атап өтпеске?! Олардың арасындағы махаббат Валентиннің махаббатынан әлсіз деп ешкім айта алмайды.
Ринад Акимов, облыстық орталық мешітінің ұстазы:
-Жастардың көпшілігі осы күннің тарихын білмейді, сондықтан арзан сезімге бой алдырып, бір-біріне сыйлық ұсынып жатады. Ал, «Әулие Валентин күні» Еуропадан келген біздің дінімізге, қазақы салт-дәстүрімізге жат мереке. Сондықтан бұл күнді мереке ретінде қабылдап, тойлауға мүлде болмайды. Біз жақсы қасиеттерді ислам діні мен салт-дәстүрімізден аламыз. Яғни, ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат – Алла тағаланың разылығы, яғни ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат Алла тағаланың разылығын және оның заңдарының шеңберінен шықпауға, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдыққа негізделеді. Ата-анамызға, туған жерімізге, оқу-білімге деген махаббатты орнатып, елімізді өркендеуіне үлес қосайық, жамағат!
Дерек көзі: ihsan.kz