Мекеме басшысы Радио тілшісі Альмира Елімсарының «Негізінен қандай сындар жиі айтылады?!» деген сауалына былай деді:
«Біріншіден, әу бастағы бағдарлама-жоспар түзіліміндегі ірі қателіктердің болуы. Бағдарлама ішінен түзелмей, қазақтың иісі шықпай, ол – ұлттанбай, жүйесі дұрыс құрылмай, оқулықтардың да түгел сапалы болуына күмән бар. Өйткені, бірінші түйме дұрыс қадалмаса, кейінгілері де дұрыс тізілмейді.
Екіншіден, полиграфиялық, техникалық қателіктер, суреттердің ауысып кетуі секілді ірілі-ұсақты олқылықтар.
Үшіншіден, оқулықтар тілінің күрделілігі. Мәтіндерді балалар түгілі ата-аналардың түсінбей жатуы. Оның сыртында бастауыш сыныптар пәндеріндегі термин сөздердің көпітігі.
Міне, осындай басты бағыттар негізінен көпшіліктің назарына ілініп, сын қазанын қайнатып тұр. Тиісінше, құзырлы министрлік те, біз де олардың түйткілдерін тарқату үшін жұмыс жасаудамыз».
Бұдан бөлек, Ғ.Бейсембаев тілшінің негізінен қай бағытқа күш салып жатқанына қатысты сұрағына «сындарлы ғылымилықтың басшылыққа алынғанын» айтып жауап берді.
«Орталық ішінен этномәдени және этнолингвистикалық, психолингвистикалық сараптау жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Бұл оқулықтарда мемлекеттік саясаттың, ұлттық ділге сай дүниелердің көрініс табуы, материалдарда қазақ иісі шығып тұруы үшін керек. Сайып келгенде, оқу құралдарына деген сынның ең үлкені осында жатыр», - деп атап өтті ол.
«Тіпті біз онда әлемдік өркениет жетістіктерімен шебер үйлестіре отырып, мәнді де мазмұнды тақырыптардың жазылып, айшықталуына күш салуымыз керек. Мысалы, зиянды сөздердің еніп кетпеуі мәселесі өте өткір тұр. Бір сөз я өсіреді, я өшіреді. Булинг, суицид деген қайдан шығып жатыр? Оқушылар оқу беттерінен қанаттанып, дұрыс бағдар алып, өмірге деген құлшыныстары қайралып шығуы тиіс. Сол үшін де сондай контент болуы аса маңызды», - деп жалғады сөзін спикер.
Орталық басшысының айтуынша, оқулықтар басқа функцияларын айтпағанда, оқушыларды уыздандыратын да құрал. Ал уыздың не екені белгілі. Өзін қазақ санайтын адам уыз мәнін терең түсінеді. «Уызына жарымаған» дегеннен ауыр сөз жоқ.
«Жалпы, оқулық жазудың үлкен ғылым екендігі белгілі. Ғылыми әдістемесіз іс нәтижелі болмақ емес. Сол үшін де Орталық жанынан ғылыми әдістемелік кеңес те құрып отырмыз. Оған аты мәшһүр ғалымдар, академиктер тартылған. Мұның бәрі де оқулықтың қазақ мүддесіне сай әзірленуі үшін жасалып жатқан қадамдар. Сараптамалық жұмыс қарқын ала береді. Қандай да бір қатесі бар, деңгейі төмен, ұлттық талаптарға жауап бермейтін жобаның бірде-бірі өтпейді», - деп түйіндеді сөзін РҒПО директоры Ғ.Бейсембаев.
Айта кетейік, Орталық қызметінің мақсаты – білім мазмұнын бағалау және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білім беру сапасын қамтамасыз етуге ықпал жасау. Яғни, аталған мекеме барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендерге және оқу құралдарына ғылыми және педагогикалық сараптама жасау мақсатында құрылған.