Ел болып оянып, іске кірісетін кез келді – Абылайхан Қалназаров
27.03.2025, 09:44

Ел болып оянып, іске кірісетін кез келді – Абылайхан Қалназаров

Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтай бойынша белгілі мәденииеттанушы, саяси ағартушы технолог Абылайхан Қалназаровпен эксклюзивті сұхбат.

– Қазақстан Президентінің биылғы Ұлттық құрылтайдағы сөзінде елдің даму бағытына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Бұл жолғы саяси бағдарлама несімен ерекшеленеді?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы баяндамасы алдыңғыларымен салыстырғанда көбірек стратегиялық сипатта болды. Бұл – ел дамуының ұзақмерзімді бағытын айқындайтын, елді бүгінгідей геосаяси шырғалаңда жаңа кезеңге дайындауға бағытталған құжат. Бір қарағанда, аталған мәселелер бұрын да айтылып жүргендей көрінуі мүмкін. Жасыратын несі бар, біршамасы айтылған да. Бірақ бұл жолғы мәлімдемелерде айқын басымдықтар қойылып, нақты міндеттер жүктелді.

Мен мұнда 5 негізгі бағытты көріп отырмын: цифрландыру мен жасанды интеллект, энергетика, көлік-транзит саласы, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Бұлардың барлығы Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды бағыттар. Президент дәл осы салаларды ілгерілету арқылы елдің экономикалық-технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге болатынын атап өтті.

Ең басты ерекшелік – бұл бағыттар тек ішкі дамуды көздеп қана қоймай, Қазақстанның аймақтық және жаһандық ықпалын күшейтуге бағытталған. Яғни, мемлекет енді тұтынушы елден өнім өндіруші, технологиялық шешімдер ұсынушы, энергия экспорттаушы рөлін күшейтуге тиіс.

– Осы бағыттардың әрқайсысын жеке-жеке қарастырып, тереңірек талдайық. Бәрінен де басымырақ мән берілген цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесі қандай деңгейде тұр?

– Еліміз цифрландыру бойынша әжептәуір жетістіктерге жетті. БҰҰ рейтингінде озық 25 мемлекет қатарына енуіміз – соның дәлелі. Ел басшысы айтқандай, «Электронды үкімет жүйесі, банк секторындағы цифрлық қызметтер, мемлекеттік сервистердің онлайн платформаларға көшуі – үлкен қадамдар. Алайда бұл жеткіліксіз».

Бізде әлі де технологияны тұтынушы менталитеті басым. Яғни, шетелдік IT шешімдерді пайдаланып, сырттан келетін өнімдерге тәуелді болып отырмыз. Ал шынайы технологиялық дербестік үшін Қазақстан өз өнімін жасап, экспорттай алатын елге айналуы қажет. Президент бұл мәселеге нақты тоқталып, жасанды интеллектті дамытуға күш салу керектігін айтты. Ал бұл үшін не қажет?

Біріншіден, IT мамандарын дайындаудың жаңа моделін жасау керек. Қазір мықты мамандарымыз шетелге кетіп жатыр, ал елдегі бағдарламалау мектебі ескірген стандарттарға негізделген.

Екіншіден, мемлекет ІТ стартаптар мен инновациялық жобаларға ерекше жағдай жасауы қажет. Салықтық жеңілдіктер, венчурлық инвестицияларды қолдау, инфрақұрылымды дамыту секілді шаралар қажет.

Үшіншіден, үлкен деректерді сақтайтын және өңдейтін инфрақұрылымды құру керек. Бұл – мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі.

Жалпы алғанда, цифрландыру мен жасанды интеллект саласында үлкен мүмкіндіктер бар. Бар мәселе, оларды нақты қалай жүзеге асыратынымызда!

– Президент энергетика мәселесіне ерекше тоқталды. Қазақстан энергия экспорттаушы елге айналуы керек деді. Бұл қаншалықты шынайы?

