– Ұлттық Құрылтайдың маңыздылығы туралы әртүрлі пікір бар. Кейбіреулер оны ел дамуына серпін беретін диалог алаңы деп санайды, ал басқалары оны биліктің кезекті саяси спектаклі ретінде бағалайды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Ұлттық Құрылтайдың форматы бастапқыда халық пен билік арасындағы диалогты күшейтуді көздегендей болды. Бірақ іс жүзінде бұл жиынның халықтық сипаты әлсіз. Өйткені ол биліктің бақылауында, қатысушылардың басым бөлігі қоғамның өткір мәселелерін көтеретін тәуелсіз белсенділер емес, билікке жақын адамдар.
Егер бұл нағыз халықтың Құрылтайы болса, онда оған әр аймақтың үнін теңдей қамтамасыз ететін шынайы өкілдері қатысуы керек еді. Яғни, қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар, пікірін ашық білдіретін азаматтар. Ал бізде бұл жиын жоғары жақтың алдын ала дайындаған баяндамаларын тыңдайтын, эмоциясы басым, алайда іс жүзінде өзгеріс әкелмейтін отырысқа айналды.
– Сонда сіз Құрылтайдың халықсыз өтіп жатқанын айтқыңыз келе ме?
– Былай қарасаң халық бар сияқты. Олай қарасаң халық жоқ сияқты. Қай бұрыш-ракурстан қарағаныңа байланысты. Визуаль түрде ол жерде халық нөпір болып отыр. Дегенмен ол отырғандардың мазмұны халық па? Міне, мәселе қайда жатыр! Бізде кейінгі жылдары кез келген жиынды «Құрылтай» деп атау сәнге айналды. Осындай киелі ұғымды оңдыға да, оңсызға да таңып, қадір-қасиетін де біраз түсіріп алдық. Билік те халықтың сұранысын естігендей болып, жаңа институт құра салды. Бірақ оның функционалдығы қандай? Ол шын мәнінде өзгерістерге ықпал ете ме? Бұл сұрақтардың жауабы күмәнді.
Мысалы, осы Құрылтайда утильсбор, МӘМС, жемқорлықпен күрес, капиталды қайтару сияқты нақты мәселелер қызу талқылануы керек еді. Алайда бұлар жай ғана формальды айтылып өтті немесе мүлде қозғалған жоқ. Яғни, бұл мәселелерді шешуге шынайы ниет жоқ.
Осы жерде маған әлеуметтік желі қолданушысының мына бір пікірінің ұнағанын айтқым келеді. Есімін жазып алмаппын, бірақ қойын кітапшама түртіп алдым. Ол: «Құрылтайдың қадір мен қасиетін түсірген өзіміз. Болмайтын жиындарды «Құрылтай-құрылтай» деп жүріп, ақыры, биліктің қолдарына ұстатып бердік. Әйтпесе бұндай жиынды Астанада «Өкімет отырысы» деп атқара салатын нәрсе ғой. Айғайлап-шуламай, қаншама ақша шашпай-ақ. Оларға жақсы, Бурабайда дем алып қайтады. Тағы бір қоғамды дамыту институтын қолдарына ұстатып бердік, халықсыз, қоғамдық ұйымдарсыз ол қандай құрылтай?!», – деген-ді.
Ел ішінде де айтқыштар көп, ә?! «Халық айтса қалып айтпайды».
– Бірақ Құрылтай сияқты платформаларсыз билік пен халық арасындағы диалог қалай орнауы керек?
– Меніңше, Құрылтай идеясы дұрыс, әйтсе де оның форматы өзгеруі керек.
Құрылтайға тәуелсіз азаматтық қоғам өкілдері, белсенді сарапшылар, кәсіби экономистер, заңгерлер көбірек қатыстырылуы тиіс. Мәселен, анау Бурахан Дақанов деген солтүстік аймақтарға ел шақырып жүрген бұқара ішінен шыққан қарапайым жігіт Ұлытау Құрылтайынан бері есік-терезесінен сығалап, кіре алмай жүр. Мұндай бастамашыл азаматтар қаншама? Олардың қаншауын ана топ арасынан көріп отырсыз? Санасаңыз бір қолдың саусағы да жетіп қалар.
Әсілінде, тек үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, шын мәнінде халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін тұлғалар сөз алуы керек.
Сосын, айтылғаны айтылған жерде қалмай, Құрылтай шешімдері міндетті түрде іске асуы керек. Қазір бұл тек кеңесу органы ретінде жұмыс істейді. Ал нақты мәселелер жабық кабинеттерде шешіледі.
Қалай дегенде де, халықтың шынайы сұранысы мен талаптары басты назарда болуы тиіс. Билік үшін ыңғайлы тақырыптар ғана емес, шынайы проблемалар күн тәртібіне қойылуы керек.
– Сонда қазіргі Құрылтайды «уәдебиет» деңгейіндегі жиын деп санауға бола ма? Өзіңіз Құрылтай өтіп жатқан кезде фэйсбук парақшаңызда осындай бір қызық жаңа сөзді пост қып талқыға шығарып, тәпсірлеп қойыпсыз.
– Иә, бұл – классикалық «саяси уәдебиет». Бізде тәуелсіздік жылдары нақты реформа жасаудан гөрі, әдемі сөз айту өнері жетілді. Халыққа «жаңа кезең», «жаңа бетбұрыс», «жаңа Қазақстан» деген уәде беріледі, тек сол сөздердің астарында жүйелі өзгеріс жоқ.
Билік диалог орнатқандай кейіп танытады, бірақ шын мәнінде шешімдер біржақты қабылданады. Бұл – демократиялық басқару принципіне қайшы. Құрылтай шынайы өзгеріс құралы болуы үшін оның құрамын, жұмыс принциптерін түбегейлі қайта қарау қажет.
– Билік мұны өзгертуге мүдделі ме? Айталық, күні кеше ғана Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Жиын Президенттің реформаларын іске асыру мен мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңіне арналды. Оған Мәжіліс депутаттарымен бірге омбудсмендер, мәслихаттар мен саяси партиялардың төрағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшелері мен БАҚ жетекшілері қатысты. Бұған қатысты да не дейсіз?
– Егер халық сұранысты күшейтпесе, ештеңе өзгермейді. Билікке халықтың үнін естуге мүмкіндік беру керек емес, оны тыңғылықты тыңдап, естуге мәжбүрлеу керек. Бұл – азаматтық қоғамның басты міндеті. Құрылтай шынымен халықтың үні болсын десек, оның шынайы реформасын талап етуіміз қажет. Әйтпесе біз тағы да әдемі уәделер мен нәтижесіз жиындарға куә боламыз.
Ал екіншіден, Мәжілістің жалып отырысы мәселесі – «No comment». Оның да жауабын алдыңғы Құрылтайға қатысты сұрақтарда жауап беріп кеттім деп ойлаймын. Қайталану не керек?! Барлық жерде мазмұны да халық халық отыруы керек. Имитация керек емес, халық қаласа хан кез келген сәтте түйесін де, биесін де союға әзір болуы тиіс.
Қазір біз «Қазақ, қазақ емес» деп әлемдік тарихи-зияткерлік көкпар қылып жүрген, қазақ хандарының түп атасы Шыңғыстың өзінің осы Ұлттық Құрылтайда сайланғанын ұмытпасақ керек-ті.
Жылнамаларға қарағанда, Ұлы даланың бүтін қағандық билігіне тегі жағынан онымен таласа алатын тағы үш кісі үміткер болған. Ел-жұрт – ер-әйел, бай-кедей, жас-кәрі, батыр-би демей, Онон өзені бойында Құрылтай ашып, қайсысына басымдық берерін білмей дағдарып, ақырында бір данышпан ақылына жүгінген. Данагөй: «Анау өзен үстіндегі тұманды көресіңдер ме? Осы тұманға садақтарыңды іліңдер. Кімнің садағы ілініп қалса, сол әмірші болады» деген шешім шығарады.
Содан сол, төрт ханзада өзендегі тұманға жақындап келіп, оған садақтарын іле бастайды. Үшеуінің садағы бірден жерге құлап түсіп, ал Шыңғыстың садағын тұман ұстап қалады. Сол кезде дана жұртты жинап, бос кеңістікте ілулі тұрған садақты көрсетіп: «Көрдіңдер ме, тұман садақты ұстап тұр. Бұл – Көк Тәңірінің әмірі. Оны хан қылыңдар!», – дейді. Осылайша, Шыңғыс «хан» болып сайланып, әбден күйзелген киіз туырлықты елдердің басын қосып, тегеурінді де темірлі ұлық ұлыс етеді. Біршама уақыт өткенде елдегі жұрт тойынып, көңілдері жайланады. «Мәңгі ел» құрып, дүниені сілкіндіреді. Тіліміздегі «Садағын сағымға ілген» дегеннің мәні осы.
Халық шешімі – ол да концентрацияланған қуат. Ол әділетті қабыл алынатын болса, берекесі мен мерекесі болады. Мемлекет табысқа жетеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Динара Нұрболат