Жол картасы негізгі 6 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, волонтерлердің әлеуетін арттыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, жастар арасында волонтерлікті дамыту, корпоративтік волонтерлік қызметті дамыту, волонтерлердің өзара іс-қимылы тетіктерін жетілдіру және және олардың қызметін ақпараттық жария ету.
Жол картасы аясында қолданыстағы азаматтық және жастар ресурстық орталықтарының негізінде волонтерлерді консультативтік, ақпараттық және әдістемелік тұрғыда қолдауға бағытталған арнайы орталықтар құру көзделуде. Өңірлерде волонтерлік қызметтің ерекшеліктері мен негізгі іс-шаралары бойынша оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр.
Волонтерлік қызметті үйлестіру және дамыту мақсатында волонтерлік қызмет жөніндегі функционалдық бағыттағы онлайн-платформаларды және аталған платформаларының мобильді қосымшаларын әзірлеу жүзеге асырылатын болады.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары мен кәсіби білім ордаларына түскен кезде волонтерлік қызметке қабылдау және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына волонтерлік қызметтің қосатын үлесін бағалау жөніндегі әлемдік тәжірибе зерделеніп, ұлттық статистикалық есепке қосу үшін ұсынылатын болады.
Айта кетерлігі, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осыдан біраз уақыт бұрын волонтерлік қызметтің маңыздылығына тоқталған еді.
«Волонтерлік қозғалысқа қолдау көрсетуді жалғастыратын боламыз. Шет елдерде волонтерлер күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салысады. Ол жақта волонтер – ерекше құрметке ие, олар қоғамдық мәселелерді шешуде өздерінің бастамашылдық мүмкіндіктерін толығымен дамытуға мүмкіндік алады. Бұл тәжірибе Қазақстанда да қолданылуы тиіс», - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.