– Қазірдің өзінде көмірсутек ресурстары бойынша әлемдегі ірі ойыншылардың бірі – бізбіз. Бірақ шикізат сатумен ғана шектеліп отырған жай бар. Шынайы энергетикалық держава болу үшін қосымша құн қосылған өнімді экспорттау керек. Бұл дегеніміз – терең қайта өңдеу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және ең бастысы, атом энергетикасына көшу.

Президент Қазақстанда бір емес, үш атом электр стансасын салу қажет екенін айтты. Бұл өте батыл әрі стратегиялық шешім. Әйтсе де «Оларды кім немесе кімдер салады?» деген сауал әлі ауада қалқып тұр. Себебі әлемде энергетикалық дағдарыс күшейіп келеді, ал тұрақты энергия көздері бар елдер ғана индустриялық серпіліс жасай алады. Онда да мұнда бірнеше сұрақ туындайды.

Расымен де, атом стансасын қай елдің технологиясымен саламыз? Ресей, Қытай, Франция секілді алпауыттар өз жобаларын ұсынатыны анық. Ең қауіпсіз әрі тиімді нұсқаны таңдау керек және геосаяси қауіпсіздік жағы әбден тәптіштелуі керек. Қала берді ядролық отынды қайта өңдеу мәселесі қалай шешіледі? Қазақстан уран өндіруде әлемдік көшбасшы болғанымен, оны өзіміз өңдемейміз. Демек, ядролық кластерді толыққанды құру үшін төл инфрақұрылым қажет.

– Көлік-логистикалық салаға тоқталсақ. Қазақстан транзиттік әлеуетін қалай пайдалана алады?

– Мен саяси немесе мәдени жағын ғана айтсам деп едім. Десе де бұл жақтарына да қатысты аз-кем ойларым бар. Біздің географиялық орналасуымыз – ондаған сарапшылар тамсаны айтып жүргендей стратегиялық артықшылық. Тек бұл артықшылықты дұрыс пайдалану керек. «Қазақстан Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналуы тиіс» деген пікірдің айтылып келе жатқанына біраз жыл болды. Бірақ нақты әрекеттер әлі де баяу.

Қазір әлемдік саудада логистикалық бағыттар қайта қарастырылып жатыр. Ресейге салынған санкциялар, Қытай мен Батыс арасындағы шиеленістер Орталық Азияны маңызды транзиттік аймаққа айналдырды. Бұл – республикамыз үшін үлкен мүмкіндік. Байтқанымдай, бұл жерде де инфрақұрылымдық мәселелер шешімін табуы керек.

Осы қатарда теміржол жүйесін модернизациялау қажет. Қытай-Еуропа бағыты бойынша жүктердің негізгі бөлігі қазақ даласы арқылы өтеді. Бірақ өткізу қабілеті төмен елге саналамыз әрі логистикалық терминалдар аз. Каспий арқылы Транскаспий дәлізін дамыту да аса маңызды. Шекаралық кедергілерді азайту мәселелері де жоқ емес. Қазір Қытай мен Қазақстан арасындағы өткізу пункттерінде үлкен кептелістер баршылық. Өз кезегінде бұл тауар айналымын бәсеңдетеді. Мысалы, менің бауырымның бірі осы Қытаймен сауданы жолға қойған ірі кәсіпкер. Сол осы жағын ылғи айтып отырады.

– Ауыл шаруашылығы туралы айтсақ. Президент бұл саланы түбегейлі реформалау қажет деді. Сіздің ойыңызша, қай бағыттар басты назарда болуы тиіс?

– Ауыл шаруашылығы – қазақ ұлысының ең осал, алайда ең перспективалы салаларының бірі. Идеалында біз ең озық аграрлық держава болуға тиіспіз. Бірақ бұл үшін ауыл шаруашылығын индустрияландыру қажет.

Қазіргі басты проблема – жемқорлық. Жалған статистика, субсидияны талан-таражға салу, тиімсіз басқару – ауыл шаруашылығының дамуын тежеп отыр. Егер бұл мәселелер шешілмесе, ешқандай реформа нәтиже бермейді.

Мәселен, Қазақстан мәслихаттарының билікке қатысты құрылымдар арасынан осы түйткілді тарқатуды бірінші болып назарға алғаны қуантады. Тіптен, жақында Оралда «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ бастамасымен атаулы тақырыпқа арналған отырысы да өтті. Бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашевтың онда жасаған баяндамасындағы ауылшаруашылықты дамытуды жеке қосалқы шаруашылық пен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі арқылы шешу туралы аналитикасы мен ұсыныстары өте орнықты. Егер ол орындалар болса, орталыққа да үміт артпай, жер-жерде тындыра беретін тірлік болып қалар еді. Бұл жағынан «Бастамалар бар, тек әлеуеті бар орталарда ықылас жоқ» деуге болады.

– Президент адам капиталын дамытуға ерекше мән берді. Бұл салада қандай қадамдар жасалуы керек?

– Қазақстан білім беру жүйесін түбегейлі реформалауы тиіс. Бұл жағынан бір саланың екі министрі – Ғани Бейсембаев пен Саясат Нұрбектің құлақтарына алтын сырға. Университеттер мен мектептердің көбі заманауи стандарттарға сай келмей отыр. Ең бастысы – практикалық білім беру басымдық болуы керек. Инновацияға, шығармашылыққа негізделген жүйе құру қажет.

Адам капиталына инвестиция салу – ең ұтымды шешім. Себебі ақылды, еңбекқор, білімді ұлт қана елді алға жылжытады.

Сіздіңше, Қазақстанның осы адам капиталын дамытудағы басты проблемалары қандай және оларды қалай шешуге болады?

– Меніңше, адам капиталы дегеніміз – тек білім беру немесе денсаулық сақтау саласы ғана емес. Бұл – мемлекеттің барлық саласына әсер ететін жүйелі факторы. Президент осы мәселені бірнеше рет көтеріп, білім-ғылым, медицина, спорт, креативті индустрия сияқты салаларға басымдық беру керектігін айтты. Дейтұрғанмен бізде бұл бағыттарда нақты қандай қиындықтар бар?

Білім беру жүйесі нарық қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Мұны «бір» деп қоялық. Яғни университеттерде әлі күнге дейін ескі оқу бағдарламалары қолданылады. Көп түлектер алған білімін практикада пайдалана алмайды. Бұл әсіресе IT, инженерия, ауыл шаруашылығы, биотехнология сияқты салаларда қатты байқалады. Мемлекет жастарды шетелге оқуға жіберіп жатыр-ақ. Өкінішке қарай олардың көбі «Барсакелмеске кеткендей» қайта оралмайды. Демек, бізге заманға сай білім беру реформасы қажет.

Денсаулық сақтау саласында да көптеген мәселе бар. Айталық, мен 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі денсаулық саласы реформалары мәселелеріне арналған бір концептуальды зерттеуге бір кісідей қатыстым. Оқып біліп, зерттеп зерделеген, ой түйген тұстарым орасан. Мен ол ізденіс барысында жалпы тәуелсіздік жылдарындағы бүкіл саяси-экономикалық, әлеуметтік бағыттарға қатысты жүйелік мәселелерді де тереңінен түсініп, зердеме тоқып шықтым десем де артық емес. Ұққаным, білікті мамандардың жетіспеуі, ауыл-аймақтардағы медициналық қызметтің әлсіздігі, азаматтардың медициналық сақтандыру жүйесіне деген сенімсіздігі – осының бәрі шешілмейінше, адам капиталын дамыту еш мүмкін емес. Онсыз құр утопия болып қалады.

Президент те осыны білетін тәрізді және ол сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру туралы айтпады емес, айтты. Тек бұл үшін, меніңше, дәрігерлердің жалақысын көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу керек.

Тағы бір шиеленген мәселе – спорт және мәдениет саласына дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Бұл – қоғамның интеллектуалдық және физикалық дамуына тікелей әсер ететін факторлар. Қазір бізде спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі аз. Мемлекеттік қолдау көрсетілсе де, инфрақұрылым мәселесі шешілмеген. Осы сияқты түйіндерді шешуге атсалысу үшін өзімнің жаңа да соны жобам – Ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясын құрып жатқанымды айтқым келеді. Дәл сол сияқты креативті индустрияның әлеуеті зор, бірақ жас таланттарға қолдау жоқ. Ол жағынан да біраз идеялар бар. Уақыт болмай жатыр.

Төртіншіден, жастар саясаты әлсіз. Қазақстанда жас буынға арналған нақты бағдарламалар жоқтың қасы. Көбісі алыс-жақын шетелдерге түрлі сылтаулармен, «Ұлы сөзде ұяттық жоқ»,  «қашып кетейін» деп, тек Қазақстанның шығатын есігін таппай жүр.

Жастар өз болашағына сенімді болу үшін мемлекет оларға нақты мүмкіндіктер жасауы керек. Ол үшін білім, жұмыс, баспана, кәсіпкерлікке қолдау сияқты кешенді шаралар қажет. Керек, керек, 1000 рет керек!

– Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы осы мәселелердің бір бөлігін шеше ала ма?

– Әсілінде, бұл – дұрыс бастама. Әйткенімен ол адам капиталын дамытуға толық жауап бере алмайды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әр балаға қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған. Мұндағы басты мәселе – «Ол ақшаны балалар кейін қайда жұмсайды?» дегенге саяды. Егер білім беру жүйесі, еңбек нарығы дұрыс дамымаса, ол қаражат тиімді пайдаланылмайды.

Бізде мемлекет тарапынан осындай ұзақмерзімді жобалар болғанымен, оның тиімділігі нақты стратегияға байланысты. Егер бұл бағдарлама жастардың сапалы білім алуына, кәсіп ашуына немесе баспана алуына мүмкіндік берсе, онда ол пайдалы болмақ. Бірақ тек қана қаржы жинап беру мәселені түбегейлі шешпейді.

– Президент қоғамдағы әділеттілік мәселесін жиі көтереді. Бұл саяси реформаларға да әсер ете ме?

– Әділеттілік – мемлекеттің тұрақтылығының негізгі факторы. Егер халық билікке сенбесе, әділдікке күмәнданса, ешқандай реформа сәтті болмайды. Өтеген батырдың бір дауда Абылайханға тайсалмай айтқанындай, «Ақ-қарасын айырмаған билікте әділдік жоқ». Сондықтан бұл жерде әділеттілік деген сөз «ақ-қарасын айырып», тек заң немесе сот жүйесіне қатысты емес, ол жалпы мемлекеттік басқару моделіне байланысты.

Қазақстанда соңғы жылдары саяси реформалар жүріп жатыр. Президенттің суперпрезиденттік модельден бас тартып, Парламенттің рөлін күшейтуі – маңызды қадам. Бірақ негізгі мәселе – бұл реформалардың іс жүзінде қалай жүзеге асатынында. Бізде заңдар жиі қабылданып, тек олардың орындалуы баяу жүреді. Менің ойымша, халықтың сенімін арттыру үшін үш нәрсе керек:

Әуелі, саяси процестердің ашықтығы. Халық мемлекет қалай жұмыс істейтінін, бюджеттің қалай жұмсалатынын, шешімдер қалай қабылданатынын білуі тиіс.

Заңның үстемдігі. О, бұл туралы мен «Хан – заң емес, заң – хан» деп, «Ашық алаң» бағдарламасында сөз сөйлеп, елдегі белгілі бір порталға сұхбат та беріп тастадым.

Қалай дегенде де, тоқетері сол, заң-зәкүн бәріне бірдей қолданылмаса, ешқандай әділеттілік болмайды. Олигархтардың заңсыз байып кетуі мен шеттегі капиталының қайтарылмауы, шенеуніктердің жемқорлыққа ұрынуы, утильсбор, МӘМС – бұл әділеттілікке деген сенімді жояды. Әнекей бір олигархтың басы қисайып қалып еді, халық алғыс емес, қарғыс айтып жатыр. Әлемжеліде Нұрлан Жұмаханов деген бір айтқыш бауыр осындай-осындайға қатысты «Дубайдағы виллалар – Қазақстанның саяси фаунасын анықтайтын картадағы нүктеге айналды» деп еді. Қысқасы, айта берсек, мәселе көп.

