TEKNOFEST 2025: Жастарға шабыт берген технология мерекесі
04.05.2025, 09:44

TEKNOFEST 2025: Жастарға шабыт берген технология мерекесі

1-4 мамыр аралығында Лефкошада TEKNOFEST 2025 фестивалі өтіп жатыр.

Әлемдегі ең ірі инновация, авиация және жаңа технология фестиваліне 22 елден 1000-нан астам қатысушы жиналған. Бұл халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастық пен жас буынға қолдау көрсетудің нақты көрінісі.

Фестиваль Түркияның T3 технологиялық қоры мен Өнеркәсіп және технология министрлігінің ұйымдастыруымен, мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар және университеттердің қолдауымен өтуде. Бағдарлама жасанды интеллект, инжиниринг, туризм, білім беру және тұрақты инновациялар сияқты маңызды салаларды қамтиды.

Бүгін Технофест алаңына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы келді. Ол инновация, технология, жасанды интеллект бағыттары бойынша стартап жоба ұсынған үздік жастарды марапаттап, жетістіктеріне жоғары баға беріп: «Ел дамуына мықты технологиялық серпін беретін әрбір жасқа шын жүректен алғыс айтқым келеді. Біз сіздермен мақтанамыз», – деді. Сонымен қатар, Президент өз сөзінде: «Түркия ұшқышсыз ұшу аппараттары технологиясы бойынша әлемдегі алдыңғы үш елдің қатарында. Біз бұл бағыттағы жұмысты сол қарқынмен әрі табандылықпен жалғастыра береміз», – деген болатын.

«TEKNOFEST – бұл болашаққа деген инвестиция. Фестивальде жастар өте көп.  Шараға келген әр бала жаңа технология, заманауи инновацияларды көзімен көріп, қолымен ұстай алады. Мысалы, бүгін ұшақты көрген бала, ертең ғарыш бағдарламасын жасап шығарады. Дәл осы жастар әлемді өзгертеді», – деді TEKNOFEST төрағасы Сельджук Байрактар. Ол жоғары технологиялар мен жасанды интеллекттің жаңа әлемді қалыптастырудағы рөліне де тоқталды.

Биылғы фестивальге 47 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Финалға 268 командадан 1 083 қатысушы өткен. Байқаулар алты негізгі бағыт пен 13 санатты қамтиды. Oлардың қатарында аэрокосмостық технологиялар, робототехника, бағдарламалау және басқа да заманауи салалар бар.

Финалға шыққан командалар қатарында Қазақстан жоқ. Дегенмен, T3 қорының басқарма төрайымы Эльван Кузуджу Хыдыр алдағы жылы қазақстандық стартаптар мен командалардың саны артады деген сенім білдірді. Оның айтуынша, жақын арада Қазақстанмен бірлескен іс-шаралар өтеді, сонымен қатар T3 қорының Қазақстанға сапары жоспарланған.

«Біз қазақстандық жастардың әлеуетіне сенеміз. Келесі жылы фестивальде олардың жобаларын көреміз деп үміттенеміз», – деді ол.

Фестиваль Эрджанның бұрынғы әуежайы аумағында өтіп жатыр. Мұнда 116 стенд орнатылған. Келушілер Bayraktar AKINCI, TB2, HÜRKUŞ, ANKA, AKSUNGUR ұшқыш аппараттары мен ATAK тікұшағының әуеде көрсетілімін, сондай-ақ Turkish Stars және SOLOTÜRK ұшқыш топтарының шоуын тамашалай алады. Фестивальдің ұраны — «Жер үстінде қалықтаған жалғыз фестиваль». Яғни мұнда шын мәнінде солай екенін көруге болады.

TEKNOFEST алғаш рет 2018 жылы өткізілген. Бұл фестиваль жоғары технологиялық салаларды дамытуға ықпал етіп қана қоймай, әділетті және өркендеген болашақ құруға деген сенімді нығайтады.

Бұл ретте Қазақстан мен Түркия арасындағы технологиялық әріптестіктің тереңдеуі де маңызды. 2024 жылы Baykar Defence компаниясы Қазақстанда дрондар мен оқ-дәрілерді бірлесіп өндіру бойынша келісімге қол қойды. Келісім SAHA EXPO-2024 көрмесінде жасалып, екі ел арасындағы технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарды.

TEKNOFEST 2025 – бұл ғылым, технология және прогреске ұмтылысты біріктірген алаң. Ол болашақтың бүгіннен басталатынын дәлелдейді.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер