Сәкен Назархан 1964 жылы 11 сәуірде Саржал ауылында туған. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ Асқар Слямов есімді ұстазына еліктеп, қолөнер шебері болуды армандайды. Мектеп бітіргеннен кейін әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келеді. Кейін Семейдегі дизайнерлік училищеге түсіп, бала кездегі арманына қол жеткізеді. Диплом алған соң «Союз-Мир» суретшілер шеберханасына суретші-дизайнер болып жұмысқа орналасады.
Жұмыс істеп жүріп жоғары оқу орнына сырттай түсіп, бейнелеу өнері факультетін бітіреді. Көне дәстүрді жалғастырып келе жатқан қолөнер шебері бүгінде қазақи нақыштармен өрнектелген киізүй жабдықтарын, ыдыс-аяқтар мен ұлттық саз аспаптарын, қару-жарақ түрлерін жасайды.
Семейде ағаштан түйін түйетін шебер тұрады «Ең алдымен ағаштан сандық, дөңгелек үстел, бесік, тостаған, торсық, ожау секілді заттарды жасадым. Оларды ою-өрнектермен безендірдім. Одан кейін қобыз, домбыра жасауды қолға алдым. Біртіндеп тері, киізден бұйым жасауды меңгердім. Уақыт өткен сайын жасаған заттарыма қызығушылық артып, сұраныс көбейді. Қазір ағаш, сүйек, тері, мельхиор, күміс сияқты материалдарды пайдаланып барлық бұйымды қазақы нақышта жасаймын», - дейді шебер.
Бүгінде шебер Семейдің тарихи-өлкетану мұражайы мен Абай музейімен байланыс орнатқан. Мұндағы мақсаты - мұражайда сақталған ескі бұйымдарды қайта қалпына келтіру.
Ұлттық өнерді насихаттап жүрген шебердің бұйымдарына бүгінде сұраныс жоғары. Сондықтан туындыларының жеке көрмесін де жиі ұйымдастырып отырады. Және бұйымдары «Экспо - 2017» көрмесіне қатысып, қазақтың ұлттық өнерін шетелдіктерге таныстырып қайтқан. Шебердің ендігі арманы - гобелен өнерін меңгеру. Ол ши мен жүнді орнымен пайдалана отырып, жасаған әр затына ұлттық әр бергісі келетінін айтады.