Ең соңғы да маңыздысы – қоғамдық бақылау. Азаматтар мемлекеттік саясатқа тікелей араласуы керек. Ол үшін де жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейту қажет.

– Қоғамда «Қуатты Қазақстан» концепциясы жиі айтылады. Бұл нені білдіреді?

– Президенттің Бурабайдағы сөзінде «Қуатты Қазақстан» туралы бірнеше рет атап өтілді. Бұл тек экономикалық немесе әскери қуаттылықты ғана білдірмейді. Мұнда кешенді көзқарас бар.

Біріншісі, экономикалық қуат. Қазақстан өзін толыққанды индустриялық-технологиялық державаға айналдыруы керек. Қазір біз шикізат экспортына тәуелдіміз, бірақ бұл модель ұзаққа бармайды. Жоғары технологиялық өндіріс, инновация және ғылымға негізделген экономика құру – басты міндет.

Келесісі, әлеуметтік қуат. Халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік әділеттілік, табыстар арасындағы алшақтықты азайту – маңызды факторлар. Егер қоғамда байлар мен орта тап, жағдайы жоқтардың арасы алшақтай берсе, тұрақтылық болмайды.

Үшіншісі, мәдени және идеологиялық қуат. Ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи сананы жаңғырту, білім мен мәдениетті дамыту – нағыз қуатты ел болудың басты шарттары.

– Мәлім болғандай, Президент бірер жыл бұрын «Жаңа Қазақстан» концепциясын жариялаған еді. Осы бағдарлама өз жемісін бере бастады ма?

– «Жаңа Қазақстан» концепциясы – жақсы бастама болды. Алайда оның нақты нәтижелері әлі толыққанды көріне қойған жоқ. Бұл жерде біз басты үш нәрсені ескеруіміз керек.

Көпшілік айтып жүргендей, «Жаңа Қазақстан» ескі жүйемен құрылмайды. Егер шынайы өзгеріс болсын десек, кадрлық саясат та өзгеруі керек. Бұрынғы шенеуніктердің жаңа реформаларды іске асыруға қауқары жете ме, жоқ па – осы сұрақ маңызды.

Одан соң, экономикалық модель түбегейлі өзгеруі тиіс. «Жаңа Қазақстан» концепциясы тек саяси реформа емес, ол экономикалық трансформацияны да талап етеді.

Сосын, қоғамдық сана да өзгеруі керек. Халықтың мемлекетке деген көзқарасы, азаматтық белсенділігі, жауапкершілігі артуы тиіс. Егер адамдар тек мемлекеттің көмегін күтіп отыра берсе, ешқандай «Жаңа Қазақстан» болмайды.

– Қорытындылай келе, Қазақстанның болашағына қатысты сіздің басты ұсыныстарыңыз қандай?

– Өз басым, 7 тұрғыға басымдық берген болар едім:

- Білім реформасын шынайы өзгерістермен жүргізу.

- Атом энергетикасын қандай да бір геосаяси қатерлерсіз дамыта отырып, жасыл экономикаға көшу.

- Көлік-логистикалық секторда мықты хабқа айналу.

- Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру.

- Жемқорлықпен күресті күшейтіп, заңның үстемдігін орнату.

- Жастарға нақты мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру.

- Сосын, мынау жария етілген «Ішкі саясат тұжырымдамасы» да жақсы дүние сияқты. Оны барынша халықтық ету.

Егер осы ұсыныстар жүзеге асса, Қазақстан шын мәнінде қуатты, әділетті және дамыған мемлекетке айналады. 1991 жылы басталған «Уәдебиет» дәуірін аяқтап, ел болып оянып, енді сөзден іске көшу қажет. «Солай болады» деп сенемін, «солай болады» деп әрекет етейік!

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Динара Нұрболат

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер