Институт бітірген соң, 24 жасымда оқу орнының жіберуімен бейтаныс ауылға математика пәнінің мұғалімі болып бардым. Пәтерде тұрдым. Көз тоқтатып қарауға тұрарлық сымбатты едім. Ұжымдағы апайлар әзілдеп: “Сенің тойыңа қашан барамыз”,-деп тиісетін. Ол кезде отбасын құру туралы ойлаған жоқпын. Оқуды жаңа бітірген, желкілдеген жас едім ғой. Бар ойым оқушыларға жақсы білім беріп, үздік оқытушы атану, солайша әкемнің мақтанышына айналу еді. (Әкем өте көңілшек, ешкімге зияны жоқ адам болды. Бірақ көп ішетін. Анам сонысына шыдамады. Ажырасып кетті. Мен әжемнің қолында қалдым. Анамның басқа отбасы бар). Бірақ мен арманымды, жан-дүниемді түсінбейтін адамның жары атандым. Өз қалауыммен емес. Ол мені алып қашты…
Сол күні жұмыстан жай шыққанмын. Журнал толтырып отырып қалдым. Мектептен шыққан кезде бір көлік арт жағымда келе жатқан. Көп көліктің біреуі деп назар аударған жоқпын. Сөйтсем, олар менің шығуымды күтіп отырғандар болып шықты. Ызғытып келіп, жолыма кесе-көлденең тоқтады да, ішінен мен танымайтын еңгезердей екі жігіт шықты, ештеңеге қарамастан көлікке сүйреп отырғызды. Рөлде біреуі отыр. Айқайладым, тырнадым, тепкеніме де қарамады… Үшеуін де танымайтын едім. Жол бойы жалындым. Көз алдым қарауытып кеткенін білемін. Ары қарай есімде жоқ…
Есімді жисам, шымылдықтың ішінде жатырмын. Маған зорлық қылған. Ол кезде мені алып қашты деп емес, зорлықтың құрбаны болдым деп ойладым. Қатты жыладым. Сол кезде бөлмеге бір әйел кірді де: “Жылама, бәріміз де солай келгенбіз. Бақытты болып кетесіңдер!”-деді. Сонда ғана алып қашқанын ұқтым. Үйге қайтуға бетім жоқ. Қалдым. Күйеуімді көрсетті. Енді оның қандай екені маған бәрібір болды. Әкені жерге қаратпау үшін көне бердім… Артынан әжем келді. Маған не істегендерін айтқан жоқпын. “Өз еркіммен келдім”,- дей салдым.
Мені үйдің ауласынан шығармайтын. Бір сөзбен айтқанда, сол үйдің күңіне айналдым. Бірақ арамызда бала болмады. “Бедеусің”,-деп күйеуім қол көтеретінді шығарды. Ішіп келеді де, мені көрсе жауын көргендей жұдырығын ала жүгіретін… Басым жарылды, көзім көгеріп қалды. Енем түк көрмегендей жүре беретін. Бала болса, қоятын шығар деген үмітпен жүре бердім. Бала көтере алмаған әйелдің бәрінде солай болар деп, өзімді кінәлайтынмын.
Бір күні үйге мені алып қашуға көмектескен достары келді. “Қызықтың көкесі” сол кезде болды. Енем үйде жоқ болатын. Күйеуім достарымен удай мас болып қалды. Маған орынсыз ұрынып, қол көтерді. “Бала таба алмайтын әйел керек емес!”,-деп, сүйреп апарып далаға лақтырып жіберді. Қатты жыладым. Бұндай жағдайға тап болардай, кімге не жазғанымды ойладым. Біраздан кейін тағы ұра ма деп қорқып, қораға барып тығылдым. Қанша сағат отырғанымды білмеймін, үйге кірсем, достары кетіп қалыпты. Күйеуім ұйықтап жатыр екен. Дереу заттарымды жинадым да, азын-аулақ ақша алып, кетіп қалдым.
Өз үйіме келгенде әкем ештеңе демеді. Түріме қарап, бәрін ұққан сияқты. Кейін ажырастық. Мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Біраз жылдан кейін әкем өмірден өтті. Көп ұзамай әжемнен де айырылып қалдым. Содан кейін Алматыға көшіп кеттім. Тірнектеп жиғаным, әкемнен қалған мал-мүлікті сатып, қаланың шетінен бір бөлмелі пәтер алдым. Жаңадан ашылып жатқан балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа кірдім. Жалғызбын.
"Күйеуім мені алып қашты…" атты мақаладан
Дереккөз: baribar.kz