Өзге емес, өзіміз айтайық Әміре жайын...
17.10.2016, 15:02

Өзге емес, өзіміз айтайық Әміре жайын...

Белгілі журналист Арман Сқа­былұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай бір тосын әңгіменің шетін шығарды.

Әңгіменің әлқиссасы былай басталады. «Осыдан үш жылдай уақыт бұрын министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында болғанымыз бар. Құр қол барған жоқпыз, атақты Әміре Қашау­баевтың трагедиялық өмірі, оның Париждегі ЭКСПО-ға қатысып, ән айтқандығы жайлы көркем фильм концепциясын ұсынбақ­пыз. Обалы не керек, министріміз идеямызды бірден қолдады. Тез арада сценарий жазуды тапсырды. Менімен бірге барған режиссер досым дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Әмірені алты ай зерттедік. Тағдыры сұмдық! Бәрі де сол Париж сапарынан бастал­ған. Алаштың арысы Мұстафа Шоқаймен кездесуі өзіне сор болып жабысты. Ұрды, соқты, қинады. Әміре ештеңе мойын­дамады. Біреу білер, біреу білмес, Әміренің досы, даңқты балуан Қажымұқанның да басынан осындай жағдай өткен. Ол да Парижде Мұстафамен кездескен. Соғысқа соңғы ақшасына ұшақ жасатқан балуанның өмірінің ақырғы күндері ішерге тамағы болмағанын қазір айтсаң ешкім сенбес! Сценарий жазылды. Бюджеттен ақша бөлінді. Осы сәттен бастап министрлік пен «Қазақфильм» қитұрқы әрекет­терін бастады. Әміре мен Алаш төңірегінде жазылған біздің сце­нарий «Қазақфильмнің» көр­кемдік кеңесінен өткенімен, жоғары жақтың тапсырмасымен резервке жіберілді. Нәтижесінде, жап-жақсы идея жолдан қо­сылған, Алаштың иісі мұрнына бармайтын жолбикелердің қолында кетті. 
Жолбикелердің жобасында Алаш та, оның арман мақсаты да, оның жолында құрбан болған Әміредей арыстар да болмайды! Оның орнына қызша сызылған, тырнағын бояған бір әншінің образын көреміз бе деп үрейім ұшады менің! Американың Голливуды Алашты қайтсін, Арыстанбек мырза!» дейді.
Публицистің бұлай алаң­дауы­на не себеп? Олар жазған сценарий неге қабылданбай қалды? 
Білуімізше, «Әміре» қазір түсіріліп біткен. Әзірге уақытша «Әміре» деп аталғанымен, бола­шақта оның атауы мүлдем өзгеруі мүмкін. Тіпті «Қазақфильм» мен Голливуд арасындағы жоба келесі жылы прокатқа шығарылмақ. О баста Арман Сқабылұлы сцена­рийді де, идеяны да біз ұсындық деген болатын. Ал сценарий авторы ретінде мүлдем басқа адамның есімі жазулы тұр. Жалпы, әнші Әміре туралы фильмді «Қазақфильм» киностудиясы мен жеке продюсер, инвестор Әлидар Өтемұратов және америкалық Кери Гранат, Эд Джонстар арқылы қаржыландырған. «Әміренің» режиссері – Джеф Веспа. Фильм­нің жалпы бюджеті – 2,8 млн доллар. Басты рөлдерде отандық артистер Санжар Мәдиев пен Еркебұлан Дайыров ойнайды.
Дұрыс-ақ делік. Әміредей биік тұлға туралы фильм түсірілгені абзал. Мықты режиссерлердің Әміреге көңіл бөлгені де дұрыс. Әлемдік киноиндустрияға «Әміреміз» атын қосып, қиқулап жатса, неге қуанбасқа? 
Кинотуындыны түсірушілер, негізінен, оның Париждегі сапарын, Мұстафа Шоқаймен кездесуін, джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен танысуын, туған жерге оралғаннан кейінгі қиын күндерін сценарийге арқау етіп отыр. Фильм көңілден шыға ма, шықпай ма, ол – уақыттың ен­шісіндегі дүние. Бізді алаңда­татыны, неге таңдау голливуд­тықтарға түсті? Сценарийді неге өзгелер жазды? Сценарий авторы Бенжамин А Ван дер Вин Әміренің образын шығара ала ма, жоқ па? 
Сонымен, әйгілі Әміренің сценарийін Бенжамин А Ван дер Вин жазыпты. Сценарийдің кеңесшісі ретінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімнің аты аталады. Ақпарат көздерінен фильмнің атқарушы директоры Анна Чакиртованың: «сценарийге қажетті мәліметтерді тірнектеп жинадық десек те болады. Режиссер Сатыбалды Нарымбетов пен Жұмат Шанин­нің немересі Болат Шанин үлкен көмек көрсетті» дегенін оқыдық. 
Әміре өмірін ұзақ жылдар бойы зерттеген, ол туралы бір емес, бірнеше кітап жазған Жар­қын Шәкәрімге қоңырау шалған­быз. Ә дегеннен Жарқын аға сценарийдің кеңесшісі емес, фильмнің кеңесшісі екенін айтып берді. «Маған хабарласты. Кездесіп сөйлестік. Жанында біраз кісілер болды. Әміре туралы бар білгендерімді айтып бердім. Барлығын тыңдап жазып алды. Одан бөлек, сценарийге еш қатысым жоқ. Әміре туралы бес кітап жазған адам ол туралы өтірік ақпарат бере алмайды ғой. Бар болғаны осы» дейді. 
Сценарийді неге өзге елдің өкілі жазды? Біздің түсінбейтініміз де осы. Фильм түсіріліп бітті. Жарыққа шығатын күні де алыс емес. Әмірені әлемге паш етеміз деп, оның болмыс-бітімін, тұлға­лық құнын түсіріп алмаймыз ба деген қауіп бар. Біздің бұл сөзімізді белгілі әнші Ерлан Төлеутай да қоштап отыр. Оның пікірінше, «бұл «Әміре» біз күткен Әміре емес». «Неге?» дейміз тағы да. 
– Фильмді қорғау кезінде өзіміздің пікірімізді білдірдік, – дейді Ерлан мырза. – «Бұл фильмде қазақтың жүрегіндегі Әміре жоқ» деп ашық айтқанмын. Бұл фильм ертең екінші «Көшпенділер» болатынын да айттым. Басталмай жатып-ақ, мұның қазақтың Әміресі туралы фильм болмайтынын дәлелмен жеткізген едім. Тіпті Сатыбалды Нарымбетовке де «ертең бұл фильмнің ұяты сізге келеді» дегенмін. «Қазақфильм» киносту­диясы басшылығы да пікірімді естіп отырды. Бірақ менің пікіріме құлақ асқан ешкім жоқ. Неге? Олай деуімнің себебі, іштерінде Әмірені білетін бір адам жоқ. Актерлер де дұрыс таңдалып алынбаған. Сендіре алмайды. 
– Таңдау неге Голливудқа түсті?
– Қазақ киносын әлемдік кино деңгейіне көтереміз деген мақсат тұр. Бұлай фильм түсіру арқылы қазақ киносының деңгейі көтеріледі деген пікір дұрыс емес.
– Режиссер сырттан келсін-ақ делік. Сценарийді неге шетелдікке жаздырттық? Дұрыс сценарий жаза алатын адам болмады ма?
– Кино туралы заң қабылдай­мыз деп неше түрлі жиындар өткізіліп жүр. Сол заңның бір бабының бір тармағында: «кез келген қазақ киносының сцена­рийі қазақ тілінде жазылсын, қазақ авторлары жазсын» деген сөзді енгізу қажет секілді. Ертең көрерменге босқа мазақ боламыз ғой. «Көшпенділер» неге көрер­меннің көңілінен шықпай қалды? Әмірені де солай төмендетіп ал­маймыз ба деп қорқамын. Мүм­кін, бұл шетелдік көрерменнің көңілінен шығып қалар. Бұл фильмде Әміренің тарихы мүлдем жоқ. Әмірені бүге-шiгесіне дейін зерттегендіктен, ол фильмнен Әмірені көре алған жоқпын. Мұстафа Шоқай образының өзі бұрмаланған. Әмірені 1934 жылы бір өлтіріп еді, тәуелсіз қазақтар екінші рет өлтіргелі отыр. 
– Фильм толығымен түсіріліп бітіпті. Толық нұсқасын көре ал­дыңыз ба?
– Толық көрмей-ақ, қалай түсі­рілгенін ішім сезіп отыр. Өйткені сценариймен алдын ала таныстым. Түсірілім алаңында болдым. Режиссерге қоятын айыбым жоқ. Ол жан-тәнімен түсіріп шықты. Бірақ ол қазақтың дүниетанымын, болмыс-бітімін білмейтін сияқты. Олар космо­полит бір «геройды» жасап шығарды. 
– Әміре Қашаубаевтың әндерін фильмде кім орындайды?
– Қарағандылық Сержан Мұсайын деген жігіт орындап шықты. О баста Әміренің әндерін Сержан орындасын деген өтініш айтқанбыз. Ән арқылы Әміре қазаққа жақындамаса, қалғанын білмеймін. 
Фильм туралы Ерлан Төлеу­тайдың пікірі осындай. Ал түсірілімнің басы-қасында жүрді деген Сатыбалды Нарымбетов бұған не дейді? Қоңырау шалдық. «Бұл фильмге менің ешқандай қатысым жоқ. Алдымен, фильм жарыққа шықсын. Көрейік. Пікірімізді сосын айтармыз» деді режиссер.
«Қазақфильмге» бірнеше рет қоңырау шалғанбыз. Киностудия өкілімен тілдесу мүмкін болмады. Ұялы телефон бірде байланыс аясынан тыс жерде болса, бірде қоңырауымызға мүлдем жауап берген жоқ. Сөйтіп, «Қазақфильм­ге» қояр сауалымыз жауапсыз қалды.
 «Әміре» голливудтықтар тү­сір­ген жалғыз фильм емес. Бұған дейін де шетелдіктер «Көш­пен­ділерді» түсіруге атсалысқан. Алайда, «Көшпенділер» көпшілік күткен межеден көріне алған жоқ. «Әміреге» алаңдаушылардың да жайы осы: қазақтың Әміресі «Көш­­пенділердің» кебін кимей ме?
Бізді алаңдататын дүние: қазақ режиссерлерінің арасында Әміре­ні түсіретін режиссер жоқ па? Шетелдік мықты режис­серлерден кеңес алған дұрыс. Бірақ олар қазақы болмысты, қазақы нышанды ұғына ала ма? Алашшыл Әмірені емес, еуропашыл Әмірені түсірмесіне кім кепіл?! 
Сөзіміздің соңын Жарқын Шәкәрім жазған мына үзіндімен түйіндегіміз келіп отыр.
«Кеңестік жүйе орнап, қазақ сахнасына опера, симфония, ұлттық оркестр тәрізді ұжым бой көрсетіп, музыка өнерінің құл­пыра бастаған шағында Әміре Қашаубайұлы бәрінен де шет­тетілді. Атап айтқанда, премье­расы 1934 жылдың 7 қараша­сындағы, яғни Әміре дүниеден өткен күні Евгений Брусиловский жазған қазақтың тұңғыш «Қыз Жібек» операсында рөл орындау мүмкіндігінен аластатылды. 1933 жылы Мәскеуден арнайы келген мамандарға берілген күйтабаққа жазылатындар тізімінен Әміре есімі алынып тасталған. Отбасын асырайтын қаражаттан айырған. Жұмыстан шығарылған. Қазақ халқының әншілік дәстүрін дүниежүзіне танытқан Әміре енді киер киімге, ішер асқа жары­майтын күйге түскен. Осылайша, ол аянышты күн кешіп жатқан. Евгений Брусиловскийдің: «Париж бен Страсбургтің сах­наларында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қа­шаубаев сенің алдыңда тұр. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, дауысы барлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қа­шаубаев па? Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады... Көпе-көрнеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерімен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Қазір даусынан айырылған шағында оның кездесіп, бас қосар адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Өзінің жалғызсырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол» деп жазғаны сол тұс болатын. Е.Брусилов­ский­дің ащы шындықты жазғаны рас. Әрине, бұған Әміре кінәлі емес еді. Қайткен күнде де Әміреден құтылудың қамын ойлап, адамды жоспарлы түрде жәбірлеп, мезілік күйге жеткізгендер кінәлі».
Тағдыр оны аяусыз жазалады. Біз жазаламай-ақ қояйықшы....

дерек көзі: aikyn.kz

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер